Қазақша   Русский

RSS-лента

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: Ақтөбе - Қазақстандағы ең бір өркендеп, өсіп келе жатқан өңір

Шығармашылық академиясы және облыстың мүмкіндіктері
Елбасы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында салынған Шығармашылық академиясына барды.
Мемлекет басшысын шығармашылық үйірмесінің мүшелері дәлізде күтіп алып, Елбасына арнаған өлеңдерін оқып, шынайы ризашылықтарын білдірді.
Бұдан кейін Елбасы орталықтағы көрермендер залын көріп, жас домбырашылардың өнерін тамашалады.
Мемлекет басшысына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев академияның жұмысы туралы баяндап берді.
Елбасы орталықтағы теле, радио студияларын, қыш-құмыра шеберханасын, ІТ технология кабинетін, робототехника, автомодель, аэромодель, кеме жасау, гимнастика үйірмелерін аралап, балалармен тілдесті.
Нұрсұлтан Назарбаев күмбезді аспаны бар планетарийге де барды. Бұл жерде Елбасы планетарийдегі заманауи құрал-жабдықтар мен олардың мүмкіншіліктерімен танысты, жұлдызды аспанды көрді. Мемлекет басшысына планетарий мамандары қысқа видеожазба арқылы ғимаратта орналасқан кабинеттер мен орталықтың төбесінде орналасқан телескоп пен обсерваторияны көрсетті.
Академияны аралап шыққан Елбасы орталықтың оқытушылары мен балаларына рақметін айтып, жылы лебізін білдірді.
Айта кету керек, 6-18 жас аралығындағы балалар мен жастарға мектептен тыс қосымша білім беруге арналған орталықта бүгінгі күні 34 үйірме жұмыс жасайды. Мұнда бір уақытта мыңға жуық бала ғылыми және шығармашылық жұмыстармен айналысып, өздерінің ақпараттық технологиялар саласындағы қабілеттерін дамыта алады.
Шығармашылық академиясы биыл тамыз айында пайдалануға берілді. Инвесторы — «Қазхром» ТҰК» АҚ. Мердігер мекеме — «Ақтөбеэлектросетьстрой» ЖШС. Жоба құны — 1,5 млрд теңге.

Мыңнан астам отбасы баспанамен қамтылады

2016 жылдың қыркүйегінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұрғын үй құрылысына арналған жаңа «Нұрлы жер» бағдарламасын әзірлеуді тапсырған еді.
Кеше Ақтөбеге жұмыс сапары барысында Елбасы «Нұр Ақтөбе» ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан тұрғын үй кешенінде болды.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысына Ақтөбе өңірінде «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламаларының жүзеге асырылу барысы жөнінде баяндады.
— «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында біздің облысқа 16 миллиард теңге қаржы бөлініп отыр. Осының нәтижесінде 2 мың адам жұмыспен қамтылды. Апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектептер мәселесін шешу мақсатында, 16 мектептің құрылысы қолға алынды. Сондай-ақ, жылумен қамту, сумен қамту, басқа да тұрмыстық-коммуналдық нысандарды қайта жарақтандыру және осы салада да құрылыс жұмыстары қолға алынып отыр, — деді Бердібек Сапарбаев.
«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында барлығы 26 жоба жүзеге асырылады. Ал «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында құрылыс жұмыстарын жүргізу арқылы 750 адам жұмыспен қамтылған. Биылғы жазда құрылыс өте қарқынды жүрді. Құрылысқа бөлінген алқаптың бір бөлігіне жеке тұрғын үйлер салынса, екінші бөлігіне екі-үш қабатты көппәтерлі үйлер салынып жатыр. Мұнда оннан астам компанияның еңбеккерлері жұмыс жасап жүр. Құрылысқа пайдаланылатын материалдардың 80 пайызы — жергілікті өндірушілер қолынан шыққан дүние. Мұндағы баспаналардың шаршы метрінің бағасы 120 мың теңгеден аспайды. 2017 жылы жеке тұрғын үйі бар, көппәтерлі үйі бар, 194 үй пайдалануға беріліп, мыңнан астам отбасы баспанамен қамтылмақ.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев болашақта Ақтөбенің еліміздегі миллион тұрғыны бар қалалар қатарына қосылуы көзделіп отырғанын, соған орай қала тұрғындарын жұмыспен және баспанамен қамту мәселелері әрдайым назарда болуы тиіс екенін атап өтті.
— Болашақта бір ғана осы ауданның өзінде 100 мыңнан астам тұрғын тұрады екен. Мемлекеттік бағдарламалар аясында жаңа кәсіпорындар ашып, жаңа үйлердің бой көтеруі — сол халықтың қамы үшін жасалып жатқан істер. Қазақтың балалары қажетті мамандықтарды игеріп, жаңа кәсіпорындарда жұмыс істеп жүр, — деді Елбасы.
Қазақстан Президенті халықты баспанамен қамтуда «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асырудың маңыздылығына ерекше тоқталды:
— Баспана мәселесін шешу мақсатында халыққа жер берілгенде, ол жерлерге инфрақұрылым жеткізілген болуы керек, — деді.
Алдағы жылдарда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған тұрғын үй кешендері аумағында 1200 орындық мектеп, 300 орындық балабақша және емхана салу да көзделген.
Соңында Елбасы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан компаниялар өкілдерімен әңгімелесті.

