Қазақша   Русский

RSS-лента

Жергілікті өзін-өзі басқару бюджеті: алғашқы қадам алдында

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 98-қадамы шеңберінде аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауылдық округ деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу тапсырылғаны белгілі. Қазіргі уақытта бұл міндет жүзеге асырылуда.
Ақтөбе қаласында ұйымдастырылған «Жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу» тақырыбындағы ауылдық округтер әкімдерінің форумында Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарының аталған деңгейдегі 350-ден астам әкімі бас қосты.
Бұл маңызды жиынды ашқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аталған шараның халықтың жағдайын, ел өмірін жақсарта түсуге септігін тигізетінін атап көрсетті.
— Біз жергілікті бюджеттердің дербестігін нығайту жөніндегі бастаманы барынша қолдаймыз. Осыған байланысты кең ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілуде. Барлық деңгейдегі әкімдердің қаржылық сауаттылығын арттыру үшін арнайы семинарлар өткізілді. Біздің әкімдеріміз бұл жаңа бастамаға дайын екендеріне сенімдіміз және бүгінгі форум олардың білімдерін одан әрі жетілдіруге үлкен септігін тигізетіні сөзсіз.
Алдағы уақытта белгіленген жоспарға сәйкес ауыл әкімдері өз бююджеттерін өздері жоспарлап жұмыс жүргізетін болады. Ақтөбе облысында 147 ауылдық округтің 50-нің халқы 2000 тұрғыннан асады. Сондықтан 2018 жылдан бастап осы 50 округтің өз бюджеті болады. Барлық ауылдық әкімдіктердің материалдық-техникалық мүмкіндіктері жақсартылды, интернет желісінің жүйелі жұмыс істеуін қамтамасыз еттік.
Сондай-ақ, ауылдық әкімдіктерде жерді, мүлікті түгендеу жұмыстары жүргізілді, қазір тіркеу шаралары қолға алынды. Мұның өзі салық базасын нығайтуға жол ашады,— деген Бердібек Машбекұлы қонақтарға облыстың экономикалық-әлеуметтік даму ахуалын да хабардар етті.
Жиында сөз алған Қазақстан Ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов «Қазақстандағы жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту пайымын айқындайтын негізгі құжат — Президентіміздің 2012 жылғы Жарлығымен бекітілген «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы». Тұжырымдама негізінде жергілікті өзін-өзі басқарудың Еуропалық хартиясында бекітілген муниципалдық демократия мен муниципалдық басқарудың жалпыға мәлім құндылықтары салынған» деп атап көрсетті. Сондай-ақ, ол биылғы 11 шілдеде жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Заңы қабылданғанын айтып, онда «Жергілікті өзін-өзі басқару дербес бюджеті мен коммуналдық меншігін 2018 жылдан бастап халық саны 2 мыңнан асатын ауылдық округтер деңгейінде, ал 2020 жылдан бастап барлық жерде енгізу қарастырылғанын» еске салды.
Вице-министрдің айтуынша, жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінің кіріс көздері салықтық түсімдерден және салықтық емес түсімдерден түсетін табыстардан тұрады. Сонымен бірге коммуналдық меншікті сатудан түсетін табыстар, жеке және заңды тұлғалардың ерікті алымы, Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексінде қарастырылған әкімдер төлететін айыппұлдар да қамтылады.

Бюджет кодексіндегі ауыл әкімдерінің 19 бағыттағы шығындары да айқын көрсетілген. Оларға мектепке дейінгі тәрбие мен білім; елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру; автожолдар құрылысы, қайта құрылымдау, жөндеу және ұстау; елді мекендерді сумен жабдықтауды ұйымдастыру, тағы да басқа жұмыстар кіреді.
Аталған Заңдағы назар аударатын басты ерекшелік — жергілікті қоғамдастықтың жергілікті өзін-өзі басқарудың бюджеттік үдерістер мен коммуналдық меншікті басқаруға міндетті қатысуы.
«Заңда тұрғындардың бюджеттік қаражаттың жұмсалуын жергілікті қоғамдастықтың жиналысына қатысушылардан тұратын комиссия арқылы ауылдық округтің бюджетінің орындалуы мониторингін жүргізу жолымен бақылау тетігі көзделіп отыр. Осылайша жергілікті қоғамдастықтың мүддесін есепке алу арқылы бюджетті жоспарлауға және бақылауға мүмкіндік беретін жолдар қарастырылды» деді вице-министр.
Айбатыр Жұмағұлов жиналғандардың назарын көптеген жерлерде тіркелмеген мүліктердің 20-30 пайызға жетіп отырғанына аударып, бұл ретте Ақтөбе облысында аталған көрсеткіштердің 1 пайыздан аз екенін үлгі ретінде айтты, тәжірибе алуға болатынын алға тартты. Жергілікті өзін-өзі басқаруда коммуналдық меншікті басқару жергілікті қоғамдастық жиналысының келісімі бойынша ауыл әкімі аппаратына жүктелетіні де айтылды.
ҚР Қаржы министрлігі Қазынашылық комитеті төрағасының орынбасары Айгүл Байғожина ақпараттық жүйелердің жұмысындағы техникалық тетіктер туралы кеңінен мағлұмат берді. Жиынды жүргізуші тәуелсіз журналист Сергей Пономарев осы арада баяндамашыға «Әкімге не істеуге болмайды?» деген көп көкейіндегі сауалды ортағы тастады. Айгүл Мырзатайқызының «ең бастысы заңдылықтарды сақтау қажет» деген жауабын Бердібек Машбекұлы «біріншіден, заңды бұзуға болмайды, екіншіден, өз қалтаң мен мемлекеттің қалтасын шатыстырып алмауың керек» деп қысқа да нұсқа тұжырымдады.
Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Шолпан Илмұхамбетова жергілікті өзін-өзі басқару жұмыстарына қатысты атқарылып жатқан шараларды айта келіп, кадрлармен қамтамасыз ету жайына тоқталды. Ол бұл ретте облыста тұрғындар санының көбюіне байланысты штаттық кестені ұлғайту мәселесін көтерді.
«Аймақ» өңірлік даму және жергілікті өзін-өзі басқаруға жәрдемдесу қоры» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Айгүл Соловьева әкімдерді төртінші деӊгейлі бюджетпен жұмыс істеуге дайындау үшін республикамызда мақсатты жұмыстар жүргізіліп жатқанына тоқталып, күн тәртібіндегі мәселеге қатысты өзінің ойларын ортаға салды.
Ақтөбе қаласына қарасты Қурайлы селолық округінің әкімі Мақпал Тұрмағамбетова өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу және коммуналдық меншік мәселесіне қатысты хабарлама жасады.
Жиыннан кейін Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері, сарапшылар ауыл әкімдерімен семинарлар өткізіп, ашық әңгіме желісін жалғастырды.

www.aktobegazeti.kz

Бағдарламалар

Баннеры

030000, Қазақстан Республикасы, Ақтөбе қ., Т.Ахтанов к-сі, 50