Қазақша   Русский

RSS-лента

Бөкенбай батыр және оның заманы зерделенген жиын өтті

Бөкенбай Қарабатырұлының туғанына - 350 жыл
Ақтөбеде жоңғар шапқыншылығына және Ресей отарлаушылығына қарсы күрестегі қазақтың даңқты батырларының бірі - Бөкенбай Қарабатырұлының туғанына 350 жыл толуына арналған шаралар өтті.
Осы мерейтойға орайластырылған «Сындарлы заман тұлғасы: қазақтың Бас сардары Бөкенбай батыр Қарабатырұлының өмірі мен ерлік жолдары» атты аймақтықғылыми-теориялық конференцияға келген ғалымдар мен зерттеушілер облыс орталығындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында бас қосты. Конференцияға ақтөбелік ғалымдармен қатар, Астана, Алматы, Орал, Атырау қалаларынан, Ресейдің көршілес Орынбор облысынан ғалымдар мен зерттеушілер келді. Олардың арасында Самат Өтениязов, Ирина Ерофеева сынды белгілі тарихшы ғалымдар, белгілі жазушы Смағұл Елубай, т.б. бар.
Конференцияға қаламыздағы жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер қатысты.
Жиында алғашқы сөз облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиевке берілді.
— Халқымыздың тарихындағы талай сын сағаттарда елдікті, тұтастықты сақтау жолында қайрат көрсеткен, парасаттылық танытқан асылдарымызды құрметтеу, өткенге тағзым ету — бүгінгі ұрпақтың абзал борышы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады» — деп атап өтіп, рухани жаңғырудың ұлттық-рухани тамырдан нәр алуы, тарихи тәжірибеге сүйенуі керектігін айтқан еді. Бүгінгі іс-шаралар да «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізіліп отыр.
Қазақтың даңқты батырларының бірі — Бөкенбай Қарабатырұлының ерлік істері туралы біз Әбіш Кекілбаевтың шығармалары арқылы білдік. Сонымен қатар, өткен ғасырлардағы ресейлік зерттеушілер де ол туралы деректер қалдырған. Тәуелсіздік жылдарында азаттық үшін күрескен басқа да бабаларымызбен қатар, Бөкенбай батырдың тұлғасын, өмірі мен ерлік істерін танытуға қатысты қадамдар жасалды. Мысалы, бүгін орталарыңызда отырған белгілі ғалым Ирина Ерофееваның еңбектерінен көп мағлұмат табылады. Дегенмен, Бөкенбай батырдың елдікті сақтау жолындағы ұлы істері, ерлікке толы өмір жолы әлі де толық зерттелген жоқ. Ол әлі де тарихымыздан өзінің лайықты орнын алған жоқ. Бүгін Бөкенбай батырды зерттеп жүрген мамандардың басын қоса отырып, біз болашақта осы олқылықтың орнын толтырардай, толыққанды зерттеулер осы жиыннан басталады деген үмітіміздің де барын жеткізгіміз келеді, — деді Ербол Нұрғалиев. Сөзінің соңында ол конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Алматылық ғалым, тарих ғылымдарының докторы,профессор Ирина Ерофеева Бөкенбай батыр тарихта, ең алдымен, жоңғарларға қарсы күрестегі ерекше ерлік істерімен қалған тұлға деп есептейді.
— ХVІІІ ғасырдың басында қазақ руларының бұрынғы көшіп-қонған жерлері қалмақтар мен Жайық казактарының қолына қалды. Қазақ жерлерін азат ету үшін жауға қарсы шайқастарды ұйымдастыру жолында ірі тарихи тұлғалар маңдай терлерін төкті, өздерінің ақыл-парасатын жұмсады. Бөкенбай Қарабатырұлы — сондай тұлғалардың бірі, — деп атап өтті профессор Ерофеева.
Оның айтуынша, жазба деректерде Бөкенбай батыр есімі 1724 жылдан бастап кездеседі:
— Бұрын ол туралы жазба деректер 1726 жылдан бастап кездеседі деп келген едік. Соңғы уақытта Жайық әскери кеңсесінің 1724 жылғы құжаттарының бірінен Бөкенбай батыр туралы дерек табылды, — деді.
Сондай-ақ, тарихшы қазақтың жоңғарлар мен патша отарлаушыларына қарсы 300 жылдық тарихында Бөкенбай немесе Бөгенбай есімді 7 батырдың дерегі бізге жеткеніне, кезінде ол деректердің қайсысының қай Бөкенбайға тиісті екендігіне байланысты қателіктер жіберіліп, соның салдарынан Бөкенбай Қарабатырұлының басты ерлік істері бүгінде басқалардың «үлесіне» жазылып кеткеніне тоқталды.
Ерофееваның айтуы бойынша, Мәскеу архивтеріненосы мәселеге қатысты талас-тартысқа нүкте қоятын, яғни Қарақұм құрылтайына қатысты көне деректер табылуы керек.
