Қазақша   Русский

RSS-лента

Ақтөбе облысында «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы жаңғыртылады

11 қыркүйек, дүйсенбіде облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен терроризмге қарсы комиссияның кезекті отырысында мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу шаралары бойынша ақпараттық-түсіндіру топтары жұмыстарының қорытындысы талқыланды.

Өңір басшысы облыстағы дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегінде жүрген жерлестеріміздің саны біршама қысқарғанын, алайда жекелеген аудандарда бұл бағыттағы жұмыстардың жеткілікті жүргізілмей отырғанын атап өтті. Әсіресе, жедел талдау, әлеуметтік төлқұжаттарды толтыру мәселесі Б.Сапарбаевтың көңілін көншітпеді.

Облыстық дін істері жөніндегі басқарма басшысы Жолдас Қалмағамбетов жалпы, аймақтағы діни ахуалдың тұрақты екенін мәлімдеді. Теологтар, қоғам қайраткерлері, сарапшылар мен мен БАҚ өкілдерінен құралған 205 адамнан тұратын 14 ақпараттық-түсіндіру тобы құрылды. Аталмыш топтар жыл басынан бері 1626 кездесу өткізіп, 32 000 нан аса адамға діни түсінік берген, сондай-ақ деструктивті ағығымдардың жетегінде жүрген жандарға 4 семинар өткізген.

2017 жылдың 8 айында өңірге республикалық деңгейдегі 33 теолог келіп, олардың алтауы осында жарты жыл бойы жұмыс жүргізді, дәстүрлі емес діни ағымдардың көшбасшыларымен кездесті. Осындай 545 жеке кездесудің нәтижесінде 309 адам дәстүрлі ислам дініне қайта бет бұрған. Бірнеше аудандарда білікті теологтар жұмысқа тартылып, тұрғын үйлермен қамтамасыз етілді.

Мұғалжар, Шалқар, Темір аудандарында құрамында теолог, заңгер, психологтары бар коммуналдық кәсіпорындар ашылды.

Ақтөбе облысы ҚР Президентінің тапсырмасымен құрылған «Уақып» қайырымдылық қорымен бірлескен жұмысты алғашқылардың бірі болып бастады. Еске салайық, қордың негізгі мақсаты – қайырымдылық қаражатын жинау, әлеуметтік жобаларды, білім беру-ағарту іс-шараларын қаржыландыру, сонымен қатар, дін қызметкерлері жұмысынның тиімділігін арттыру және діни мекемелердің қызметін қолдау болып табылады.

«Жақында қор қаржысы есебінен 20 адам жеке бизнесін ашуға пайызсыз несие алып, Ақтөбе медресе-колледжінің 8 студенті мен «Нұр-Мүбәрәк» университетінің ақтөбелік студенттеріне степендия тағайындау бойынша келісім жасалды. Бұдан басқа аталмыш қор 20 имамның еңбекақысын төлеуге келісіп отыр»,-деп хабардар етті Ж.Қалмағанбетов.

«Алдын алу жұмыстары жүйелі жүргізілуі тиіс. Бұл мәселелерге барынша назар аудара отырып, күнбе-күн айналысу керек. Айдың соңына дейін барлық әлеуметтік төлқұжаттарды қалпына келтіріп, жұмыспен қамту, қиындықтарды шешуге көмек көрсету, кәсіпкерлікке баулу шараларын іске асыру керек. жалпы, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейткен жөн»,-деп тапсырды облыс әкімі.
Сөз соңында облыс әкімі өңірде «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы 8 бағыт бойынша жұмысын қайта бастайтынын жеткізді.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызмет
www.aktobe.gov.kz

Бағдарламалар

Баннеры

030000, Қазақстан Республикасы, Ақтөбе қ., Т.Ахтанов к-сі, 50