Қазақша   Русский

RSS-лента

Ақтөбе - бизнеске қолайлы өңір

Елбасы жүктеген міндеттердің аймақтарда орындалу барысын БАҚ өкілдеріне баяндау үшін Астана қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев баспасөз мәслихатын өткізді. Облыс әкімі Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын жүзеге асыру аясындағы облыстың жетістіктері мен тоғыз айдың қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық дамуды баяндады.
— Елбасы тапсырмасына сәйкес мемлекетімізде жүзеге асырылып жатқан бағдарламалардың нәтижесінде және Үкіметтің қолдауымен тоғыз айда өңірдің экономикалық даму қарқыны бес пайызды құрады. Өткен жылмен салыстырғанда 104,7 пайыз көрсеткішке жетіп отыр. Кәсіпорындар 1 триллион 77 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Оның ішінде 3,1 пайызы — өңдеу саласына қатысты. Ал ауыл шаруашылығы өнімдері 109 пайызды құрап отыр. Жалпы өндірілген өнімнің көлемі — 145 миллиард теңге. Экономикада инвестиция салу 21,1 пайызға өсті. Өңірдің экономикасына осы тоғыз айда 268 миллиард теңге құйылды. Шағын және орта бизнесте жұмыс істейтін тұрғындар саны — 31 пайыз. Бұл салада 133 мың ақтөбеліктер жұмыс жасайды. Шаруасын дөңгелентіп отырған шағын және орта кәсіпкерліктердің қатары көп. Сауда айналымына келер болсақ, былтырғы жылмен салыстырғанда 107,9 пайызға өсті, құны — 450 миллиард теңге, —деді облыс әкімі.
Құрылыс саласында жұмыс көлемі 10,3% – ға өсіп, 390 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Жоспар бойынша жыл соңына дейін 650 мың шаршы метр тұрғын үй тұрғындар игілігіне берілмек.
Экономиканың өсімі мен әлеуметтік тұрақтылық өңірдегі жұмыспен қамтуды сақтап қалуға мүмкіндік беруде. Жұмыссыздық деңгейі — 4,8%. Жыл басынан бері 15,2 мың жаңа жұмыс орыны ашылған. Ал жыл аяғына дейін 1,3 мың адам жұмыспен қамтылады.
Сондай-ақ облыс әкімі білім беру, денсаулық сақтау салалары бойынша да атқарылған шаруаларды айтты. Батыс Қазақстан бойынша алғаш рет ашылған «Aktobe Medical Center» медициналық кластерінің дамуы туралы әңгімеледі.
Облыста 20 кәсіпорын қайта жаңғыртылады
Жиында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев биыл наурыз айында өңірде кәсіпорындарды жетілдіруге арналған «Жол картасы» бекітілгенін айтты. Жоба аясында аймақта 15 өндіріс жаңғыртылған. Оның ішінде «Восход-Oriel» ЖШС, «KMK Мұнай» АҚ, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, «Энергосистема» ЖШС, «АХҚЗ» АҚ және тағы басқа мекемелер бар. Жыл соңына дейін тағы 5 жоба бойынша технологиялық жетілдіру жұмыстары жүреді. 20 кәсіпорынның технологиялық жаңғыртылуының жалпы құны — 20 миллиард теңге. Облыс басшысының айтуынша, бұл жұмыстар еңбек өнімділігін 9%-ға арттырады, өнімнің өзіндік құны мен қайта өңдеу шығындарын 3%-ға, жарақаттану деңгейін 10%-ға төмендетеді және экологиялық жағдайды жақсартады, жаңа желілерді іске қосу арқылы шығаратын өнімдердің түрлерін кеңейтеді.
Баспасөз мәслихатында облыс басшысы облыстағы индустриялды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясындағы жұмыстарды баяндады. Бағдарламаның екінші бес жылдығының аясында инвестиция көлемі 127 миллиард теңге болатын 16 жоба жүзеге асырылады. Жоба аясында 1,8 мың жұмыс орны ашылады. Оның ішінде инвестиция көлемі 18,5 миллиард теңге болатын 14 жоба іске қосылды.