Сонымен қатар, ол осы жиында Әбілқайыр ханның Ресей тағының иесі — Анна патшайымға жолдаған хатында бодандық туралы сөз айтылмағанын тағы бір атап өтті. Оның түсіндіруі бойынша, хатта тек әскери-саяси одақ туралы сөз қозғалған. Қандай да бір мәселелерде келісімге келе алмаған жағдайда, тараптардың қай-қайсысы да ондай одақтан оп-оңай шыға алатын, яғни елдікке, саяси тәуелсіздікке нұсқан келмеуі тиіс-тін.
Белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Смағұл Елубай өз сөзінде алдымен қазақ тарихында ерекше қасіретті, ұлт ретінде жойылып кету қаупі төнген екі кезең болғанын атап өтті.
— Олардың бірі — ХVІІІ ғасыр басындағы Ақтабан шұбырынды болса, екіншісі — ХХ басындағы зобалаңдар. ХVІІІ ғасырда халықтың басына төнген қара бұлтты сейілткен, ұлтты, оның бірлігін, жерімізді сақтап қалған тұлғалардың арасында Бөкенбай батырдың орны ерекше, — дей келіп, ол Бөкенбай батырдың Қарақұм құрылтайындағы халықты күреске үндеген ерлігі, Аңырақай шайқасындағы жеңіске қосқан үлесі жөнінде баяндады.
М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай-газ университетінің проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Сергей Грошенин сөзін:
— Басқа салалардан гөрі, тарихтың көтерер жүгі ауыр. Ол — өткенді зерттеу ғана емес, болашақты айқындауға да әсері бар ғылым. Сондықтан тарихшы әр сөзі үшін ата-бабаларының да, келешек ұрпақтың алдында да жауапты, — деп бастады.
Өз сөзінде ол, негізінен, ғасырлар бойы көрші отырған қазақ-орыс халықтарының достығын нығайту мәселелеріне тоқталды.
Ал тарих ғылымдарының кандидаты, Қазақ-Америка университетінің профессоры Самат Өтениязов ХVІІІ ғасырда қазақ мемлекетінің өз тәуелсіздігінен айырылып, Ресейге бодан болуына, соған әкелген жағдайларға, әсіресе, Ақтабан шұбырынды оқиғасына қатысты бүгінгі айтылып жүрген көптеген пікірлермен келіспейтінін жеткізді. Оның айтуынша, үлкен қасіреттің бастауы болған Ақтабан шұбырынды оқиғасы — тікелей І Петрдің басшылығымен жасалған қиянат.
— Жоңғарлар қазақ халқын жойып жіберуге өз күшімен тәуекел ете алатындай деңгейдегі ел емес еді. Оларды қаруландырған, қолдаған, айдап салған І Петр патша екені бүгінде ешкімге жасырын емес. Бұл әріден көзделген саясат еді, — дейді Самат Өтениязов.
Қазақ еліРесейдің Шығысқа қарай ентелеген жолында үлкен бөгет, алынбас асу болып жатты. Самат Өтениязовтың айтуынша, бар гәп осында еді.
— Шапқыншылық екі бағыттан бірдей басталды: шығыстан жіберілген жоңғар Түркістанға дейінгі қазақ жерін басып алды. Ал тісіне дейін қаруланған қалмақ пен казак әскерлері батыстан жіберілді, олар да Түркістанға дейінгі жерлерді түгел жайпап өтуі тиіс еді. Бірақ батыстан келген жаудың жолы болмады. І Петрдің бұл жоспарына Әбілқайыр хан кедергі болды. Ол өзінің Бөкенбай батыр және басқа да сенімді батырларымен бірге қалмақ пен казакты тоқтатып қана қойған жоқ, Еділден әрі асырыпқуып тастады. Кезінде Ақтөбеде Әбілқайыр ханның ескерткіші ашыларда, оның тарихи тұлғасына қатысты анықтама жазу маған тапсырылған еді. Сонда көптеген зерттеулер жүргізе келе, қазақ халқы мұндай тұлғаға қоладан емес, алтыннан ескерткіш соқса да, артық емес деген қорытынды жасадым. Сол Әбілқайыр ханға әрдайым қолдау көрсеткен, оның ең сенімді серіктерінің бірі болған Бөкенбай батырдың да өз халқын кеудесін оққа төсеп қорғаған ерліктері ешқашан ұмытылмайды, — деді Самат Өтениязов.

Бұдан кейін конференцияға қатысушы ғалымдар залдан жолданған сауалдарға жауап берді.
Сондай-ақ, осы жиында Ирина Ерофееваның Бөкенбай батыр туралы «Рыцарь — звания чести» атты кітабының тұсауы кесілді. Конференция ақын Жақсылық Айжанның сөзіне жазылған Орал Байсеңгірдің «Әбілқайыр, Бөкенбай» әнімен аяқталды.
Ал кеше түстен кейін Ақтөбедегі Бөкенбай батыр көшесіндегі батыр ескерткіші орнатылатын орында конференция делегаттары атынан болашақ ұрпаққа арналған үндеу мәтіні жазылған капсула салынды.

www.aktobegazeti.kz

Бағдарламалар

Баннеры

030000, Қазақстан Республикасы, Ақтөбе қ., Т.Ахтанов к-сі, 50