Қазақша   Русский

RSS-лента

Құрметті қалалық мәслихат депутаттары!

Мемлекет басшысының «Әкімдердің депутаттар алдындағы есебі туралы» Жарлығына сәйкес, Сіздердің назарларыңызға 2015 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Ақтөбе қаласының әлеуметтік - экономикалық дамуы бойынша өз есебімді ұсынамын.

Қазіргі таңда дүние жүзінде болып жатқан күрделі геополитикалық жағдай және әлемдік қаржы - экономикалық дағдарысының салдары, біздің әлеуметтік - экономикалық көрсеткіштерімізге де кері әсерін тигізуде.

Алайда, бұндай күрделі уақытта ел экономикасы өсімінің және дамуының кепілі - Елбасының ұсынған «бес институционалдық реформа» және «Нұрлы жол» атты жаңа стратегиялық бағдарламалары болмақ.

Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында жергілікті атқарушы органдардың негізгі стратегиялық бағыты осы аталған маңызды мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда болды.

Жалпы алғанда, қаламыздың әлеуметтік – экономикалық жағдайының оң үрдісі сақталуда.

2015 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша өндірілген өнеркәсіп көлемі 122,7 млрд. теңгені құрады, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсім 10,8%.

2015 жылдың 1 шілдесіне бөлшек тауар айналымының көлемі 183,6 млрд. теңге, нақты көлем индексі 101,6%-ды құрады.

2015 жылдың бірінші жартыжылдығында негізгі капиталдағы инвестициялар көлемі 40,4 млрд. теңге, табиғи өсім көлемі 51%-ды құрап отыр. 2014 жылмен салыстырғанда инвестициялардың төмендеуіне рельс-арқалық зауыты, №4 ферроқорытпа цехы және автомобиль жолдары сияқты аса ірі нысандардың өткен жылы іске қосылуы себеп болып отыр.

Есепті мерзім ішінде барлық меншік түрлері бойынша 130,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,7%-ға артық.

Салықтар мен басқа да төлемдер түрлері бойынша жоспар 119,3%-ға орындалды.

Шығыстардың орындалуы 17,9 млрд. теңге немесе 99,9%-ды құрады.

Жергілікті атқарушы органдар жұмысының негізгі бағыттарының бірі ауылшаруашылық саласы болып табылады.

2015 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 3,1 млрд. теңгені құрап отыр.

Соңғы жылдары қаламызда егіс алқаптарының құрылымдарын әртараптандыру бойынша мақсатты жұмыстар жүргізілуде. 2015 жылғы көктемгі егіс науқанында қала шаруашылықтары жалпы алғанда 18,6 мың гектарға егіс екті, соның ішінде мал азығы дақылдары 4,7 мың га, бұл өткен жылмен салыстырғанда 12%-ға артық, картоп алқаптары өткен жылғыдан 20%-ға артып, 182,5 га қамтып отыр.

Жылыжайда көкөніс өсіруді көбейту мақсатында қалада жылыжай кешендері қарқынды дамуда. Өткен жылы қалада, аумағы 8 га құрайтын 5 жылыжай кешені жұмыс жасаса, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша 6 жылыжай кешені 14 га аумақта орналасып отыр.

Ағымдағы жылдың 6 айында жұмыс істеп тұрған жылыжайлар қала тұрғындары үшін 1131 тонна көкөніс өнімдерін өндірді. Өндірілген өнімдер қаланың сауда орындарында сатылып, бағаның тұрақтылығына септігін тигізуде.

Алдағы уақытта қала аумағында тағы да екі ірі жылыжай кешенін салу жоспарланып отыр. Бұл үшін аумағы 12 га құрайтын жер учаскелері бөлінген.

Ағымдағы жылы қаланың ауылшаруашылық саласы бойынша 9 инвестициялық жобалар ұсынылған болатын. Қазіргі уақытта олардың үшеуі жүзеге асырылып отыр. Атап айтсақ, инвестиция құны 300 млн. теңгені құрайтын макарон фабрикасы және жалпы құны 67 млн. теңгені құрайтын Қурайлы және Благодар ауылдық округтеріндегі 130 басқа арналған екі сүт-тауар фермасы.

