Қазақша   Русский

RSS-лента

Ақтөбе облысының басшылығы тасқыннан зардап шеккендерді баспанамен қамту үшін барлық шараларды қолдануда

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев 5 жанұяға «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы жаңа пәтерлердің кілтін табыстады.

- Біз уәде бергендей ешкім назардан да, қолдаудан да тыс қалмайды, әрине Заң аясында. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды бастап кеттік. Комиссия отбасылармен жеке-жеке жұмыс істеп, олардың материалдық жағдайын қарастырып, әрбір үй бойынша нақты шешім қабылдады.
Бүгін 5 отбасыға тұрғын үй, тағы 66-сына барлық инфрақұрылымы бар елді мекендерден жер телімдері берілді. Құрылысты бастап кетулеріне болады. Көмек алдымен жағдайы нашар отбасыларға беріледі. Біз күн салқындағанша барлық мәселені шешеміз,-деді Бердібек Сапарбаев.

Бүгін үйлері қирап, тұруға жарамсыз болып қалған әлеуметтік осал топтың өкілдері баспаналы болды. Оларға жалдамалы құқығымен берілетін жалдамалы пәтерлер ұсынылды. Халық банк пен өзге де ұйымдардың қайырымдылық қаржылары есебінен «Қолғанат» қорынан оларға бастапқы жарна қаржысы бөлінді.

Тағы 66 отбасыға Қорайлы, Сазды ауылдық окруктерінен, Россовхоз, Қызылжар, Ясное ауылдарынан жер телімдері берілді.

Сондай-ақ оларға 1 млн теңге көлемінде сертификаттар табыс етілді. Оның 800 мыңы құрылыс материалдарын сатып алуға, 200 мыңы құрылысшылардың қызметіне төлеуге жұмсалатын болады. Қаражат «Қолғанат» қорына Маңғыстау облысындағы мұнай компаниялары жұмысшыларының қайырымдылық қаражаты есебінен түскен.

Билік жер телімін алған бюджеттік сала мамандары, мүгедектер мен көп балалы отбасылар секілді 8 жанұяның материалдық жағдайын ескеріп, оларға жаңа шағын отбасыларға арналған жатақханадан пәтерлер берді. Мұнда олар өздерінің тұрғын үйлері салынып біткенше тұра алады. Тағы 2 отбасы бұдан бұрын да пәтерге ие болған еді.

Айта кетейік, арнайы комиссияның мәліметі бойынша тасқыннан жапа шеккен отбасылар саны -741. Кірпішті ауылындағы бау-бақша ұжымында тұрған 209 отбасының құрылыс мәртебесі жеке тұрғын үй құрылысына ауыспақ.
Комиссия жұмыстарының қорытындысы бойынша 81 ақтөбелік отбасының үйі қалпына келтіруге жарамайды.
Тағы 451 отбасы жалпы құны 16 млн 200 мың теңге болатын материалдық көмекке ие болды, қалғандары комиссия шешімін күтуде.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Бағдарламалар

Баннеры

030000, Қазақстан Республикасы, Ақтөбе қ., Т.Ахтанов к-сі, 50