Қазақша   Русский

RSS-лента

«Ақтөбеде тұрғын үй құрылысы 3 есе артық салынып жатыр», — деді павлодарлық делегация басшысы

Биыл тамызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен кеңейтілген отырыста мемлекеттік даму бағдарламаларын іске асыру, рухани жаңғыру мәселелері талқыланып, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы есептер тыңдалды. Отырыста облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен облыс тұрғындарының әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз ету бойынша тапсырмалардың орындалу барысы жайында баяндама жасап, оны талқылау барысында Елбасы кеңеске қатысып отырған облыстар басшыларына бірқатар әлеуметтік және экономикалық жобаларды іске асыруда Ақтөбенің тәжірибесін қолдануды ұсынған еді. Кеше осы бағыттағы атқарылып жатқан шаруалармен танысу үшін Ақтөбеге жұмыс сапарымен Павлодар облысынан делегация келді.
Павлодар қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов бастап келген делегация құрамында Екібастұз қаласының әкімі Қайрат Нүкенов, Ақсу қаласының әкімі Нұрлан Дүйсимбинов, Павлодар облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Рүстем Раисов, «Теміртас Павлодар» темірбетон жабдықтары зауыты» ЖШС директоры К. Данияров және «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ-ы филиалының жетекшісі Я. Марина болды.
Отандық өнімнің үлесі — 85 пайыз
Қазір «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша пилоттық жобаны жүзеге асыруда Ақтөбе облысы республикада көш бастап тұр. Бұл бағытта Ақтөбе өзгелерге үлгі болмақ. Кеше Павлодар облысынан келген делегация Ақтөбеде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан тұрғын үй құрылысымен және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында бой түзеп жатқан жобалармен танысты. Ақтөбеге келген қонақтар ең әуелі «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында болып, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан шағын қабатты, тез тұрғызылатын үйлердің құрылысын өз көздерімен көрді.
Аталған аумақта бірнеше мердігер компания жұмыс жасап жатыр. Соның бірі — «Ерен-Групп» ЖШС.
— «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жұмыс жасап жатқанымызға 2,5 ай болды. Бүгінгі күнге дейін үш қабаттан тұратын, әр үйде 18 пәтері бар 4 үйдің құрылысын аяқтадық. Қазір тағы үш үй тұрғызып жатырмыз. Соңғы салып жатқан үйлердің де, ондағы пәтерлердің де көлемі бастапқыға қарағанда үлкендеу. Биылғы меже — 7 шағын қабатты тұрғын үйді пайдалануға беру. Екі бөлмелі пәтерлердің жалпы аумағы — 58 шаршы метр. Біздің жоба бойынша тек екі бөлмелі пәтерлер ғана салынады. Мұндағы пәтерлердің әр шаршы метрінің бағасы — 120 мың теңге. Тапсырыс беруші — Ақтөбе қалалық құрылыс бөлімі. Компания тендерге қатысты. Біздің міндет — үйді тұрғызып беру. Ал тұрғындарға пәтер беру жұмысы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы арқылы жүзеге асырылады. Яғни, бұл пәтерлерге жер алу кезегінде тұрған, банкте салымы барлар ғана қол жеткізе алады. Құрылысқа пайдаланылып жатқан материалдардың дені — отандық өнім. Бұл жерде отандық өнімнің үлесі — 85 пайыз, — деді «Ерен-Групп» ЖШС директоры Дәурен Оразбаев.

