Қазақша   Русский

RSS-лента

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар күшейтіледі

Облыста сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың саны азайды.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі облыстық комиссияның отырысы өтті.

Отырыс барысында сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу және оны болдырмауға байланысты жергілікті ведомстволардың қабылдаған шаралары қаралды.

Облыс әкімі аса күрделі саланың бірі атаған білім беру саласында педагогтар арасындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі жұмыстарды қауымдастықтар мен ата-аналар комитеттері бірлесіп жүргізеді. Өткен жылы 624 педагогтың қатысуымен 40-тан астам шара өткізіліп, семинарлар, дөңгелек үстелдер, кездесулер ұйымдастырылды.

Облыстық білім беру саласын бақылау жөніндегі департаменттің басшысы Жанна Қайшығұлова бірқатар проблемаларды атады.

Мәселен, білім беру саласы үшін, әсіресе, ауылдық мектептерде педагогтардың кәсіби деңгейінің төмен болуы, жоғары және кәсіби білімінің жетіспеуі, оқу орындарының қажетті стандартқа сәйкес келмеуі, білім беру сапасының төмендеуі өзекті мәселе болып отыр.

Оның айтуынша, бұл мәселелерді шешу үшін педагогикалық ұжымдардың кеңес беру жөніндегі әдістемелік кеңестерінің қызметін күшейту, мектепішілік бақылаудың тиімділігін арттыру, облыстағы мектептерге жан-жақты талдау жасау, «әлсіз» және «күшті» мектептерді анықтап жалпы білім беретін мекемелердің рейтингтерін шығару қажет.

Сондай-ақ отырыста мемлекеттік сатып алу туралы Қазақстан Республикасы заңдылықтары талаптарын сақтаудағы мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың қызметтерінің тексеру нәтижелері талқыланды.

Мемлекеттік сатып алу саласындағы тәртіп бұзушылықтың басым бөлігі Ақтөбе қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, Ақтөбе қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдеріне, аудандық білім беру бөлімдерінің үлесіне тиесілі.

Осыған байланысты Ақтөбе қаласының және облыс аудандарының әкімдіктері мақсатты жұмыстар жүргізуде.

Жекелеп айтқанда, қала әкімі Ілияс Испанов сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында Ақтөбе қаласының супермаркеттерінде, сауда нүктелерінде баннерлер орнатылғанын, қоғамдық көліктерге плакаттар ілінгенін, LED экрандарында бейнероликтер көрсетілетінін хабарлады. Жер телімдерін бөлетін комиссиялардың, аукциондардың, конкурстардың құрамдарына бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кіргізіліп, олар ашық, таза жұмыс жасайтын болды. Жер қатынастары, сәулетшілер мен қала құрылысы бөлімдеріне бейнебақылау камералары орнатылды.

Мамандар арасында тұрақты түрде түсінік жұмыстары жүргізіліп, мемлекеттік сатып алуды өткізудің ашықтығын қамтамасыз етуге байланысты шаралар қабылданды, қала әкімдігінде жедел желі ұйымдастырылды.

Қала әкімінің айтуынша, таяу уақыттың ішінде іске қосылатын «Халықтық кеңсе» жобасын жүзеге асыру сыбайлас жемқорлықпен күресте оң әсерін тигізеді. Жоба аясында қызметтің 400 түрі тұрғындарға «Жалғыз терезе» принципі бойынша ұсынылатын болады.

Ішкі істер органдарында да сыбайлас жемқорлықты анықтау және жоюға байланысты оң нәтижелерге қол жеткізілді.

Облыстық ішкі істер департаменті басшысы Махамбет Абисатов облыс әкіміне қызметкерлерді бейнетіркеулер және бейнежетондармен жабдықтауға ықпал еткені үшін алғысын білдірді, Ол қызметкерлердің оларсыз азаматтармен байланыс жасауына тыйым салынған.

Сыбайлас жемқорлық фактілерін анықтауға байланысты рейдтердің саны ұлғайды. Барлық істер тәртіптік комиссияларда қаралады. Мұнымен бірге, ішкі істер департаментінде қызметкер сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық тәртібін бұзған жағдайда оның басшысы жауапты болатын тәжірибе енгізілді. Жыл басынан бері 153 басшы жазаланып, 19 лауазымды қызметінен босатылды, 35-і қызметіне толық сәйкес емесі анықталды, 23-і жұмысынан босады.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аталған бағыттардағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.Оның ішінде, аттестациядан өтпеген оқу орындарының директорларына қатысты қажетті шаралар алуды, тұрақты түрде талдаулар жасауды талап етті.

— Ағымдағы жылы сыбайлас жемқорлық көріністерінің төмендегені байқалады. Алайда, бұған қарамастан біз сыбайлас жемқорлықты түп-тамырымен құртуға байланысты барлық шараларды алуымыз қажет, — деп түйіндеді облыс әкімі.

www.aktobegazeti.kz

Бағдарламалар

Баннеры

030000, Қазақстан Республикасы, Ақтөбе қ., Т.Ахтанов к-сі, 50