Бұдан басқа, 2017 жылы бағдарламадан тыс 13,8 миллиард теңгені құрайтын 8 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған, оның ішінде 4 жобасы іске қосылып, 265 жұмыс орны ашылып отыр.
— Инвестиция тарту — Елбасы тапсырмасын орындаудағы негізгі жұмысымыздың бірі. Инвесторларға қолайлы жағдай тудыру мақсатында аумағы 200 гектар болатын өнеркәсіптік аймақ ашылды. Жоба жоғары сұранысқа ие болып отыр, — деді облыс әкімі.
Қазіргі таңда өнеркәсіптік аймақта 1,7 мың жұмыс орнына негізделген, жалпы құны 85 миллиард теңге болатын 13 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде Германия, Болгария, Швейцария және Түркия инвесторлары қатысқан жобалар бар.
Жалпы инвесторларды облыста бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасалғандығы қызықтырады. Бұған өңірдегі бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша Қазақстанда екінші орында тұрғанын көрсеткен «Doing Business» рейтингі дәлел.
Кәсіпорындар «Экспо-2017» көрмесінің 18 технологиясын енгізеді
Облыс әкімі баспасөз мәслихатында ақтөбеліктердің «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне белсене қатысқанын атап өтті. Мәселен, көрмені тамашалауға 140 мың ақтөбелік барған. Оның 92-сі облыстың ірі кәсіпорындарының өкілдері болса, өз өндірістеріне алдыңғы қатарлы технологияларды енгізу мүмкіндіктерін үйренген кәсіпкерлер саны 20 мыңнан асады. Нәтижесінде облыстағы кәсіпорындар көрмеде ұсынылған 18 үздік әлемдік технологияны таңдап алған. Оларды трансферттейтін инвестицияның көлемі — 43 миллиард теңге. Аталған технологияларды қолдану өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға, энергияны тұтыну мен еңбек өнімділігінің тиімділігіне оң әсерін тигізуге мүмкіндік бермек. Мәселен, «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» АҚ «Жаңғырту 3.0» бағдарламасы аясында экологияны жаңғыртуға мүмкіндік беретін жапондық өндірушілердің өнімін қолданысқа енгізбек. «Ақбұлақ» АҚ неміс технологиясы бойынша электр энергиясын өндіретін жел электр бекеттерін пайдаланады. Ал бұл еңбек өнімділігін 15% арттырып, қоршаған ортаны ластамауға мүмкіндік береді.
Облыста 170 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс істейді
Облыста 170 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, өз жұмыстарын табысты жүргізіп жатыр. Брифингте облыс әкімі осы шаруалардың жай-күйін баяндады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасы аясында аталған сала тұрақты түрде дамып келеді. Бүгінгі таңда ет кластерін құру, өндіріске инновациялық технологияларды енгізу, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар құру, ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес түрлерін дамыту жұмыстары жүйелі жүруде. Аймақта ауыл шаруашылығына арналған 7,8 миллион гектар жерге тексеру мен түгендеу жұмыстары жүргізіліп, оның 365 мың гектары ауыл шаруашылығы саласына тартылды. Сондай-ақ суармалы жерлердің алаңы 18% -ға, яғни 21,5 мың гектарға, егістік алқаптар 15% -ға өсті.
— Қазіргі таңда Еуропалық қайта құру және даму банкімен келісім жасалып, суармалы жерлерді қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл ынтымақтастық 2020 жылға дейін 100% немесе 40 мың гектар суармалы жерді тиімді айналымға енгізуге мүмкіндік береді, — деді облыс әкімі.
Ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес салалары да дамып келеді. Бұл бағытта 129 жоба, оның ішінде ара фермаларын дамыту, қоян, бөдене өсіру секілді шаруашылықтар жүзеге асырылуда.
Мемлекеттік бағдарлама және нәтижелі жұмыс
Баспасөз мәслихатында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларының жүзеге асырылу барысына жан- жақты тоқталды. Биыл мыңнан аса ақтөбелік баспаналы болмақ.
