Қазақша   Русский

RSS-лента

Ақтөбеде алғашқы күзгі сенбілік өтті

Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановтың қаулысына сәйкес күз мезгілінде өтетін дәстүрлі санитарлық тазалықтың екі айлығы өткен сенбіде басталды. Тазалық маусымы қала территориясы мен ауылдық округтер аумағында 9 қыркүйек пен 9 қараша аралығында өтеді.

Жарияланған тазалықтың екі айлығында аумақты тек күл-қоқыстан тазарту ғана емес, сонымен қатар қыркүйектің соңында болатын «Ақтөбе — құтты мекен» форумына келетін қонақтар үшін қаланы дайындау керек.

Сенбіліктің уақытында өтуін қадағалау әрі бұл істі үйлестіру үшін Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Нағымжан Алдияров жетекшілік ететін жедел штаб құрылды.

Сенбі күні ұйымдастырылған алғашқы сенбілікке қаладағы мекемелер мен кәсіпорын ұжымдары бір кісідей атсалысып, өз аумақтарына тазарту жұмыстарын жүргізді. Өзге де еңбек ұжымдары көшелер мен айналма жол бойында жұмыс істеді. Сенбідегі жаңбыр еңбек ұжымдарының жұмыс істеуіне кедергі бола алмады. Қолдарына күректері мен тырмаларын алған қала тұрғындары да сенбілікте белсенділік танытты.

Бұл күні облыстық, қалалық мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, коммуналдық қызмет көрсету мекемелерінің өкілдері, әрбір шағын аудандардың тұрғындары мен өзге де салада қызмет ететін еңбек ұжымдары әр аумаққа бекітілген басқарушы компаниялар мен пәтер иелері кооперативтері, кондоминиумдермен бірігіп, тазалау жұмыстарына білек сыбана кірісті. Сенбілік кезінде аталған еңбек ұжымдары өз аумақтарын ғана тазартып қоймай, әрбіріне бекітілген аумақта санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізді. Сенбілікте көпқабатты үйлердің ауласы мен құрылыс жүріп жатқан аймақтар да ретке келтіріліп, қоршаулар мен көше бойындағы орындықтар сырланды, күл-қоқыстар сыртқа шығарылды.

Алғашқы сенбілікте қала әкімі Ілияс Испанов бастаған топ «Ақбұлақ» және «Трансэнерго» мекемелерінің ұжымдарымен бірге Қобда ауданы бағытындағы тас жолдан Сәнкібай батыр даңғылына дейінгі аралықта тазарту жұмыстарын жүргізді.

Бұл күні сенбілікке шамамен 7 мыңға жуық қала тұрғыны қатысты, алпыстан астам арнайы техника жұмылдырылды. Оның ішінде самосвалдар мен жүк тиегіштер, тракторлар мен тротуарларды тазартатын жаңа техникалар — шағын тракторлар іске қосылды.

Тазалықтың екі айлығында қала аумағынан жиналған күл-қоқыстар полигонға тегін қабылданады. Алғашқы сенбілікте қатты қалдықтар полигонына 100 тоннаға жуық күл-қоқыс шығарылды.

Сенбілік кезінде құрамында жергілікті полиция қызметі, басқарушы компаниялардың өкілдері бар барлығы 14 мобилді топ жұмыс жасайды. Олар өз аумақтарында қала көркі мен сәулетіне сәйкес келмейтін бұзушылықтарды анықтайды. Бұл жолы осындай бұзушылықтарға жол берген бірнеше деректер анықталып, мобилді топ мүшелері тарапынан хаттамалар толтырылды.
Келесі сенбілік 16 қыркүйекте ұйымдастырылады.

Бағдарламалар

Баннеры

030000, Қазақстан Республикасы, Ақтөбе қ., Т.Ахтанов к-сі, 50