Ағымдағы жылдың соңына дейін жалпы инвестициялар құны 1,7 млрд. теңгеден астам 6 жоба жүзеге асырылатын болады. Олардың ішінде екі сүт-тауар фермасы, екі жылыжай кешені, көкөніс қоймасы және консерві цехы бар.

Қысқы мерзімде тұрғындарды қолжетімді бағаға көкөніспен қамтамасыз ету мақсатында тұрақтандыру қорының жедел қорына 1505 тонна көлемінде өнімдерді салу жоспарланған. Өткен жылдарда сияқты, ағымдағы жылы өнімдер жергілікті тауар өндірушілерден сатып алынатын болады. Бұл үшін қазіргі уақытта алдын ала фьючерстік келісім-шарттар жасалды.

Сонымен қатар, 2014 жылғы желтоқсан айында Ақтөбе қаласы әкімдігі және ірі бөлшек сауда орындары, азық-түлік базарлары арасында  жаңа меморандумдарға қол қойылды.

Азық – түлік тауарларына бағалар деңгейінің негізгі көрсеткіші Тұтыну индексінің бағасы болып табылады. 2015 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 101,1% құрады, яғни бұл орташа республикалық көрсеткіштен 0,3%-ға төмен. Өткен жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Ақтөбе қаласы, бағалар тұрақтылығының деңгейі бойынша республикада 2 орында тұр.

Қазақстанның индустриаландыру Картасына енген ҮИИД мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде Ақтөбе қаласында инвестициялық жобаларды іске асыру үшін белсенді әрі мақсатты жұмыстар жүргізілуде.

Осы Бағдарламаның бірінші кезеңін жүзеге асыру мақсатында қалада 43-тен астам инвестициялық жобалар іске асырылды.

Басталған жобаларды әрі қарай жүзеге асыру үшін тұрақты мониторинг жүргізілуде және барлық іске қосылған объектілердің жоспарлы қуатына шығу үшін көмек көрсетілуде.

Елбасы «Қазақстан-2050» стратегиясында және 30 дамыған елдің қатарына кіру Тұжырымдамасында экономикалық саясатты жаңғыртуға және экономиканы әртараптандыруға жаңа міндеттер қойды. Осы міндеттерді шешудің маңызды құралдарының бірі 2015-2019 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік Бағдарламасы болып табылады.

Бүгінгі күні Ақтөбе қаласы бойынша индустриалдандыру Картасы шеңберінде 2015-2017 жылдары іске қосылатын 659 жаңа жұмыс орындарын аша отырып, 9,3 млрд. теңге сомасына 10 жоба іске асырылады.

Соның ішінде, ағымдағы жылы 5,1 млрд. теңге сомасында 220 жаңа жұмыс орындары болатын 5 жоба іске қосу жоспарлануда. Олар:

- «Каспий плюс» ЖШС анкерлік бекіткіштер, пластик, металл өңдеу өндірістерін кеңейту, жоба ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында іске асырылды.

- «Жаңа-Әлжан диірмен комбинаты» ЖШС макарон фабрикасы. Фабриканың ерекшелігі, халықаралық сапа стандартына сәйкес 38 түрлі макарон өнімдерін шығаратын болады. Жаңа өндірісті пайдалануға беру 2015 жылдың тамыз айына жоспарланған.

- «ЕвразМеталКомпани» ЖШС ұнтақталған шар шығаратын цехі. Өндірісті іске қосу тау-кен рудалы және көмір өнеркәсібі, цемент шығарудағы және басқа да салалардағы сұраныстарды қанағаттандыруға бағыттылған. Жобаның толық аяқталуы ағымдағы жылдың қыркүйек айы.

- «ASBI SAT GROUP» ЖШС алдыңғы қатарлы технологияларды қолдана отырып, темір-бетон өнімдері өндірісін кеңейту. Бұл өндіріс «ҚТЖ ҰҚ» АҚ, сонымен қатар, республиканың құрылыс компанияларын қажетті және жоғары сапалы теміржол шпалдарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Алғашқы өнім ағымдағы жылдың желтоқсан айына жоспарланған.

- «Айс-плюс» ЖШС сүт өнеркәсібінің өндірістік күшін жаңғырту. Өнім жоспар бойынша 2015 жылдың желтоқсан айында шығарылады.

