Қазақша   Русский

RSS-лента

Ақтөбеде жергілікті масштабтағы табиғи сипатқа байланысты төтенше жағдай жарияланды

Мұндай шешім Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановтың төрағалығымен өткен төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның шұғыл отырысы кезінде қабылданды. Отырыста тасқынға қарсы іс-шаралар жан-жақты талқыланды.

Кешегі күннің мәліметіне сәйкес, Ақтөбе қаласында 283 саяжай аумағында салынған үйді су басты. Оның бесеуі — қираған. 734 адам қауіпсіз жерге көшірілді.

— Қазір облыстағыдай Ақтөбе қаласында да көктемгі су тасқынына қарсы шаралар жүзеге асырылып жатыр. Көктемгі су тасқыны Ақтөбе қаласы айналасындағы саяжай учаскелеріне қауіп төндіріп тұр. Қазіргі күні су тасқынына қарсы штаб, өзге де құзырлы органдар жедел алдын алу шараларын жүргізуде. Ең басты мәселе — су басқан, су басу қаупі бар аймақтардағы халықты қауіпсіз жерлерге көшіріп, олардың мүліктерін сақтау, су сору жұмыстарын жандандыру керек. Қала әкімдігі мен жергілікті полиция қызметі, төтенше жағдайлар департаменті мамандарының су басу қаупі бар аймақтарға жүргізген тексерулері көпшілік тұрғындар үшін пәлендей нәтиже берген жоқ. Өйткені қауіпті жерлерде тұратындар үйін әбден су басқанша, ол жерден қозғалар емес. Соның бір дәлелі, 15 сәуір күні түнгі сағат 3-те су басқан аймақтағы тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру үшін полицейлерді қайықпен жіберуге тура келді. Әрине, су басқан аймақта қалған жануарларды құтқару да бүгінгі күні өзекті мәселе болып тұр, — деп Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов «Ақбұлақ», «Трансэнерго» мекемелерімен қатар, өзге де кәсіпорындардың қиын жағдай кезінде бір кісідей атсалысып, халықтың қауіпсіздігі үшін жұмыла жұмыс жасап жатқандарына рақметін айтты. Өйткені мұндай кәсіпорындар өз тараптарынан арнайы техникамен қамтамасыз етуге қол ұшын беріп жатқан көрінеді.

Ілияс Испановтың айтуынша, қала аумағында су тасқынына қарсы жедел іс-шаралар әлі де жалғасуда. Су басқан учаскелерге арнайы техникалардың көмегімен инертті материалдар тасымалданып, қиыршық тас төгілуде. Ал кері қайтарда, сол көліктерге су астында қалған үйлердегі тұрғындардың қажетті мүліктері тиелуде.

— Қазіргі күні 150-ге тарта арнайы техника жұмылдырылуда. Сонымен қатар 20-ға тарта экскаватор, тиегіш, 100-ге тарта су сору техникалары іске кірісті. Сондай-ақ, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 10 автобусты резервке қойдық. Су басқан аймақтарда тұратын адамдарды қауіпсіз жерге көшіретін орталықтар арнайы ұйымдастырылды. Үш тәуліктен бері орталық нақты көмекті қажет ететін адамдарды қабылдап жатыр. Орталықта адамдарға жатын орын мен ыстық тамақ ұйымдастырылған. Бүгінгі күні, орталық әлі де 300 адамды қабылдауға мүмкіндігі бар, — деді І.Испанов.

Қала әкімінің айтуынша, Ақтөбе қаласы орталығы үшін тасқыннан ешқандай қауіп жоқ. Бүгінгі күні проблема тудырып тұрған басты мәселе — Сазды су қоймасына су деңгейі шамадан тыс жиналған. Бүгінгі күні Сазды су қоймасындағы дамбы реттелмейді, оған арнайы қорғау құрылғысы орнатылған. Бұл құрылғы автоматтандырылған режимде жұмыс жасайды, яғни жиналған судың артығын төменге ағызады.