«Ақтөбенің болашағы зор»

Мемлекет басшысы Ақтөбедегі жаңа Өнер орталығын аралап көрді.
Өнер орталығының ғимараты «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамының қаржысына салынған. Орталықтағы бірегей концерттік зал 1200 адамға арналған. Мұнда көпшілік қатысатын іс-шаралар мен шығармашылық концерттер өткізілетін болады
Қазақстан Президентіне облыстық филармонияның шығармашылық ұжымдары өз өнерлерін көрсетті.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Өнер орталығының қызметкерлерімен кездесті. Олар Елбасына батыс өңірдегі ең ірі концерттік зал үшін шексіз алғыстарын білдірді.
— Бұл — Сіздің мәдениет пен өнерге деген ерекше ықыласыңыздың белгісі, — деді белгілі әнші, облыстық мәслихаттың депутаты Светлана Айтбаева.
— Ақтөбе — Қазақстанның ең бір өркендеп, өсіп келе жатқан өңірі. Мұнда әлі бұдан да үлкен ғимараттар болады. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Ақтөбенің болашағы зор. Мөлтек аудандар, қаншама құрылыстар салынып жатыр. Жұмыс орындары көптеп ашылды. Еліміз бойынша да солай, — деген Елбасы Өнер орталығының қызметкерлеріне шығармашылық табыс тіледі.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Ақтөбе инновация орталығы болуы тиіс

