Қазақша   Русский

RSS-лента

Облыс әкімі су басқан ауылдарға барды, сенбілікке қатысты

Сенбі күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов су басқан бірқатар елді мекендерді аралап, облыс орталығында жүргізілген сенбілікті бақылады.

Жер беріледі, көмек көрсетіледі

Алдымен облыс әкімі мен шаһар басшысы Благодар селолық округіне қарасты Садовый ауылына барды. Бұл ауылда су тасқыны кезінде Қарғалы өзенінің арнасына жақын орналасқан екі үйге су кірген. Бердібек Сапарбаев су кірген үйлерді өз көзімен көріп, алдағы уақытта арнайы комиссия кеткен шығынды анықтап, тексеретінін, содан кейін оларға көмек көрсетілетінін жеткізді.

Благодар ауылдық округінің әкімі Бақұзақ Дариннің айтуынша, Садовый ауылының үстімен ағып жатқан Қарғалы өзенінің арнасы сонау 1988-1989 жылдары тасыған. Одан кейінгі жылдары ауылға су кірмеген.

Бұдан кейін Бердібек Сапарбаев Жаман Қарғалы өзені бойында орналасқан «Сейсмик» бау-бақша ұжымына барды. Алдымен өңір басшысы осы жерден ағып жатқан Жаман Қарғалы өзенінің арнасын қарап, Қарғалы селолық округінің әкімі Алмаз Әлімбаевқа өзен жағасының тазалығы үнемі назарда болу керектігін айтты. Округ әкімінің айтуынша, бұл жерде алдағы уақытта спорт алаңы жасақталып, тұрғындардың демалуына, спортпен шұғылдануына жағдай жасалады.

— Осы аумақтағы тұрғындар мен демалыс орындарының қызметкерлері сенбілік ұйымдастырып, өзен жағасын үнемі күл-қоқыстан тазартып отыруы керек. Әсіресе, осындай уақытта тазалық жұмыстары тиянақты жүргізілуі керек, — деді облыс басшысы.

Бердібек Сапарбаев осы аумақта колледж, мектеп оқушыларының қатысуымен жүргізіліп жатқан сенбілікті қарап, жергілікті кішкентай тұрғын Айдос Нұрланұлымен бірге ағаш екті. Кішкентай баланың сенбілікке қатысып, белсенділік танытқанына риза болған облыс басшысы жиналғандарға оны үлгі етіп, әр тұрғын қаланың көркеюіне өз үлесін қосуы керектігін жеткізді.

Бердібек Сапарбаев Ақжар-1 ауылындағы «Солнышко» бау-бақша ұжымында суға кеткен үйлерді аралап, қарап шықты. Бау-бақша ұжымы тұрғындарының айтуынша, Қарғалы өзенінің салаларынан келген су 70 сантиметрге дейін көтеріліпті. Соның салдарынан үйлерге су кіріп, дүние-мүліктерін бүлдірген.

Облыс әкімі бұдан кейін «Өрлеу» ауылына барып, су тасқыны кезінде үйлерін су басқан тұрғындармен кездесті. Бұл ауылда шетте орналасқан, саманнан салынған үш үй суға кеткен. Қабырғалары жарылып, құлағалы тұр. Судан зардап шеккендер қазір ауылдағы мектепте тұрып жатыр.

Үйі суға кеткен өрлеуліктің бірі — Ауданбай Жолдыбай. Төрт баласы бар отбасы осыдан бірнеше жыл ғана бұрын ауыл шетінен үй салып, кіріпті. Саманнан салынған үй тасқынға төтеп бере алмаған.

Тұрғындардың жағдайын өз көзімен көрген облыс басшысы:
Бұл үйлерді енді бұзу керек. Барлығыңызға ауылдың орталығынан жер беріледі, құрылыс материалдары жағынан да көмектесеміз. Қалғанын өздеріңіз үйлестіріп, үй салып аласыздар. Сіздерді 3-4 ай уақытша мектепке орналастырады. Күзге дейін ағайын-туысқан, жора-жолдасты жинап, үй салып алу керек. Қазақта «асар» деген сөз бар. Сондықтан барлығыңыз жұмылып, баспана салудың қамына кірісіңіздер. Біз тезірек жер мәселесін шешіп береміз, — деді.

Бердібек Сапарбаев Кірпішті ауылындағы «Эко» бау-бақша ұжымында суға кеткен үйлерді де аралады. Тұрғындармен тілдесіп, олардың жағдайын біліп, үйлерін қарады. Облыс басшысы тұрғындарға келесі аптада арнайы комиссия үйлерді қарап, кеткен шығындарды анықтайтынын, комиссия шешіміне сәйкес көмек көрсетілетінін айтты.

