Қазақша   Русский

RSS-лента

Ақтөбеде ҚР Тұңғыш Президент күні мерекесіне арналған іс-шаралар өтті

Published: 04 Желтоқсан 2017
27 рет

Ақтөбеде Тұңғыш Президент күні "Қазақ халқына мың алғыс" стелласының салтанатты ашылуы, "Жұбановтар әлемі" үй-мұражайы өтті және 273 пәтерлі 8 үй тапсырылды. Мереке бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында салынған өнер Орталығының концерт залында гала-концертпен жалғасты.
Тұңғыш Президент күні «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған 273 пәтерлі сегіз үй тапсырылды. Мереке күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бір топ отбасыға алғашқы пәтерлердің кілтін салтанатты жағдайда табыс етті.
— Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында ел дамуының жаңа векторын анықтап берді. Мемлекет басшысы Жолдауында алдағы 5 жылда Қазақстанда ең кем дегенде 10 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілетінін айтты. Бұл ретте басты назар халықтың әл-ауқатын жақсартуға бөлінуде. Біз де сол Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында өзімізге жоспар алдық. Биыл Ақтөбе облысында ең кем дегенде 700 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Былтыр бұл көрсеткіш 580 мың шаршы метр болды. Осыған байланысты Қазақстанда «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Біз «Нұрлы жер» бағдарламасын пайдаланып, осы жерде ең кем дегенде 4200 пәтер салуды жоспарлап отырмыз. Осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін бұл маңнан 1000 гектарға жуық жер бөлінді. 2017-2018 жылдар аралығында «Нұр Ақтөбеде» 2500 пәтер салынатын болса, оның 1200-ін осы жылдың соңына дейін пайдалануға береміз. Бүгін біз 273 пәтерлі алғашқы сегіз үйді тапсырып жатырмыз, — деді Бердібек Сапарбаев пәтер кілттерін тапсыру салтанатында.
Салтанатты шарада облыс әкімі «Нұр Ақтөбе» ауданын әлеуметтік ғимараттармен қамтамасыз ету шараларының қолға алынып жатқанын айтты. Мұнда 900 орындық орта мектеп, сондай-ақ балабақша, емхана, халыққа қызмет көрсету орталығымен қатар демалыс саябағы салынатын болады. Қоғамдық көліктердің бағытын көбейту мәселесі де қосымша қаралатын болады.
Бүгінде облыс әкімдігі «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамымен бірге несиелік тұрғын үйді тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесі арқылы жүзеге асыруда табысты серіктестік қарым-қатынас жасап жатыр. Мереке күні жаңа пәтерге қол жеткізгендердің барлығы — банк салымшылары. Олардың қатарында әлеуметтік сала, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері де бар. Тұрғын үйдің бір шаршы метрінің бағасы — 120 мың теңге.

ҚР Тұңғыш Президенті күнінде Ақтөбе қаласындағы «Жұбановтар әлемі» шығармашылық үйінің ашылу салтанаты өтті. Оған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова, Жұбановтар әулетінің ұрпақтары — Асқар Жұбанов, Ажар Жұбанова, Ардақ Жұбанова, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, композитор Төлеген Мұхамеджанов, белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері қатысты.
Салтанатты шара ғимарат алдындағы шығармашылық символына гүл шоғын қоюмен басталды. Ғимараттың ашылуына жиналған жұртшылық алдында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Суретшілер академиясының президенті Амандос Ақанаев пен меценат Қайрат Мәйтековтің әкесі Амангелді Мәйтеков құттықтау сөз сөйлеп, шығармашылық үйі жастардың өнерін шыңдап, талантын ашуға ықпал ететініне сенім білдірді.
Бұдан кейін облыс әкімі бастаған зиялы қауым өкілдері Жұбановтар әулетіне арналған мұражайды аралады.
— Жұбановтар әулетінен қазіргі қазақ отбасылары үлгі алу керек. Қазақстанда осындай отбасылар көп болуы керек, сонда ғана біздің еліміздің аты, абыройы асқақтай береді, — деді Б.Сапарбаев.
Салтанатты шара Ғазиза Жұбанованың 90 жылдығына орай облыс әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған «Жыр жазамын жүрегімнен» атты республикалық ақындар мүшәйрасының қорытынды гала-концертіне жалғасты.
Аталған мүшәйраға еліміздің барлық өңірінен 25 жас ақын қатысып, 70-тен астам шығарма келіп түскен. Қазылар алқасының шешімімен мүшәйра қорытындысы бойынша 7 ақын жүлдеге ие болған.

