Қазақша   Русский

RSS-лента

Тасқыннан зардап шеккендерге Қызылорда облысынан 60 тонна азық-түлік жеткізілді

Су тасқынынан зардап шеккендер үшін «Қолғанат Ақтөбе» қоры жанынан ашылған Сәңкібай батыр даңғылы, 26 «д» мекенжайындағы қоймаға Қызылорда облысынан 8 «КамАЗ» жүк көлігіне тиелген 60 тоннадан астам азық-түлік жеткізілді.
Қоймаға келген азық-түлікті Т.Бигелдинов атындағы әуе қорғаныс күштері әскери институтының курсанттары түсірді.
— 18 сәуір күні Қызылорда облысының жастары су тасқыны болған аймақтарға көмек көрсету үшін үндеу жариялады. Жастардың бұл үндеуін облыстағы кәсіпкерлер мен кәсіпорын басшылары бірауыздан қолдап, өздерінің үлесін қосты. Соның нәтижесінде облыс орталығы мен облыстағы жеті ауданда 8 гуманитарлық көмекті қабылдау пункті ашылды. Пунктер 5 күн жұмыс жасады. Нәтижесінде бүгін, міне, Ақтөбе қаласына 60 тоннадан астам азық-түлік өнімін әкеліп отырмыз. Ақтөбе облысы біздің өңірмен шектесіп жатқандықтан, алғашқы көмекті осы өңірден бастадық, — дейді Қызылорда облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Еркебұлан Меңлібаев.
Оның айтуынша, Қызылорда облысынан жеткізілген азық-түліктің басым бөлігі — күріш, макарон өнімдері, картоп, пияз, күнбағыс майы, ұн, сондай-ақ киім-кешек те бар.
— Биыл елімізде су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға қаржылай көмек көрсету үшін біздің облыста «Қызылорда игілік» кооперативтік қорынан есепшот ашылды. Қазір облыстағы кәсіпорындар мен мекемелердің қызметкерлері бір күндік жалақыларын өз еркімен аударып жатыр. Есепшот 1 мамырға дейін ашық болады, — дейді Е.Меңлібаев.
Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Ләззат Оразбаеваның айтуынша, Қызылорда облысынан жеткізілген азық-түлік алдағы уақытта қоймаларға орналастырылып, бір аптадан кейін арнайы комиссияның шешімімен зардап шеккен отбасыларға үлестірілетін болады.

Бағдарламалар

Баннеры

030000, Қазақстан Республикасы, Ақтөбе қ., Т.Ахтанов к-сі, 50