— Қазір Сазды су қоймасында су деңгейі көтерілді. Соған байланысты, Ақтөбе қаласы территориясында осы Сазды каналы арқылы Нокин даңғылының төменгі жағалауын тұрақты бақылауда ұстау проблемасы туындады. Елек өзенінде де су деңгейінің көтерілуіне байланысты сол аймақтардағы саяжай учаскелерін су басу мәселесі туындады. Қазіргі күні осы мәселелер бойынша құзырлы органдар, штаб, арнайы құрылған комиссия жұмыс жасап жатыр, — деді қала әкімі.

Жиында І.Испанов қала әкімі аппаратының басшысына комиссия құрып, істі тұрақты бақылауға алуды тапсырды. Оның айтуынша, комиссия мобильді түрде жұмыс атқаруы керек. Комиссия мүшелері қажетті әрі нақты ақпараттар жинап, тасқын салдарынан келтірілген шығын көлемін анықтауы тиіс.

Жиында Ақтөбе қаласының төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Е.Овчарский тасқынға байланысты 16 сәуір күнгі таңғы сағат 8.00-дегі жағдайды баяндады. Оның айтуынша, бүгінгі күні қала аумағындағы 283 саяжай үйі мен ауласын су басқан. 5 саяжай үйі қирап, 734 адам құтқарылған.

—Бүгінгі күні су басқан аймақтардағы халықты қауіпсіз жерге орналастыру үшін мектеп базаларында 12 пункт ұйымдастырылды. Қазір 3 пункт 117 адамды қабылдады. Оның 37-і — бала. Қалған 625 адам туыстары мен таныстарының үйіне кетті, — деді Е.Овчарский.

Қазір тәулігіне Елек өзенінің суы — 30 сантиметрге, Қарғалы өзеніндегі су деңгейі — 90 сантиметрге, Сазды су қоймасы — өзгеріссіз 36,5 сантиметрге, Жіңішке өзені — 45 сантиметрге, Бұтақтың суы тәулігіне 40 сантиметрге көтерілуде.

Елек өзеніне Тамды, Жіңішке және Жаман Қарғалы өзендерінің реттелмейтін салалары құяды. Үш ірі өзен суының жиналуымен Електің жалпы су көлемі — 595 текше метр. Е.Овчарскийдің айтуынша, өзенге түнгі мезгілде су көп жиналып, күндіз азаю үрдісі байқалады.

— Бүгінгі күні тұрғындарға әлеуметтік желі, телеарналар мен SMS-хабарламалар арқылы төтенше жағдайға байланысты ескерту жұмыстары ұйымдастырылып, хабарлануда. Сондай-ақ, суға кету қаупі бар аумақтарға барып, тұрғындарға түсіндіру, сақтандыру шаралары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда 706 аулаға жағдай хабарландырылды, өзендерге жақын орналасқан, яғни қауіпті аймақта тұрып жатқан 513 адам қауіпті жерге көшірілуден бас тартты, — деді Е.Овчарский.

Е.Овчарский Ақтөбеде жергілікті масштабтағы табиғи сипатқа байланысты төтенше жағдай орын алғанын айтты. Соған байланысты ол төтенше жағдай жариялау қажеттігін айтып, су тасқынын және оның салдарын жою үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлінуін сұрады.

Жиында «Қазсушар» Ақтөбе филиалының директоры Бекзат Наметов Ақтөбе, Сазды, Қарғалы су қоймаларының бүгінгі жағдайын баяндады. Оның айтуынша, мұндай жағдай Ақтөбеде осыдан 19 жыл бұрын болған. «Қалада осындай жағдай 1993 және 1998 жылдардағы көктемгі су тасқыны кезінде болды», — деді Б.Наметов.

Сондай-ақ, жиында Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Нағымжан Алдияров

қалыптасқан жағдайға байланысты баяндап, су басу қаупі бар аймақтарды картадан көрсетті.

Жағдайға байланысты толық ақпарат алған қала әкімі І.Испанов қала территориясында жергілікті масштабтағы табиғи сипатқа байланысты төтенше жағдай жариялап, өзінің орынбасарлары мен су тасқынына қарсы штабқа нақты тапсырмалар жүктеді.

Арайлым НҰРБАЕВА
«АҚТӨБЕ» газеті

Бағдарламалар

Баннеры

030000, Қазақстан Республикасы, Ақтөбе қ., Т.Ахтанов к-сі, 50