Қазақша   Русский

RSS-лента

Ақтөбе қаласында «Тілдарын» үш тілді меңгерген қала жастарының арасындағы қалалық олимпиадасы өтті

Бүгін 2017 жылдың 12 мамыры күні Ақтөбе қаласының көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжінде «Тілдарын» үш тілді (қазақ, орыс, ағылшын) меңгерген қала жастарының арасындағы қалалық олимпиадасы өткізілді. Олимпиаданың мақсаты – үш тілді: қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген қабілетті жастарды анықтау және қолдау, тілдік қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырып, көп тілді меңгерген тұлғаны тәрбиелеу, қазақстандық патриотизмді нығайту, өзге халықтардың мәдениеті мен тілін құрметтеу.
Қазақстан Республикасының тіл саясатын жүзеге асыру және тілді меңгеруге деген қызығушылықты ынталандыру, жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу олимпиаданың негізгі міндеттері болып табылады.
Қазіргі таңда Қазақстанды барлық салада халықаралық алаңға алып шығу үшін өзге халықтар тілдерін, оның ішінде халықаралық тілдер – ағылшын және орыс тілдерін білу өмір талабы.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың өзі жыл сайынғы Қазақстан Халқына арнайтын Жолдауларында осы үштілділік мәселесіне тоқталмай кеткен емес. «Қазақстан - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында да Президентіміз «Орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек. Мектеп түлектері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білуге тиіс» деген болатын. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, бүгінде ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі. Қазіргі кезде 90% ақпарат ағылшын тілінде жарияланады. Әрбір екі жыл сайын олардың көлемі 2 есе ұлғайып отырады. Ағылшын тілін меңгермей, Қазақстан жалпы ұлттық прогреске жете алмайды» - деді.
Қалалық олимпиадаға мамандығына, кәсібіне, шұғылданатын ісіне қарамастан 18 бен 22 жас аралығындағы жоғары және орта оқу орындарының студенттері, ағылшын, басқа да пәндердің оқытушылары, мектеп мұғалімдері қатысты.
Олимпиадаға қатысушылар үш тілді – қазақ, ағылшын, орыс тілдерін білу бойынша берілген тақырыптың мазмұнын ашты, эссе жазды және мәтінге ілеспе аударма жасады.
Олимпиаданың міндетті шарты бойынша алдыңғы деңгейден өткен қатысушы ғана келесі кезеңге жіберілді. Олимпиаданың қорытындысы үш деңгейден өткен қатысушылар арасында жүргізілді.
Олимпиаданың қазылар алқасының құрамына филология ғылымдарының кандидаттары, ғалымдар, тіл мамандары шақыртылды. Сарапшылар үміткерлер өнерін бағалау кезінде тілдерді меңгеру деңгейіне, жазу сауаттылығы мен дұрыс дыбысталуына, жауаптың оралымдылығы мен сапасына, мазмұндылығы мен ерекшелігіне назар аударды.
Байқау нәтижесінде ІІ орын Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің І курс студенті Бақытжан Аружанның еншісіне тисе, ІІІ орын Ақтөбе гуманитарлық колледжінің І курс студенті Длимова Хадишаға бұйырды. ІV орынды Өмірзақ Нұрсұлтан Ақтөбе теміржол колледжінің студенті және Аманова Данагүл С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті студенттері өзара бөлісті. Жеңімпаздар қала әкімінің атынан дипломдармен және ақшалай сертификатпен марапатталды. Қалған барлық қатысушыларға алғыс хат табысталды.

Бағдарламалар

Баннеры

030000, Қазақстан Республикасы, Ақтөбе қ., Т.Ахтанов к-сі, 50