— Ақтөбе облысы — «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыруда пилоттық аймақ. Бағдарлама шеңберінде тез тұрғызылатын және несиеге берілетін жеке үйлердің құрылысы жүріп жатыр. Ең алдымен құрылыстың сапасына мән беріледі. Жаңа технологияларды қолдану арқылы бір үй орташа есеппен 2-3 айда салынады. Бұл стандартты құрылысқа қарағанда екі есе жылдам. Бірыңғай сәулет стилі сақталады. Тұрғын үйдің бір шаршы метрінің құны 120 мың теңгеден аспайды. Биылғы жылдың соңына дейін жалпы ауданы 100 мың шаршы метр болатын кемінде 144 аз қабатты және жеке несиелік тұрғын үй пайдалануға беріледі. 1000 отбасы қоныстойын тойлайды, — деді облыс әкімі.
Облыста «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы да жүйелі жүргізіліп жатыр. Осы бағдарламаның аясында биылғы жылдың тоғыз айында 1,7 мың жұмыс орны ашылып, апатты жағдайдағы және үш ауысымдағы оқу орындарын ауыстыратын 16 мектеп салынған. Жалпы құны 2,2 миллиард теңгені құрайтын 10 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нысандары жөндеуден өткізіліп жатыр.
Биыл 300 шақырым жол жөнделеді
Облыс басшысының айтуынша, биыл 300 шақырым жол жөнделеді. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 2,7 есеге артық. Осы мақсатқа 10,6 миллард теңге бөлінді. Жобаны жүзеге асыруда қазіргі заманғы технологиялар, соның ішінде «кәдеге жарату» («ресайклинг») әдісі қолданылады.
Бердібек Сапарбаев жиында жөндеу, құрылыс жұмыстары жүріп жатқан «Ақтөбе — Орск», Ақтөбе қаласының оңтүстік айналма жолы, «Шұбарқұдық — Ойыл — Қобда — Соль-Илецк», «Дөң — Бадамша — Ақтөбе — Орск» көлік жолдары секілді ірі жобаларға тоқталды.
Сонымен қатар, биылғы жылы «Ақтөбе — Атырау — Астрахань» автожолы қайта жөнделмек.
15 мың жұмыс орны ашылды
Облыс әкімдігінің басты міндетінің бірі — халықты жұмыспен қамтамасыз ету. Өңір басшысы жұмыссыздықтың өсуін болдырмау мақсатында жұмыс орындарын құруды, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыру арқылы жұмыссыздарды және өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдарды қайта оқытуды көздейтін, халықты жұмыспен қамтуға ықпал етуге бағытталған кешенді жоспар әзірленгенін айтып өтті. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша, кешенді жоспармен 29,8 мың адам қамтылып, 15,2 мың жаңа жұмыс орны ашылған.
— «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша тиімді шаралар жүзеге асырылып жатыр. Бұл үшін өңірге 4,8 миллиард теңге бөлінген. Бүгінгі күні жұмысқа 6,4 мың адам тартылды, бұл жоспардан 28% артық. Техникалық және кәсіптік білімі бар мамандарды қайта даярлау, азаматтарға еңбек нарығындағы қажет деген жұмыс орындарын немесе кәсіпкерлік негіздерін жаппай оқытуды ұйымдастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Жалпы жұмыссыздық деңгейі — 4,8%, жастар арасында — 3,2%, — деді Бердібек Сапарбаев.
Серіктестік серпіні — 50 миллиард теңге
Баспасөз мәслихатында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі аясындағы жұмыстарға кеңінен тоқталды. Серіктестік негізінде шамамен 50 миллиард теңгеге жуық инвестицияны құрайтын 125 жоба жүзеге асырылып жатыр.
— Бұл механизм облыстық бюджетке түсетін жүктемені азайтып қана қоймай, халықтың әлеуметтік қамсыздандыру мәселесін жақсартады, — деп атап өтті Б.Сапарбаев.
