Қазақша   Русский

RSS-лента

Этноауыл жасақталып, көрме-жәрмеңке ұйымдастырылды

Өткен сенбі күні Ақтөбе қаласындағы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы орталық саябақта «Туған жерім — нұрлы елім!» акциясы аясында «Ауыл — еліміздің алтын қазынасы» атты Новый ауылдық округінің күні өтті.

Шара аясында саябақ алаңында киіз үйлер тігіліп, этноауыл құрылды. Ауылдың өнерлі қыз-келіншектері этноауыл аясында келі-келсапқа тары түйіп, оны тас диірменге тартып келушілерге ұсынды. Сондай-ақ самаурынға шай қайнатылып, киіз үйді аралағандар ұлттық тағамдардан дәм татты.

Алаңға тігілген үлкен киіз үйдің ішінде қолөнер бұйымдары мен қазақтың ұлттық тағамдарынан көрме ұйымдастырылды. Ал киіз үй сыртында «ЭКСПО-2017» көрмесіне арналған тақырыптық кітап көрмесі жасақталып, балаларға арналған ойындар өткізілді.

— Бүгінгі «Туған жерім — нұрлы елім» акциясы аясында өткізіліп жатқан Новый ауылдық округінің күндері аясында біз ЭКСПО-ға арнап тақырыптық көрме ұйымдастырып отырмыз. Сондай-ақ өлкетану мен балалар әдебиетіне арналған «Бір әлем» атты кітап көрмесін де өткізіп жатырмыз. Көрмені тамашалап жатқандар көп, әсіресе балалардың қызығушылығы басым, — дейді №11 Құрашасай ауылдық модельді кітапханасының меңгерушісі Әлия Баймұханова.

Оның айтуынша, бүгінгі күні №11 Құрашасай ауылдық модельді кітапханасының қорында 4500 кітап бар. Оның 1780-і қазақ тілінде болса, қалғандары — орыс тіліндегі кітаптар. Ал балалар әдебиеті бойынша кітапханада 786 кітап бар. Оның 250-і — қазақ тіліндегі еңбектер.

Новый ауылдық округінің күні аясында саябақ алаңында жергілікті кәсіпкерлер жәрмеңке өткізіп, өздерінің ауылдан әкелген сүт тағамдарын ұсынды.

Құрашасай ауылынан келген Бағдагүл Әліпова жәрмеңкеге 10 келі құрт, 5 келі ірімшік, 5 келі тары, 5 келі сүзбе, 20 литр шұбат әкелген.

— Ауылда 15 түйе сауамыз. Келініміз екеуміз сауып, шұбат ашытып, ауыл тұрғындарына сатамыз. Сондай-ақ тары-талқан да жасаймыз. Бүгінгі шараға арнайы келіп, жәрмеңкеге қатысып жатырмыз. Осындай шаралар жиі өтіп тұрса халыққа да жақсы. Ал еңбек еткен адамның несібесі де мол, — дейді ол.

Ал құрашасайлық Салтанат Әліп жәрмеңкеге 30 литр шұбат, 30 келі май, 10 литр қаймақ әкеліпті. Отбасымен мал шаруашылығымен айналысатын ол бүгінде 10 түйе, 50 шақты қой, 20-дан астам сиыры бар екенін айтады.

Новый селолық округі әкімінің міндетін атқарушы Шынкүміс Молдәулетованың айтуынша, бүгінде округте 11 500 тұрғын бар. Сонымен қатар округте екі орта мектеп, екі дәрігерлік амбулатория, бір мемлекеттік, үш жеке балабақша, 90 кәсіпкерлік нысан, 19 шаруа қожалығы, 8 жауапкершілігі шектеулі серіктестік және бір өндірістік кооператив бар.
Бүгінгі шараның біз үшін маңызы зор. Себебі аудандар сияқты осы акция барысында Ақтөбе қаласына қарасты округтер де өздерінің тұрмыс-тіршілігін, жеткен жетістігін көрсетіп жатыр. Мұндай өнер фестивалі ауыл өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдарының қызметін жандандыра түседі деп ойлаймын. Бүгінгі шараға біздің округтегі барлық өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдары қатысып отыр. Халық та дән риза. Ал қазылар алқасы біз ұйымдастырған көрмелерді аралап, өздерінің бағаларын беріп жатыр. Округтердің арасындағы ең үздігі акция соңында белгілі болады, — дейді ол.

Шара аясында алаңның бір бөлігінде тұрғындар бозкілемде белдесіп, гір тасын көтерсе, жастар тоғызқұмалақтан жарыс ұйымдастырды.

Сондай-ақ саябақтың кең сахнасында ауыл өнерпаздары әннен шашу шашып, ортада өнер көрсетті.
Бүгінгі шараны тамашалау үшін немерелеріммен арнайы келіп отырмын. Бүгінде 5 баладан тараған 15 немерем бар. Осы саябақта өткізілетін мәдени шараларды үнемі келіп көремін. Мұндай шаралар қала халқы мен ауыл-аймақтағы тұрғындарды жақындастырады. Қаланың балалары осындай іс-шаралар арқылы ауылдың тұрмыс-тіршілігін, жай-күйін көріп, танысады, — дейді Рәбиға Ыдырысова.

www.aktobegazeti.kz

Бағдарламалар

Баннеры

030000, Қазақстан Республикасы, Ақтөбе қ., Т.Ахтанов к-сі, 50