100 мың адамның қонысы
Құрылыс басында меймандармен кездескен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев:
— Елбасы тапсырмасы бойынша «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру — менің түсінігімде, бұл заманауи, тез тұрғызылатын әрі сәулеті бүгінгі заман талабына сай келетін үйлер болуы қажет. Яғни, жер алу кезегінде тұрғандар кейін әртүрлі материалдан үй салмай, бірыңғай үлгіде тұрғызылған үйлерге қол жеткізуі тиіс. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғызылып жатқан үйлер үш технологияға негізделген. Біріншісі — үй құрылысы комбинаты арқылы, екіншісі — кірпіштен, ал үшінші технология — экобетоннан салынып жатыр. Бұл жердің жалпы аумағы — 1200 гектар. Алдағы уақытта осы аймақта біз кем дегенде 2140 тұрғын үй салуымыз керек. Олар — бір қабатты, екі қабатты, үш қабатты және төрт қабатты үйлер болады. Сондықтан, бұл территорияға кем дегенде 100 мың адам қоныстанады.
Бердібек Машбекұлының айтуынша, бұл жерде жеткілікті мөлшерде жер бар. Егер «Нұрлы жер» бағдарламасы өз жалғасын тауып, Үкіметтен қаржыландыру болса, жерді әрмен қарай созудың мүмкіндігі бар. Ең бастысы — бұл аумаққа инфрақұрылым тартылған. «Бұл жерге жарық жүйесі мен су, газ, кәріз құбырлары тартылған. Енді ішкі жүйелерді жүргізу керек. Қазір осы шаруалармен айналысып жатырмыз», — деді Б.Сапарбаев.
Өткен жылы Ақтөбеде іске қосылған «Үй құрылысы комбинаты» ЖШС бастапқыдағыдай емес, қазір жоғары қуаттылықта жұмыс жасап тұр. Бұдан бөлек, облыста 3 кірпіш зауыты бар. Алайда кірпіш мәселе облыста өзекті болып тұр.
— Біздегі ең басты проблема — кірпіш. Екінші мәселе — қиыршық тас, үшіншісі — цемент, төртінші мәселе — темірбетон жабдықтары. Себебі, барлық жерде құрылыс жақсы жүріп жатыр. Облыста тұрғын үйден бөлек, әлеуметтік ғимараттар да тұрғызылып жатыр. Сондықтан, аталған құрылыс жабдықтары жетіңкіремейді. Бірақ, қазір біз қолмен басқару әдісі бойынша жұмыс жасауға көштік. Яғни, Ақтөбе қаласы әкімінің бірінші орынбасары Жандос Байырханов осы жерде таң атқаннан кеш батқанға дейін отырып, әр үйге қанша кірпіш, қиыршық тас, цемент керек екенін бөледі. Осылай жасамасақ болмайды. Бүгінде құрылысқа пайдаланып жатқан өнімдеріміздің 80 пайыздан астамы қазақстандық мазмұнды қамтиды. Тек сырттан, яғни Ресейден цемент пен металл ғана тасымалданады, — деді облыс әкімі Б.Сапарбаев.
Бердібек Машбекұлы Қазақстанда жер алу кезегі бойынша Ақтөбе облысы көш бастап тұрғанын айтты. Қазір жер телімін алу кезегінде тұрғандардың саны — 141 мың адам. Оның шамамен 120 мыңы — Ақтөбе қаласының тұрғындары. «Облыста осындай мүмкіндіктерді пайдаланып, тұрғын үйді көбірек салуымыз керек. Былтыр 580 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, биыл кем дегенде 650 мың шаршы метр үй салынуы керек. Биыл алғашқы жартыжылдықта облыста 320 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Ең бастысы — осындай тәсілмен салынып жатқан үйлер кезекте тұрғандарға ұнап жатыр. Бұл үйлердің шаршы метрі 120 мың теңгеден артық болмайды», — деп Бердібек Машбекұлы меймандарға облыс халқының саны жылдан-жылға артып келе жатқанын айтты.
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Серік Төленбергенов павлодарлық делегация мүшелеріне шағын қабатты, тез тұрғызылатан үйлердің құрылысын таныстырды.
«Ең үздік тәжірибені көрдік»
— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұрғын үй құрылысы болсын, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясындағы шаруаларды жүзеге асыруда болсын, Ақтөбе көш бастап тұрғанын айтқан еді. Әрі өзге облыстарға Ақтөбенің тәжірибесін пайдалану керектігін ұсынды. Елбасы тапсырмасына байланысты Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов бізге міндет жүктеп, осы бағытта Ақтөбеге келдік. «Нұрлы жер» — жаңа бағдарлама. Бұл бағдарлама бойынша біз Павлодарда енді-енді ғана жұмыс жасап жатырмыз. Яғни, Ақтөбедегідей өз алдына шағын аудан салуды ойластырғанмен, мұндағыдай коттедж үлгісіндегі үйлерді тұрғызу шарасын әлі қолға алған жоқпыз. Біз үшін Ақтөбеде шағын қабатты, тез тұрғызылатын үйлердің құрылысын бастау жұмыстарының қалай жүзеге асырылып, қажетті қаражат пен бұл үйлерге қол жеткізудің жолдарын білу өте маңызды. Расымен де, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Ақтөбеде тұрғын үй құрылысын салу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Ең үздік тәжірибе десе де болады. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында тұрғызылып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысымен де таныстық. Ақтөбедегі осындай іргелі жобаларды алдағы уақытта өзімізде пайдаланатын боламыз. Ақтөбеге жасаған сапарымыздан жақсы нәтиже шығарамыз деп ойлаймыз, — деді Павлодар қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов.
Биыл алғашқы жартыжылдықта Павлодар қаласында 5 көпқабатты үй тапсырылған. Бұл — былтырғымен салыстырғанда екі есе көп. Н.Әшімбетовтің айтуынша, жыл аяғына дейін 12 үй тапсырылады. Бұл орайда жекеменшік компаниялар да тұрғын үй құрылысымен айналысып жатыр. «Бүгінгі күнге дейін 100 мың шаршы метр көлемінде тұрғын үй салынды. Жыл соңына дейін 200 мың шаршы метр тұрғын үй салынбақ. Павлодарға қарағанда Ақтөбеде тұрғын үй құрылысы 3 есе артық салынып жатыр», — деді Н.Әшімбетов.
Оның айтуынша, қазір Павлодар қаласында 14 мың адам — үй алу, ал 12 мың адам — жер алу кезегінде тұр.
Үйірмеге бала қабылдап жатыр
Қазір Ақтөбеде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік пен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында құны 40 млрд.теңге болатын 71 жоба жүзеге асырылуда.
Бұдан кейін Серік Төленбергенов павлодарлық делегацияны облыста мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асырылып жатқан бірқатар жобалармен таныстырды. Соның бірі — қаланың Батыс-2 ауданында бой көтерген Шығармашылық академиясы. Бүгінде 5 факультет бойынша әртүрлі үйірмелерге балалар қабылдап жатқан академия ғимаратының ішін түгелдей аралап көріп, мұндағы заманауи безендірілген жабдықтарға, ғимараттың сәулетіне қызыққан меймандар ондағы ұстаздармен де тілдесті. Обсерватория секілді түрлі үйірмелердің жұмысымен танысты. Шығармашылық академиясына балаларды қабылдау уақыты 14 қыркүйекке дейін жалғасады. 15 қыркүйектен бастап мұнда сабақ басталады.
Сол сияқты, меймандар Батыс-2 шағын ауданындағы «Жұбановтар әуені» музейінің құрылысы мен жекпе-жек сарайы, облыстық өлкетану мұражайы, Мұз айдыны сарайы, жедел медициналық көмек стансасы, 300 орынға арналған қалалық балалар стамотологиясы емханасы құрылысымен де танысып, «Сымбат» жеке мектебінің ішін аралап көрді. Ақтөбеге жасаған сапары кезінде павлодарлық меймандар офтальмология орталығы мен Жастар және неке сарайларының құрылысын көріп, пайдалануға берілген «Хоккей модулі» спорт кешенін аралады. Әрбір құрылысты суретке түсіріп, өздері де естелік суретке түсті.

www.aktobegazeti.kz

Бағдарламалар

Баннеры

030000, Қазақстан Республикасы, Ақтөбе қ., Т.Ахтанов к-сі, 50