Мәселен, «Қазхром» ТҰК» АҚ бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында құны 1,5 миллиард теңге болатын балаларға арналған шығармашылық академиясын салды. Сондай-ақ «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» АҚ өз қаражаты есебінен Қазақстанның батыс аймағындағы ең ірі өнер орталығын іске қосты. Оның аумағы — 13 мың шаршы метр. Жергілікті кәсіпкер жерлестеріне Жекпе-жек сарайын сыйға тартты. Бұл жобаға салынған инвестиция көлемі — 1,8 миллиард теңге. «Сәби» жеке қайырымдылық қорының инвестициялары арқасында «Мейірім» әлеуметтік бейімделу орталығы салынды. Қазақстанда баламасы жоқ аталмыш кешенде бүгінгі таңда 16-29 жас аралығындағы балалар үйінің 90-нан астам түлегі тұрады және жұмыс істейді.
Серіктестік аясында жақында пайдаланылуға берілетін тағы бір құнды жоба —балалар мен ересектерге жоғары мамандандырылған офтальмологиялық көмек көрсететін «Дару Жарығы» офтальмологиялық орталығы. Жобаның құны — 3,2 миллард теңге. Ал салынатын жаңа неке сарайы және тарихи-өлкетану мұражайы ғимаратының жалпы құны шамамен 2 миллиард теңгені құрайды.
Әлеуметтік нысандарды салуға биыл 29 миллиард теңге көлемінде бюджеттен тыс қаражат тартылды, ал 2017-2019 жылдары 69 миллиард теңге тарту жоспарланып отыр.
«Туған жер» форумы және «рухани жаңғыру»
Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ақтөбеде алғаш рет «Туған жер» республикалық форумы өткізілді. Форумға әлемнің 21 елінен 300-ден астам ақтөбелік қатысып, жалпы құны 76 миллиард теңгені құрайтын 20-дан астам меморандумға қол қойылды, 160-тан астам кездесулер, тренингтер, семинарлар мен шеберлік сабақтары өткізілді.
Республикалық форум «Tуған жерге тағзым» акциясының ауқымын кеңейтуге ықпал етті. Акция шеңберінде биыл 2,8 миллиард теңгеге әлеуметтік нысандарды абаттандыру, салу, қайта жаңарту бойынша 555 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде 3,1 миллиард теңгеден астам қаражатқа 440 жоба жүзеге асты.
Діни ахуал тұрақты
Баспасөз кеңесінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев діни ахуалға тоқталды.
«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы бойынша атқарылған шаруаларды баяндады. Жобаның 3 кезеңінде 320 мың адамды қамтыған 5 мыңнан астам іс-шара өткізілді, облыстың 12,5 мыңнан астам тұрғынына нақты көмектер көрсетілді.
— Жобаны жүзеге асыру оның тиімділігін көрсетті. Биыл құқықбұзушылық 27% немесе 14 мыңнан 10,2 мыңға азайды, кісі өлтіру — 32%, ұрлық — 31%, бұзақылық фактілері — 25%, тонау 22% төмендегені байқалып отыр. Сондықтан бұл жұмысты жандандыру туралы шешім қабылданды. Қазан айынан бастап мобильді топтар облыстың 8 ауданында 6 бағыт бойынша жұмыс істеді. Жалпы алғанда 100 мыңнан астам адамды қамтитын 1500-ден астам іс-шара өткізу жоспарланып отыр, — деді облыс басшысы.
Сондай-ақ Бердібек Сапарбаев облыс әкімдігінің діни экстремизмнің алдын алу және сақтандыру бойынша бірыңғай кешенді іс-шаралар жоспарын қабылдағанын айтты. Осыған байланысты биыл облыста 12 имам жұмысқа қабылданған. Қоғамдық қорлар есебінен бюджеттен тыс қаражатқа аймақ имамдарының еңбекақылары жүйеленген. Сонымен қатар «Ақтөбе» медресесі мемлекеттік лицензия алып, арнайы орта білім туралы диплом беру құқығы бар колледж мәртебесіне ие болды. Қазіргі уақытта мұнда 116 тәрбиеленуші білім алады, оның ішінде 72 ақтөбелік бар.
Сұрақтарға жауап берді
Облыс басшысы Бердібек Машбекұлының аймақтың экономикалық, әлеуметтік мәселелерін жан-жақты талдаған баяндамасы аяқталған соң, әңгіме сұрақ-жауап түрінде өрбіді. Республикалық БАҚ өкілдері өздерін қызықтырған сауалдарын қойды.
