Қазақша   Русский

RSS-лента

Қала билігі жағымсыз иісті жою үшін қосымша мамандарды тартуда

Қаланың экологиялық жағдайы, жағымсыз иіс мәселесі қалалықтарды толғандырып отырғаны рас, бұл туралы кездесулерде, әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарында айтылуда. Біз оны білеміз, өзіміз де қала тұрғынымыз.
Бірақ айта кету керек, экологиялық қауіпсіздік проблемасы облыстың және қаланың әкімдіктерінің басым бағыты болып табылады.
Ақтөбе облысының экологиялық жағдайын жақсарту жөніндегі 2015-2017 жылдарға арналған шаралар жоспарына сәйкес атмосфералық ауа сапасын жақсарту, оның ішінде күкіртті сутегі қалдықтарының көздерін жою шаралары алынуда.
Қаланың кәріз тазарту қондырғыларының жағдайына талдау жасалып, оларды қайта жарақтау жөнінде ұсыныс жасалды, жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. 2016 жылы Еуропалық қайта құру және даму банкімен Тұрғындар қалашығы ауданында өз бетінше ағатын кәріз коллекторын қайта жарақтау жөніндегі жобаны жүзеге асыру туралы келісім жасалды, құны 680 млн теңге. Биылғы жылы құрылысты аяқтау және Кірпішті ауылында, Өндірістік аймақ ауданында 2016 жылы басталған кәріз стансаларын пайдалануға беру жоспарлануда. Тағы бір станса 41 теміржол бекетінде орналасқан.
Қаланың қатты-тұрмыстық қалдықтар полигоны ауданында қоқыс сұрыптау кешені пайдалануға берілді. Жұмыс полигонның өзінде жүргізілуде.
Бұдан басқа, Ақтөбе қаласында экологиялық жағдайды жақсарту үшін қатты-тұрмыстық қалдықтар полигоны маңында жасыл белдеу жасау жөнінде жұмыстар жүргізілді: 140 га алаңға 103 мың түп жапырақты ағаштар отырғызылды.
Сондай-ақ қаланың ішінде ағаштар отырғызу көлемі ұлғайтылып, 33 сквер жасалды.
Мұнымен бірге осы салада жұмыс тәжірибелері бар мамандарды тарту міндетін қойдық, жағымсыз иіс шығатын орындарды, сондай-ақ ауадағы жағымсыз иісті жою жолдары мен механизмдерін іздестірудеміз.
Мәселен, кеше Ақтөбе қаласының әкімі І.Испанов қаланың экологиялық мәселелері бойынша шақырылған «Абас сервис групп» ЖШС (Астана қаласында кәріз насос стансаларына көмір сүзгісін орнатумен айналысады) және Мәскеу қаласының «Окс групп» БҚБ (иісті бақылау жүйесі) мамандарының қатысуымен мәжіліс өткізді. Компаниялардың өкілдері өздерінің мүмкіндіктері мен жұмыс әдістері туралы хабарлама жасады. Олардың айтуы бойынша, Астана қаласында жағымсыз иістерді жою жұмыстарымен айналысқан.
Мәжіліске әкімнің орынбасары, экология, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармаларының, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жер қатынастары бөлімдерінің басшылары, «Ақбұлақ» АҚ, АХҚЗ, АФЗ зауыттарының, қалалық қоғамдық денсаулық қорғау, ЖПҚ және басқа ұйымдардың басшылығы қатысты.
Компаниялардың өкілдері қалада қабылданып жатқан шаралар кешенімен таныстырды.
Шақырылған мамандар бірнеше күн бойы бірқатар нысандарға, оның ішінде кәріз тазарту қондырғыларына, кәріз насос стансаларына, қалалық қатты-тұрмыстық қалдықтар полигонына, спірт зауыттарынан шығатын қалдықтар жиналатын жерлерге баратын болады.
Қалалық әкімдік бұдан былайғы жұмыс барысында олардың қаладағы жағымсыз иіс көздерін анықтау және жою жөніндегі ұсыныстарын қарауға дайын.

Бағдарламалар

Баннеры

030000, Қазақстан Республикасы, Ақтөбе қ., Т.Ахтанов к-сі, 50