Қазақша   Русский

RSS-лента

Ақтөбеде қоқыс сұрыптайтын кешен ашылды

Мектептердің құрылысы жүргізіліп жатыр

Өткен сенбі күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған топ Ақтөбе қаласының іргесіндегі бірнеше мекемелерге барып, ондағы атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйімен танысты.

Қалдықты кәдеге жаратады

Енді Ақтөбеде қоқыс сұрыптайтын кешен бар. Жобаның жетекшісі — «Союз гранд» ЖШС құрылтайшыларының бірі Алтынбек Қазантаевтың айтуынша, зауыттың дәл осы өңірде салынуы тегіннен-тегін емес.

— Біз қоқыс сұрыптайтын кешеннің құрылысын бастамастан бұрын, әрине, еліміздегі нарықты, жалпы осы сала ахуалын жан-жақты зерттедік. Көп ұзамай инвестициялық жағдайы жақсы Ақтөбені таңдап алдық. Жергілікті билік біздің барлық талап-тілегімізді ескеріп, идеямыздың ойдағыдай жүзеге асуына көмек берді. Жоспар бойынша кешенде екі ауысымда 100-ден аса адам еңбек етеді деп күтілуде, — дейді ол.

Кешен қоқыстың түр-түрін сұрыптап, болашақта металл, шыны, пластик бұйымдарын, қатты қағазды өңдемек. Өндіріс орнының қуаттылығы — жылына 200 мың тонна. Жұмыс ресейлік технология бойынша жүргізілетін болады.

Кешеннің ашылу рәсіміне қатысқан Бердібек Сапарбаев мұндай жобаның берері мол екенін, қоқыстың өзін кәдеге жарату — заман талабы екенін атап өтті. Сондай-ақ, облыс басшысы ауаны ластайтын қалдықтарды азайтуға мән беру керектігін ескертті.

— Ақтөбе құтты мекен болуы үшін алдымен ауа таза болуы керек. Жағымсыз иісті кетіруге күш салу қажет. Ол бойынша жауапты адамдарға бірқатар тапсырмалар бердім. Ағаштарды да көптеп егуіміз тиіс, — деді облыс әкімі.

Айта кетейік, мұндай кешендер еліміздің Астана, Шымкент, т.б. қалаларында бар.

Шара барысында кешен базасында көшпелі көрме ұйымдастырылып, онда қоқыстардан жасалған түрлі бұйымдар ұсынылды. Мәселен, тұрмыстық қалдықтардан дайындалған құдықтың қақпақтары, құрылысқа қажетті материалдар қойылды. Көрмеге қатысушылардың бірі — Ғабит Ордабаев кесілген ағаштардан құрылыс бұйымдарын жасауға болатынын келтірді. Бұл саладағы кәсібін енді бастағалы отырған азамат жұмысының табысты болатынына сенім білдіріп, сол арқылы 5-6 адамды еңбекпен қамтитынын айтып отыр.

Көкөністерді көптеп ексек…

Шаһардың іргесінде орналасқан «Пригородный» ЖШС-на барған облыс әкімі ондағы көктемгі далалық жұмыстарының жүргізу барысын көрді. 1998 жылы пайдалануға берілген кешенде негізінен көкөністер өсіріледі. Атап айтсақ, шаруалар 160 гектар жерге картоп, 34 гектарға өзге де бақша өнімдерін егеді. 60 адам тер төгетін алқаптан биыл да мол өнім жинап алу жоспарланып отыр.

— Көкөністерді, жеміс-жидектерді көптеп ексек, одан ешкім ұтылмайды. Бұл барлығына да ортақ, игілікті жұмыс. Осы жұмыстардың тиісті деңгейде орындалуын қадағалаңыздар. Шешімін таба алмай жүрген мәселелер болса, бізге айтыңыздар, — деді облыс әкімі жауапты сала өкілдеріне.

Небір алып техникалар жұмылдырылған аумақтағы жұмыстың нәтижесі әдеттегідей күзде белгілі болады…

Жаңа мектептер және жаңартылған гүлзарлар

Одан соң атқарушы билік өкілдері Благодар ауылдық округіне қарасты Кеңес Нокин ауылында салынып жатқан мектептің құрылыс жұмыстарымен танысты. 320 орынға шақталған оқу ордасының басы-қасында қазіргі таңда 100-ден астам құрылысшы еңбек етіп жатыр. Үш қабатты еңселі ғимарат биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде. Білім ошағының іші-сыртын мұқият қарап шыққан Бердібек Сапарбаев:

— Мектептер он жыл бұрын қалай салынды, әлі солай салынып жатыр. Бұлай болмайды. Бәрі заманауи үлгіде салынуы тиіс, — деді.

Сонымен қатар, Батыс-2 шағын ауданында тұрғызылып жатқан мектеп пен абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатқан Денсаулық саябағы да назардан тыс қалмады. Қаладағы Абай даңғылы бойындағы аллеяның қайта жөндеу жұмыстарын да көріп шықты.

Осылайша, бірқатар мекемелердің құрылысы һәм жөндеу жұмыстарымен танысқан Бердібек Машбекұлы барлығының талапқа сай болуы керектігін тағы бір рет ескертіп, жауапты тұлғалардан жүктелген тапсырмалардың орындалуын жіті бақылауды талап етті.

Айбек СЕРІКҰЛЫ
«АҚТӨБЕ» газеті

Бағдарламалар

Баннеры

030000, Қазақстан Республикасы, Ақтөбе қ., Т.Ахтанов к-сі, 50