Ақтөбеде «Қазақ халқына мың алғыс» атты ескерткіш-стела орнатылды.
Ескерткіштің ашылу салтанаты ҚР Тұңғыш Президенті күнінде өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған облыс басшылары, ардагерлер, этномәдени бірлестіктер мүшелері, Ақтөбе қаласының жұртшылығы қатысты.
Ескерткіш-стеланың екі жағына қыпшақ, Қазақ хандығы жауынгерлерінің киімін киген жастар сап түзеп тұрды. Ал этномәдени бірлестіктер мүшелері жиынға ұлттық киімдерімен келді. Жиын көне жыраулар туындыларымен басталды. Алыс ғасырлардан жеткен толғауларды көпшілік алдында қобызшы Жетес Жәмеков орындады.
Бұдан кейін облыс басшысы Бердібек Сапарбаев құттықтау сөз сөйледі.
Жұртшылықты Тұңғыш Президент күнімен құттықтай келіп, облыс әкімі Қазақстан халқының тәуелсіздік жылдарында Елбасы басшылығымен қол жеткізген табыстарына егжей-тегжейлі тоқталды.
— Сол табыстардың бәрінің бастауы, негізі — туған Отанымыздағы бейбітшілік, Қазақстан халқының ынтымақ-бірлігі. Қазақ халқы қашанда елімізде тұрып жатқан барлық ұлттардың бірлігіне, татулығына ұйытқы болып келеді. Бауырмалдық, сыйластық, адамға деген жанашырлық — қазақтың қанындағы басты қасиеттер. Мұны елімізде өмір сүріп жатқан басқа ұлттар өкілдері жақсы біледі, сондықтанолар қазақ халқын ерекше құрметтейді. Міне, бүгін ашылғалы тұрған ескерткіш — соның дәлелі, — деді Бердібек Сапарбаев.
Облыс басшысы бұл ескерткіштің жастар үшін тәрбиелік мәні жоғары болуы керектігін атап өтті.
— Ата-бабалар өнегесі, халқымыздың ғасырлар бойы ұстанған салт-дәстүрлері — біз үшін бүгінгі және болашақтағы ынтымақтың, ырыстың қайнар көзі. Осыны жадымызға мықтап түюіміз қажет. Мен жерлестерімізге, әсіресе, жастарға үш тілек айтар едім: біріншіден, отбасы құндылықтарын қадірлеп, отбасы алдындағы борышты бәрінен жоғары қойсақ; екіншіден, өз ұлтымызды, оның абыройын, бірлігін, халқымыздың ертеңін ойлап өмір сүре білсек; үшіншіден, соңымызда із қалдыруды мақсат тұтып, әр күнімізді адал еңбекке, жақсы істерге арнасақ деймін, — деді ол.
Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев ескерткішті орнатуды қолға алған кәсіпкерлерге және оны тұрғызған құрылысшыларға алғыс айтты.Сөзінің соңында ол көпшілікке мерекелік тілектерін жеткізді.
Жиында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, «Динар-Электромаш» ЖШС-ның іс басқарушысы Сергей Вишняк пен ардагер ұстаз, ҚР білім беру ісінің үздігі Қамалхан Қуанов құттықтау сөз сөйледі.
Ал ескерткішті ашу құрметіне Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, «Динар-Электромаш» ЖШС-ның іс басқарушысы Сергей Вишняк, облыстық корей ұлттық-мәдени бірлестігінің жетекшісі Людмила Ким, ҚР құрметті құрылысшысы Шамиль Каспранов, «Оксана» украин ұлттық-мәдени орталығыжетекшісінің орынбасары Татьяна Нечитайло және «Азери» әзербайжанұлттық-мәдени орталығы төрағасының орынбасары Қасым Халелов ие болды.
Жиын соңы қалалық Мәдениет үйі өнерпаздарының күшімен әзірленген концертке ұласты.
Айта кетелік, Ақтөбедегі ең жаңа ескерткіш — «Қазақ халқына мың алғыс» стеласы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ашылды. Ол кәсіпкерлер қаржысына тұрғызылды.
Ескерткіш облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешіті мен Өнер орталығы арасындағы алаңда орналасқан. Биіктігі — 30 метр. Оның орта тұсында Қазақстан картасы бейнеленіп, «Қазақ халқына мың алғыс» деген жазу айналдыра жазылған. Ал ескерткіш іргетасын айналдыра қойылған гранит тақтайшаларда Қазақстанның ежелгі заманнан бүгінге дейін тарихынан мәліметтер бар: Таңбалытастағы «күн басты» адамдар бейнелері; Есік қорғанынан табылған «Алтын адам» бейнесі; ортағасырлық қалалар; Қазақ Ордасы хандарының портреттері; Алаш қайраткерлері, т.б.
Ескерткіштің жоғары жағындағы киіз үй түріндегі композиция бір шаңырақ астындағы тату-тәтті тірлікті айғақтайды.

http://www.aktobegazeti.kz

Бағдарламалар

Баннеры

030000, Қазақстан Республикасы, Ақтөбе қ., Т.Ахтанов к-сі, 50