— Негізінен, бау-бақша ұжымына үй салынбауы керек. Бұл — өте қауіпті. Алайда тұрғындардың көбі бұл жерге зәулім-зәулім үй салып тастаған. Енді келіп, су тасқынынан зардап шегіп отыр. Біз комиссияның жүргізген жұмыстарынан кейін, ең алдымен, үйлерін су басқан жағдайы төмен отбасыларға көмектесеміз. Одан кейін тұрмыс жағдайына қарап, арнайы комиссияның шешіміне сәйкес басқаларына көмек береміз. Он-он бес күнде комиссия барлық ауданды аралап, үйлерді тексеріп шығу керек, — деді Б.Сапарбаев.

Жаңа сквер және аллея

Бұл күні өңір басшысы Бөкенбай батыр көшесіндегі сквер салынатын аумаққа да барды. Қала әкімінің айтуынша, сквер аумағында демалатын орындар, балалар алаңы жасақталмақ. Сквер жыл аяғында пайдалануға беріледі.

Сквердің құрылысына «TALAN technology» ЖШС-ның термо-сығымдалған плиткалары пайдаланылады. Аталған компания жоғары сапалы өнім шығарады, сондай-ақ өнімдерін Ресейге экспорттайды.

«TALAN technology» ЖШС бас директоры Василий Лагизовтің айтуынша, плиткалардың жарамдылық мерзімі — 5-10 жыл.
Плитканың екі түрі бар: резеңке плитка және сығымдалған плитка. Резеңке плитка балалар алаңына арналған. Олар балалар құлағанда олардың жарақат алмауына арналып жасалған. Ал сығымдалған плитка сквер, жаяу жүргіншілер жолына арналған. Олардың бағасы да әртүрлі. Атап айтсақ, резеңке плитканың 1 шаршы метрінің бағасы 6615-7350 теңге аралығында болса, скверге арналған плитканың бір шаршы метрі — 5476-6141 теңге, — дейді ол.

Василий Лагизовтің айтуынша, мұндай плиткалар біздің елімізде тек Ақтөбеде ғана өндіріледі. Қазір қаладағы супермаркеттердің басшылары термо-сығымдалған плиткаға ерекше қызығушылық танытып отыр.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Әлия Молдағұлова даңғылындағы «Банк Касса Нова» АҚ мен «Еркесылқым» сән үйінің аумағында облыстық білім басқармасы жүргізіп жатқан сенбілікке қатысып, ұстаздар мен оқушылармен бірге ағаш екті. Облыстық білім басқармасының басшысы Сәуле Өмірбекова облыс басшысына биылғы жылы осы аумақта «Мұғалімдер» аллеясы салынатынын айтты.

Айта кету керек, бүгінгі күні облыстағы барлық елді мекендерде аумақтарды тазалау және көгалдандыру бойынша үш айлық жүріп жатыр. Сондай-ақ қала аумағында суға кеткен жерлерді санитарлық тазалауға арналған сенбіліктер ұйымдастырылып, оларға мемлекеттік қызметкерлер атсалысуда. Үш айлық аясында алдағы уақытта облыс орталығындағы барлық саяжайлар мен аулаларда, құрылыс нысандары мен саябақтарда, жолдарда тазалық жұмыстары жүргізіледі.

Бердібек Сапарбаев тасқын кезінде су шайып кеткен Бекқұл баба ауылына баратын жолды барып көрді. Қазір осы жолдың бойындағы көпір апаттық жағдайда тұр. Көпірдің астымен Жаман Қарғалы өзені ағып жатыр.

Ауылға баратын жол мен көпірге «Ассана Дорстрой» ЖШС жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Көктемгі су тасқыны кезінде өзеннің суы көпірмен деңгейлес толып, жолды шайып кеткен. Соның салдарынан қазір көпір апаттық жағдайда тұр. Ал жолдың жалпы

аумағы — 960 шаршы метр. Ұзындығы 160 метр, ені — 6 метр. Қазір жөндеу жұмыстары жасалып жатыр, — дейді мердігер ұйым басшысы.

Данагүл ҚАЗИХАН
«АҚТӨБЕ» газеті

Бағдарламалар

Баннеры

030000, Қазақстан Республикасы, Ақтөбе қ., Т.Ахтанов к-сі, 50