Қазақша   Русский

RSS-лента

«Нұрлы жер»: 197 үйге 127 өтініш түсті

Ақтөбеде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бірінші кезеңде 197 үй салынатын болады. Қазір осы үйлердің иелерін анықтау үшін құзырлы органның өкілдері 2006 жылы тұрғын үй құрылысы үшін жер алу кезегінде тұрған азаматтардан өтініш қабылдауда. 2 мамырдан бастап 127 азамат осы бағдарламаға қатысуға өтініш білдіріпті. Бұл туралы кеше «Ақтөбе ақпарат» орталығында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының Ақтөбе өңірінде жүзеге асырылуына байланысты өткен брифингте мәлім болды.
— Елбасының тапсырмасына сәйкес, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында Ақтөбе қаласының «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында жер учаскелері анықталды. Бұл аумақтарда көлемі 1000 шаршы метрді құрайтын жер учаскесіне мемлекет тарапынан үй салынатын болады. Салынатын үйлердің жалпы ауданы — 120-140 шаршы метр аралығында болмақ.

Бүгінгі күні жоспар бойынша бірінші кезеңде 197 үй тұрғызылады. Бағдарлама аясында жер кезегінде тұрған азаматтар тек жер учаскелерін алып қана қоймай, дайын үйге қол жеткізеді, — деді брифингте Ақтөбе қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ұшқын Мыңбаев.

«Нұрлы жер» бағдарламасына қатысып, үй алу үшін азаматтардан екі шарт талап етіледі. Біріншісі — жер кезегіндегі азаматтардың тізімде болуы, екіншісі — «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» жинақ салымы болуы қажет.

Ұшқын Мыңбаевтың айтуынша, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында тез салынатын үйлерге 2006 жылы жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер кезегінде тұрған азаматтар қол жеткізе алады. Бүгінгі күні 2006 жылы жеке тұрғын үй құрылысы үшін кезекте тұрған азаматтарды Ақтөбе қаласындағы Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрының ғимаратына шақыртып, бағдарлама бойынша толық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, өтініштер қабылдануда. Бұл жұмыстар 2-31 мамыр аралығында жүзеге асырылады.

— Бүгінгі күнге дейін 500-ге жуық азамат келіп, бағдарламаның талап-шартымен танысты. Жеке тұрғын үй құрылысы үшін 2006 жылы жер алу кезегіне тұрған азаматтардың ішінен 127 адам осы бағдарламаға қатысуға ерікті түрде өтініш білдірді. Бұл шара мамыр айының аяғына дейін жүзеге асырылады. Қажет болған жағдайда, түсіндіру жұмыстарын әрмен қарай жалғастырамыз, — деді Ұ.Мыңбаев.

Қазір Ақтөбе қаласы бойынша жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алуға кезекте тұрған азаматтардың саны — 111570. Ал 2006 жылы тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алуға 14 мыңнан астам адам кезекке тұрыпты.

— Бірінші кезеңде салынатын 197 үйдің иесін анықтау мақсатында өтінім берген азаматтардың төлем қабілеттерін растау үшін тізімді банкке жолдайтын боламыз. Қазіргі уақытта азаматтардың арыздары кезектілігіне сәйкес іріктеліп, төлем қабілеттіліктерін анықтау үшін жолдама беруге әзірленуде. Бұл жұмыстарды қалалық жер қатынастары, құрылыс бөлімдері мен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамының қызметкерлері бірлесіп жүзеге асырып жатырмыз, — деді Ұшқын Мыңбаев.

Брифингте «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның Ақтөбе облыстық филиалының директоры Бауыржан Жуаспаев «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынатын үйлердің әр шаршы метрі 120 мың теңгеден аспайтын мөлшерде болатынын айтты.

— Бұл үйлер тұрғын үй құнының алғашқы 30 пайыз салымын сала отырып, жылдық 5 пайыз үстемеақымен банктік қарыз алу жолымен қарастырылған. Несие мерзімі — 15 жыл. Алғашқы 5 жылда несиенің ай сайынғы төлемі 101207 теңгеден келсе, қалған жылдарда ай сайынғы төлемнің мөлшері азаяды, яғни насие алушы он жыл бойы 74040 теңгеден төлейді, — деді Б.Жуаспаев.

Банк өкілінің айтуынша, бүгінгі күні 5 пайыздық үстемеақы нарықтағы ең төменгі мөлшер болып саналады. Бағдарлама бойынша тұрғын үйге қол жеткізген азаматтар үшін бес жылдан соң несиенің жылдық сыйақы мөлшерлемесі 4,5 пайызды құрамақ.

Сондай-ақ, брифингте Ақтөбе қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Нұрлан Тұрымов «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Ақтөбеде жүзеге асырылып жатқан пилоттық жобаның құрылысына тоқталды.

Арайлым НҰРБАЕВА
«АҚТӨБЕ» газеті

Бағдарламалар

Баннеры

030000, Қазақстан Республикасы, Ақтөбе қ., Т.Ахтанов к-сі, 50