— Ақтөбеде діни көзқарасына байланысты екпеге қарсы шығу, мектепке хиджап киіп бару, сауда орындарындағы сақалды азаматтарды тексеру және жат ағымдағылардың мұнай ұрлығына қатысы бар екені туралы жайттар орын алды. Қазіргі күні діни ахуал қандай?
— Мектеп оқушыларының киімі Білім министрлігінің ережесіне сәйкес болуы керек. Сонымен қатар әрбір мектептің киімге қатысты ережесі бар. Оқушы осы ережелерге сай киінуі тиіс. Өкінішке қарай, діни көзқарасына байланысты баласына хиджап кигізіп және екпеден бас тартатындар бар. Осы мәселелер бойынша қазір ата-аналармен жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Кейінгі кезде теріс ағымда жүргендердің саны азайып келеді. Тоғыз айда 580 адамға кеміді. Осының барлығы үгіт-насихат жұмыстарының нәтижесі. Ал мұнай ұрлығына қатысты қылмыстық іс қозғалғаны анық. Бұл жұмыстармен айналысып жатырмыз. Өкінішке қарай, бұдан түскен қаржы теріс ағымдағы азаматтарды қаржыландыруға жұмсалған. Бұндай келеңсіз жұмыстарға қарсы күресті қоғам мен билік бірге жүргізуі керек. Жалпы мұнай ұрлығына қатысты Бас прокуратура және батыс өңірінің әкімшіліктерімен бірге үлкен бір жиналыс өткіздік. Сонда біз жеті бағытты нақтыладық. Қазір сол бойынша жұмыстар жүріп жатыр.
— Жағымсыз иіс ақтөбеліктердің мазасын қашырып отыр. Жалпы бұл мәселе қалай шешіліп жатыр?
— Жағымсыз иіс мәселесі бүгін туындаған жоқ. Бұған дейін де бар мәселе. Әрине, арнайы шаралар қолға алынып жатыр. Бірақ бір күнде аяқталатын іс емес. Уақыт керек. Иісті кетіру үшін жаңа технологияны қолдану қажет. Осы мақсатта қалдықтарды өңдейтін үш станция салынады. Оның біреуі іске қосылды. Ал қалған екеуінің құрылысы жыл аяғына дейін аяқталады. Сонымен бірге Польшаның кәсіпкерлерімен бірге қалдық өңдейтін кәсіпорын салу да жоспарда бар. Қазір иісті азайту үшін кәсіпорындарға да тапсырмалар берілді. Олар арнайы қондырғыларды орнатып жатыр.
— Қытай инвесторлары Ақтөбедегі бірнеше зауытқа инвестиция салмақ. Зауыттар 2020 жылға дейін іске қосылады екен. Бұл шетелдік жұмыс күшінің көбеюіне әкелмей ме?
— Елбасының мемлекеттің дамуы үшін шетелден инвестиция тарту жөніндегі тапсырмасы бар. «Жібек жолы» бағдарламасына сәйкес екі мемлекет арасында үлкен келісімшарт бар. Сол келісімге орай қытайлық компаниялар Ақтөбеде төрт зауыт салуы тиіс. Қазір Қытай компанияларымен жұмыс жасап жатырмыз. Осы жерде Ақтөбеге қанша қытай келеді деген сұрақ туады? Біз өңірге келетін шетелдік азаматтарды бақылап отырмыз. Мәселен, былтыр тоғыз айда 1100 адамға елге келуге квота берілсе, биыл 790 адамға ғана рұқсат етілмек. Ал зауыттарда еңбек ететін жұмысшылар қатаң қадағалауда болады. Қытайлық компанияларға егер қажетті маман болмаса, оны осы жерде оқытуға тапсырма беріледі.
Баспасөз мәслихатының соңында су тасқынына, денсаулық сақтау саласына қатысты сұрақтар қойылды. Облыс әкімі олардың барлығына жан-жақты жауап берді.

www.aktobegazeti.kz

Бағдарламалар

Баннеры

030000, Қазақстан Республикасы, Ақтөбе қ., Т.Ахтанов к-сі, 50