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Жұбановтар әлемі» шығармашылық үйін аралап, осы жерде зиялы қауым өкілдері және кәсіпкерлермен, әдебиет, өнер адамдарымен, қоғамдық ұйым мүшелерімен кездесті.
Батыс-2 ауданында бой түзеген «Жұбановтар әлемі» шығармашылық үйі атақты Жұбановтар әулетінің шығармашылық мұрасын дәріптеу, сондай-ақ дарынды балаларды оқыту мақсатымен салынды. Мемлекет басшысына бұл ғимараттың құрылысы жеке адамдардың қаржысы арқылы жүргізілгені баяндалды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Елбасыға еліміздің көрнекті ғылым және өнер қайраткерлері — Жұбановтардың өмірі мен шығармашылығына арналған музейді таныстырды.
Бұдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев облыс зиялыларымен кездесті.
Елбасымен кездесу сәтінде еңбек ардагері, Қазақстан халқы Ассамблеясының, Мәртөк ауданындағы қоғамдық кеңестің мүшесі Ирина Цыба «Рухани жаңғыру» бағдарламасын дамытудың қоғамдық рөлі мен маңыздылығына тоқталды.
— Сіздің бастамаңызбен жүзеге асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қоғамның дамуына жаңаша серпін берді. Ақтөбеліктер бұл бағдарламаны жүзеге асыруға белсенді атсалысуда. Атап айтсақ, Сіздің бастамаңызбен жарияланған «Туған жер» бағдарламасына еліміздің түкпір-түкпірінде және әлемнің 20-дан астам елінде тұратын ақтөбеліктер қатысып, облыста ірі-ірі әлеуметтік ғимараттар бой түзеді.
Сіз үнемі өз анаңыз туралы сүйсіне әңгімелейсіз. Бүгінгі күні облыста «Аналарға тағзым» үйінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Мұндай кешен елімізде жоқ. Оның біздің қаламызда салынып жатқанына қуанамыз. Бұл орталықтың отбасылық құндылықтарды нығайтуға өз септігін тигізетініне сенімдімін, — деді И.Цыба.
«Жұбановтар әлемі» шығармашылық үйінің бірегейлігі әрі оның облыс үшін маңыздылығы туралы айтқан А.Жұбанов атындағы музыкалық колледждің оқытушысы Мейрамгүл Жаманқұлова Елбасыға: «Біз, шығармашылық интеллигенция, бұрын Елордамыз Астанадағы үлкен өнер ордаларына қызыға қарайтынбыз. Ресейде ұлы композиторлар — Чайковский, Глинка, Рахманиновтарға арналған музей үйлері, яғни осындай орталықтардың бар екендігін жақсы білеміз. «Жұбановтар әлемі» ғимаратының Ақтөбеде бой көтергені біз — ақын-жазушылар, композиторлар, суретшілер үшін ерекше қамқорлық. Осы киелі шаңырақта бас қосып, еңбек етуімізге мол мүмкіндік жасалған, әрі осы шығармашылық үйінде жаңа музыкалық туындылардың жарыққа келетініне сенімдіміз. Бізге көрсеткен қолдауыңыз үшін Сізге алғысымыз шексіз», — деді.
Ал кәсіпкер Сергей Ена Мемлекет басшысына жақында ғана елімізде «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өткенін, сол көрмеге өзі басшылық ететін компания өз өнімдерін ұсынғанын айтып: «Сізге алғысымды айта отыра, осы көрменің арқасында біздің кәсіпорын өнімді бірнеше есе өндіруге мүмкіндік алды», — дей бергені сол еді Нұрсұлтан Әбішұлы: «Онда көрмені әрмен қарай жалғастыру керек еді», — деп көпшілікті бір күлдірді.
Бұдан кейін Елбасы алдында «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС құрамындағы облыстық «Актюбинский вестник» газетінің бас редакторы, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Айгүл Нүркеева осыдан бір айға жуық уақыт бұрын Ұлыбританияның Ньюкасл университетінде «Медиа және журналистика» мамандығы бойынша магистратураны тәмамдағанын, қазір туған елге оралып, облыс шежіресіне айналған «Актюбинский вестник» газетіндегі қызметін қайта жалғастырып жатқанын айтты. Ол «Болашақ» бағдарламасының барлық түлектері атынан шын мәнінде осындай бірегей бағдарламаның жүзеге асуына бастамашы болғаны, мыңдаған қазақстандықтың әлемнің үздік оқу орындарында білім алып, әлемдік еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына, білім көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік жасағаны үшін Елбасыға шексіз ризашылығын білдірді.
— Сізге жастарды және олардың әртүрлі саладағы барлық бастамасын қолдайтыныңыз үшін алғыс білдіремін. Біз Сіздің жас ұрпаққа үлкен үміт артатыныңызды білеміз және сол үмітті ақтайтын боламыз. Енді біздің міндет — алған білімімізді өз саламызда пайдаланып, нәтижесін шығару, — деді.
