Қазақша   Русский

RSS-лента

Жыл аяғына дейін «Нұр Ақтөбе» ауданында 12 тұрғын үй мен 194 жер үйдің құрылысы аяқталады

Published: 06 Желтоқсан 2017
20 рет

Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Жандос Байырханов «Нұр Ақтөбе» ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан үйлерді аралап, БАҚ өкілдеріне баспасөз турын ұйымдастырды.
Жандос Байырхановтың айтуынша, бүгінгі күні «Нұр Ақтөбе» ауданында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі уақытта №1, №1А шағын аудандарында жоспарланған құрылыстың 85 пайызы аяқталған.
• Биыл 1 желтоқсанға дейін тұрғындарға 8 үй тапсырылса, жыл аяғына дейін осы шағын ауданда қосымша 12 тұрғын үй мен 194 жер үйдің құрылысы аяқталады деп жоспарлануда. «Нұр Ақтөбе» ауданының ерекшелігі — бұл жерде толықтай инфрақұрылым қалыптасқан. Қазір бұл ауданда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үйлер панельден және кірпіштен салынып жатыр. Сондай-ақ жылу ұстайтын материалдар қолданылуда. Ал пәтерлердің аумағына келсек, 1 бөлмелі пәтердің ауданы 40-55 шаршы метр аралығында болса, 2 бөлмелі пәтерлер 55-65 шаршы метр аралығында, ал 3 бөлмелі пәтерлер 85 шаршы метрге дейін барады. Сондай-ақ кейбір тұрғын үйлерде 4 бөлмелі пәтерлер де бар, — дейді қала әкімінің орынбасары.
Оның айтуынша, келер жылы №1, №4 шағын аудандарда 900 орындық мектеп, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында екі балабақша, сондай-ақ емхана салынады.
Сонымен қатар келер жылы «Нұр Ақтөбе» ауданына №2, №51 бағыттағы автобустардан бөлек, қосымша бағыттағы қоғамдық көліктер шығарылады. Қазір шағын ауданда автобустар жүретін негізгі жолдар мен аялдамалар салынып жатыр.
• Қазір бұл ауданда 30 мыңға жуық адам тұрып жатса, 2018 жылы тұрғындар саны 38 мыңға жетеді деп жоспарлануда. Ал болашақта «Нұр Ақтөбе» ауданында тұратын тұрғындар саны 110 мыңға жетеді. Алдағы уақытта бұл ауданда әкімшілік орталық салынады. Сондықтан бұл аудан қаланың бір дамыған ауданы болады деп ойлаймын.
Бұл жерде 2012-2017 жылдар аралығында №2 шағын аудан бой көтеріп, оған көптеген тұрғын үйлер салынды. Қазір «Нұр Ақтөбе» ауданында №1, №3, №4 шағын аудандар салынуда. Бас жоспарға сәйкес 2025 жылға дейін бұл ауданда тағы 4 шағын аудан бой көтереді. Сондай-ақ Рауан елді мекеніне дейін жеке тұрғын үйлер салынады, — дейді Ж.Байырханов.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Нұр Ақтөбе» ауданында шағын қабатты несиелік тұрғын үйлерді беру жерге және үй алу үшін кезекте тұрған азаматтарға «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» акционерлік қоғамы арқылы жүзеге асырылады.
«Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының директоры Бауыржан Жуасбаев «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған үйлердің әр шаршы метрі 120 мың теңгеден сатылатынын айтады.
— Бұл үйлерді кез келген адам тұрғын үй құнының алғашқы 30 пайыз салымын сала отырып, жылдық 5 пайыз үстемеақымен банктік қарыз алу жолымен алуына болады. Несие мерзімі 19 жылға дейін созылады. Бүгінгі күні «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» акционерлік қоғамы арқылы тұрғындар екі бағыт бойынша, атап айтсақ, бірінші бағыт, нарықтық бағамен, яғни алатын тұрғын үй бағасының 50 пайызын жинап алатын болса, екіншіден, «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы тұрғын үй бағасының 30 пайызын жинап, жеңілдікпен ала алады. Тұрғындар бұл үйлерді біздің банк арқылы 8 жылға дейін жылдық 5 пайыз үстемеақымен, егер 19 жылға алса 3,8 пайызбен алады, — дейді ол.
Оның айтуынша, қазір бұл ауданда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында тез тұрғызылатын шағын қабатты несиелік тұрғын үйлерді 11 құрылыс компаниясы салып жатыр. Мердігер ұйымдар барлық тұрғын үйді арнайы сәулеттік жобамен тұрғызуда.
Биыл Тұңғыш Президент күнінде «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған 8 үй тапсырылып, жүздеген отбасы қоныстойын тойлады. Осындай отбасылардың бірі — Әсем Баязитованың отбасы.
Әсем облыс орталығындағы мейрамханалардың бірінде жұмыс жасайды. Бұған дейін 10 жылға жуық уақыт пәтер жалдап тұрыпты.
— Тұңғыш Президент күнінде пәтер кілтін алып, қоныстойын тойладық. Өзім жалғызбасты анамын. 5-сыныпта оқитын қызым бар. «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінен» есепшот ашып, екі жылдан астам уақыт 1 бөлмелі пәтер алу үшін үй бағасының 30 пайызын жинадым. Өте қуаныштымын. Өз үйің болғанға не жетсін! — дейді Әсем Баязитова.
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Нұр Ақтөбе» ауданында шағын қабатты тұрғын үйлер салып жатқан құрылыс компанияларының бірі — «Ақтөбе-Сәулет» ЖШС.
Серіктестік директоры Арнұр Ақмадидің айтуынша, бұл ауданда салынып жатқан үйлердің 90 пайызына облыстағы «Үй құрылысы комбинаты» ЖШС-ның құрылыс материалдары пайдаланылады. Ал құрылыс материалдарының қалған 10 пайызы Ресейден әкелінеді.
— Бұл аудандағы шағын қабатты тұрғын үйлер панельден, сондай-ақ кірпіштен салынуда. Бұл үйлердің бірқатарында 12 пәтер болса, кейбіреуінде 24 пәтер бар.
Тұрғын үйлердің барлығында газ плитасы, адамдардың қауіпсіздігіне арналып орнатылған белгі берушілер бар. Сондай-ақ шағын қабатты үйлерде арнайы жылу тетіктері қондырылған. Оларды күн жылығанда 40 градусқа дейін төмендетуге, егер қатты аяз болса, 100 градусқа дейін көтеруге болады. Сондай-ақ пәтерлерде жылы еден де бар, — дейді ол.

http://www.aktobegazeti.kz

Бағдарламалар

Баннеры

030000, Қазақстан Республикасы, Ақтөбе қ., Т.Ахтанов к-сі, 50