Қалада қосымша өзіндік өзектілігі бар және Индустрияландыру картасынан тыс жүзеге асырылатын жобалар іске асуда, бұлар: «Ника-99» ЖШС 3 га жылыжай кешенін кеңейту, «ЭкоВторТехРесурс» ЖШС кәдеге жарайтын автотрактор шиналарын және резеңке-техникалық өнімдерін жинау және кәдеге жарату жөніндегі цехы, «Айбек» СПК ет-консерві цехі және т.б.

Индустрияландыру картасының жаңа жобалары заманауи экономикалық ойы, жоғары өнімділік деңгейі бар, нарықтың кез-келген өзгерістеріне бейімделе алатын кәсіпорындардың қалыптасып отырған жіктелімінде лайықты орнын алады деп ойлаймын.

Инвестиция тарту және әлемдік стандарттарға жауап беретін осы заманғы өндірістік-өнеркәсіптік кешен құру мақсатында Ақтөбе қаласында Индустриалды аймақ құрылысы жүргізілуде.

Бүгінде индустриалды аймақтың аумағын көріктендіру және сумен, газбен, электрмен жабдықтау, автомобиль және темір жолдар, телефон және кәріз жүйесін салу жұмыстары жүргізілуде. Ауданы 1 294 шаршы метр әкімшілік-тұрмыстық ғимарат салынды.

Индустриалды аймақ аумағына мұнай-газ, құрылыс, көлік, химиялық салаларды дамытуға бағытталған 10 ірі және орта зауыттар, сонымен қатар 30-дан астам шағын зауыттар орналастыру жоспарлануда. Нәтижесінде мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылатын болады.

Қазірде, 3 бизнес субъектілерімен келісім-шарт жасалып, жалпы ауданы 23 гектар жер учаскесі бөлінді.

Индустрияландыру аймағы – өңдеу өнеркәсібінің жаңа өндірістік объектілерін орналастыруда басты аймақтардың бірі болады және қала экономикасын одан әрі әртараптандыруға жаңа серпін береді деп ойлаймыз.

2015 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша тіркелінген шағын және орта бизнестің жұмыс істеп тұрған субъектілерінің саны 40,3 мың бірлік құрады, ол өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,6%-ға артық.

Оның ішінде жұмыс жасайтындары 32,8 мың бірлік құрады немесе өткен жылдың ұқсас мерзіміндегіден 6,8%-ға артық.

Тіркелінгендер ішіндегі жұмыс жасайтын субъектілердің үлесі 81,4% құрайды.

2015 жылдың басынан бастап 40 кәсіпорынға мемлекеттік қолдау көрсетілді, оның ішінде субсидиялау бойынша – 37, кепілдендіру бойынша – 3.

Осы шаралардың нәтижесінде 1504 бірлік жұмыс орындары сақталып қалды, 299 жаңа жұмыс орындары ашылды.

Ақтөбе қаласы республикамыздағы агломерация орталықтарының бірі ретінде анықталған. Осыған байланысты құрылыс секторы стратегиялық басым бағыт болып табылады, мұнда дамудың жоғары қарқыны сақталып отыр.

Қазіргі уақытта «Нұр Ақтөбе» жаңа тұрғын массивінде 1 521 пәтерлі, жалпы ауданы 93,2 мың шаршы метрді құрайтын 28 блок-секциялы тұрғын үй құрылысы жалғасуда. Соның ішінде 1080 пәтер «Тұрғынүйқұрылысжинақ» жүйесімен, 234 пәтер жас отбасыларға арналған жалдамалы тұрғын үй және 207 пәтер жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғандарға арналған тұрғын үй.

Алғаш рет 2015 жылы Ақтөбе қаласында «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» ипотекалық ұйымы» акционерлік қоғамының желісі бойынша өтініш қабылданды. Тұрғын үйлерді өткізу кейіннен сатып алынатын жалдау арқылы іске асырылады.

Бұл бағыт бойынша «Батыс-1» ықшам ауданындағы 70 пәтерлі «Степной» тұрғын кешені және Қазанғап көшесі, 57 «В» мекен-жайындағы 7 пәтерлі тұрғын үйлер іске асырылуда.

Ағымдағы жылдың аяғына дейін жаңа объектілерге келісім жасау жоспарлануда, олар 12 ықшам аудандағы «Кең Дала» және 41 разъездегі «Алтын Дала» ықшам аудандарындағы пәтерлер.