Қазақтың даңқты перзенттері Құдайберген, Ахмет, Ғазиза Жұбановтардай алыптарды дүниеге әкелген қасиетті Мұғалжар өңірінің ыстық сәлемін жеткізген жас ақын Нұрбол Ыбраев Елбасыға арнап жыр шумақтарын арнады.
Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында атап көрсетілген жаңғыру үдерісінің ерекшеліктеріне тоқталды.
— Әлем көз алдымызда өзгеруде, біз сол өзгерістердің ортасындамыз. Әлемнің үлкен жылдамдықпен өзгергені соншалық тіпті үлгеру мүмкін емес. Аға буын бұл жылдамдыққа ілесе алмайды. Мен жастар қатардан қалып қоймаса екен деймін. Жаңа ғылымдар пайда болып, тың көзқарас қалыптасуда. Барлық реформалар, соның ішінде қоғамдық сананы жаңғырту үдерісі замандастарымызды жарқын болашаққа дайындау үшін жасалуда, — деді Елбасы.
Сондай-ақ, Елбасы Астана, Алматы, Шымкент қалаларымен қатар Ақтөбе де инновация орталығы болып, өндірістік, қаржылық және адами ресурстарды тартатын факторға айналуға тиіс екендігін ерекше атап өтті.
— Қазақстанда ірі қалалардың болғаны дұрыс. Алматы халқының саны
1 миллион 300 мыңнан асты. Астана тұрғындарының саны да күн сайын артып келеді. Шымкент миллионға, Ақтөбе халқының саны жарты миллионға жетті. Тәуелсіздік жылдарында Ақтөбе облысының халқы екі есе өсті. Бұрын 240 мың халық болса, қазір 500 мыңға жуықтады. Мен бұл қалада миллион адамның тұрғанын қалаймын. Осы көрсеткішті арттыру мақсатымен мұнда тұтас шағын аудандар мен қажетті инфрақұрылым салынуда. Барлық жағдай жасалып жатыр. Тұрғын үй, жол салынып, газ бен су құбырлары тартылуда. Сол сияқты, бүкіл Қазақстан аумағы жол желісімен қамтылады. Астанадан барлық өңірлерге қарай жол тартылды. Сол жолдардың бойымен қаншама елді мекендер бой тіктеп, инфрақұрылымдар салынды. Міне, даму дегеніміз — осы. Мұны адами даму деуге де болады, — деді Мемлекет басшысы.
Кездесу кезінде Елбасы Ақтөбе ферроқорытпа зауытында болғанын айтып: «Бұл — Ақтөбе облысындағы ең ірі, негізгі жұмыс беруші кәсіпорын. Ондағы жаңа зауыттың өзінде 700 адам жұмыс жасап жатыр. Ал Ақтөбе рельс-арқалық зауыты — Қазақстандағы, Орталық Азиядағы жалғыз өндіріс орны. Өте заманауи зауыт, — дей келе, өндіріс орнында жастар үшін мүлде басқа мамандықтар бойынша жұмыс істеудің мүмкіндігі бар екенін атап өтті.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы облыста мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында бой түзеген әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылып жатқанын, жеке инвестициялар тартылғанын, Қазақстанда бизнесті өркендетуге барлық жағдай жасалғанын атап өтті.
Кездесу сәтінде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Жәдігер Кенбаймен, кәсіпкерлер Қайрат Мәйтеков, Рабиға Тасыбаева, Шамиль Каспрановтармен әңгімелесіп, облысты өркендету жолындағы істеріне сәттілік тіледі. «Жұбановтар әлемі» шығармашылық үйін тұрғызған меценат Қайрат Мәйтеков орталықтың болашақта әйгілі Жұбановтар, әнші Димаш Құдайберген секілді талант иелерін шығаруға ықпал ететінін, дарынды балалардың өнерін шыңдау жолында жұмыс жасайтынын айтқанда, Елбасы: «Жұбановқа қарап, композитор болуға, Құдайбергенге қарап, әнші болуға балалардың өзі ұмтылады ғой. Талантты балаларымыз көп қой. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін», — деді.
Кездесу барысында Ауған соғысының жауынгері, «Ер-Бақыт» патриоттық клубының төрағасы Марат Қойлыбаев соғысты көрген адамның бейбіт күннің қадірін білетінін айтып, Елбасыға еліміздің бейбітшілігі мен тыныштығын сақтау жолындағы ісіне алғысын білдірді. Президент: «Жиырма жеті жылдан бері қарай жасап келе жатқан жұмысым, ең алдымен — қазақтың тыныштығы, қазақтың бірлігі. Қазақтың өзінің бірлігі болмаса, түк болмайды. Анау Сириядағы жағдайды білесіңдер. Сондықтан халқымыздың бірлігі керек. Біз — көпұлтты елміз, оны да ұмытпауымыз керек», — деп Марат Қойлыбаевтың арқасынан қақты.
Кездесу соңында ақтөбеліктермен естелік суретке түскен Елбасы кейін бұл суретті облыстық газеттен алуға болатынын айтып, әзілдеді. Нұрсұлтан Назарбаев облыс тұрғындарына амандық пен бақ-береке тілеп, еліміздің өркендеуі жолында табысқа жетулеріне ниеттестігін білдірді.

www.aktobegazeti.kz

Бағдарламалар

Баннеры

030000, Қазақстан Республикасы, Ақтөбе қ., Т.Ахтанов к-сі, 50