Қазақша   Русский

RSS-лента

Жағдай біршама тұрақталды

Облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның отырысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев су тасқыны ахуалымен танысқаннан кейін осындай түйін жасады.
Бұл жиынға ҚР Президенті Әкімішілігінің мемлекеттік инспекторы Шалқар Байбеков қатысты.
— Жалпы су тасқыны облыс аумағында сәуір айының он төртінде басталды. Ал 16 сәуірде Ақтөбе қаласы бойынша төтенше жағдай жарияланып, тиісті қызмет салалары жедел қызметке кірісті, арнайы комиссия жұмыс істей бастады. Біздің есебімізше 500-ден астам саяжайға су кірген. Олардың көбісі өзен арналары аумағында орналасқан. Мен су тасқынынан зардап шеккен адамдармен кездесіп, пікірлестім. Ең негізгісі — біз ешкімді де қолдаусыз қалдырмаймыз, — деді облыс басшысы.
Қазіргі уақытта су тасқыны болуының себептері зерттелуде. Соңғы төрт күн ішінде Қарғалы су қоймасына 164 миллион текше метр су жинақталған, ал Ақтөбе су қоймасындағы су мөлшері 285 миллион текше метрге жеткен. Ал ауа райын болжау қызметтерінің алдын ала болжамдық деректері басқаша болған. Қоймаларда жинақталған су өзен арнасымен белгілі бір мөлшерде жіберіліп, қауіптің болмауы ескерілді.
Судан зардап шеккендердің қауіпсіз мекенде орналасуы ескеріліп, алдын ала осы мақсатта мың адам орналаса алатын алты мектеп ғимараты әзірленді.
Ақтөбе облысы бойынша төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Бауыржан Сыздықов облыстағы су тасқынына қатысты ахуалды баяндап, алынып жатқан шаралар туралы айтып берді. Ол Елек, Қарғалы және Ырғыз өзендеріндегі жағдайдың бақылауда екенін жеткізіп, су деңгейі екі сағат сайын өлшеніп тұрғанын мәлімдеді. Төтенше жағдайға байланысты қазіргі уақытта 13 штаб жұмыс істеуде, олардың алдындағы міндеттер нақты белгіленген. Тұрғындардан осы күндерде 1834 өтініш түсіп, сол мәлімдемелер бойынша жұмыстар жүргізілуде.

«Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Ақтөбе филиалының директоры Бекзат Нәметов мұндай төтенше жағдай облыс аумағында соңғы рет 1993 жылы болғанын еске салды. Ол су тасқыны қаупі орын алған күнге дейін қоймаларда бос сыйымдылықтар сақталғанын, бірақ төтеннен көбейіп кеткен ағын су мөлшерінен жағдайдың күрт өзгергенін айтты.
Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов су тасқыны зардаптарына қарсы күрес шараларына қосылған адам күші мен техника мөлшеріне тоқталып, алдын ала атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларға да тоқтала кетті.
Тікелей байланыста Қарғалы, Ырғыз, Әйтеке би, Мәртөк және Алға аудандарының әкімдері өздері басқаратын өңірлердегі ахуалды баяндап, атқарылған жұмыстар жөнінде дерек берді.
Облыс басшысы қазіргі уақытта өңірде жағдайдың біршама тұрақтылығын айтты. Соған қарамастан қырағылықты бәсеңдетуге болмайтындығына ерекше тоқталды. Облыстық ішкі істер департаменті басшылығына тәулік бойы күзет ұйымдастыру, сөйтіп, тұрғындардың су басқан саяжайларындағы мүліктерін қорғау, олардың қолды болмауын қадағалау тапсырылды. Алдағы уақытта жұртшылықтың хабардарлығын ұдайы назарда ұстау, жедел байланыс желілерінің қызметін жақсарта түсу, қажет болған жағдайда барлық күштерді, техниканы пайдалану қажеттігі міндеттелді.
Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында жалған деректер берілуі жұртшылық дүрлігуіне жол ашатындығын айтқан облыс әкімі хабарлардың ақиқат, нақты болуы дұрыс екенін еске салды.
— Зардап шеккендердің мәселелері арнайы құрылған комиссияда қаралады. Өтемақы жайы Үкімет қаулыларына сәйкес шешіледі. Біз үшін ең бастысы — адам факторы. Қала тұрғындары, еріктілер, кәсіпкерлер, басқа да қоғамдық ұйымдар өкілдері, мекеме-кәсіпорын басшылары өз көмектерін көрсетуде. Сол үшін барлығыңызға алғыс білдіремін, — деп жиынды тұжырымдады облыс басшысы.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.
«АҚТӨБЕ» газеті

Бағдарламалар

Баннеры

030000, Қазақстан Республикасы, Ақтөбе қ., Т.Ахтанов к-сі, 50