Қалада тұрғын үй құрылысы көлемінің өсуі жылумен, сумен жабдықтаудың және газбен, электрмен жабдықтаудың жаңа инженерлік желілерін, сонымен қатар кәріз желілерін салуды қажет етеді.

Бүгінгі күні «Нұр Ақтөбе» ықшам ауданында төрт көп қабатты тұрғын үйге инженерлік желілер құрылысы аяқталды.

«Нұр Ақтөбе» ықшам ауданында жалдамалы тұрғын үйге инженерлік желілер құрылысы, «Городская» 110 кВ АС-тен «Батыс-2» ықшам ауданына дейін ВЛ-10 кВ электрмен жабдықтаудың резервтік желісінің құрылысы және «Нұр Ақтөбе» ықшам ауданын газбен жабдықтау үшін газ шығынын есептеу торабының құрылысы жүргізілуде.осы объектілерді іске қосу ағымдағы жылға жоспарланған.

«Ақжар» - 41 разъезд - «Сельмаш - 1,2» ВЛ 110 кВ құрылысы, Сазды – 2 кентінің жаңа құрылыс ауданын газбен және сумен жабдықтау, К.Нокин ауылын газбен жабдықтау желілерінің құрылысы жалғасуда.

Жіңішке станциясын газбен жабдықтау желілері, Ақжар кентінің ескі бөлігі мен Мағаджан селосының электрмен жабдықтау желілерін қайта жаңарту құрылысы аяқталды.

2015 жылы 362,8 млн. теңгеге магистральды және квартал ішілік қалалық жылу желілерінің 19 объектісін қайта жаңарту жүргізілуде. Бұл объектілер жылыту маусымы басталғанға дейін аяқталатын болады.

«Алатау» СОК–нен КНС-11-ге дейін Д-1500 мм өздігінен ағатын коллектрді қайта жаңарту, кейбір учаскелерде көшедегі су құбыры желілерін, 11 және 12 ықшам аудандардағы аула ішілік сумен жабдықтау желілерін қайта жаңарту жалғасуда.

Қазіргі уақытта Ақтөбе қаласында Еуропалық Қайта жаңарту және Дамыту Банкімен бірлесіп жалпы құны 4 млрд. теңгеге жуық Ақтөбе қаласының су айдау және сумен жабдықтау жүйелерін қайта жаңарту жобаларын іске асыруды.

Сонымен қатар, «Трансэнерго» АҚ және ЕБҚД арасында Ақтөбе қаласының жылу желілерін қайта жаңарту бойынша жалпы сомасы 3,1 млрд. теңгеге несиелік келісім шартқа қол қойылу сатысында. Бұл жобалар 2016-2018 жылдары іске асырылатын болады.

«Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Ақтөбе қаласында жалпы құны 3,98 млрд. теңгені құрайтын бірнеше бағыт бойынша бірқатар жобалар іске асырылуда. Бұл 4 білім беру, инженерлік - коммуникациялық инфрақұрылым және тұрғын үй құрылысы объектілері. Сонымен қатар «Трансэнерго» АҚ балансындағы қазандық және жылумен жабдықтау желілерін жөндеу бойынша күрделі жұмыстар өткізілуде. Жалпы ұзындығы 16,4 км құрайтын 66 аумаққа жылу желілеріне жөндеу жүргізу және 3 қазандықты толық қайта жаңартуды іске асыру жоспарлануда. «Ақбұлақ» АҚ су құбыры және кәріз желілерін жөндеуге қатысты 2016 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында инвестиция көлемі 1,2 млрд. теңгені құрайтын 3 объектіні іске асыру жоспарлануда.

Ақтөбе қаласында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру да жалғасуда.

2015 жылы барлығы 10 көп пәтерлі тұрғын үйлерге жөндеу жұмыстарын жасау жоспарланып отыр, олардың ішінде, республикалық бюджеттен бөлінген жалпы сомасы 146 млн.теңгеге 6 үй және 2011-2012 жылдары жөнделген үйлердің меншік иелерінің қайтарымды қаржысы есебінен жалпы сомасы 100,0 млн. теңге қаржы есебінен 4 үй жөнделетін болады.

Қазіргі таңда 3 үй бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары басталса, қалған 7 объекті мемлекеттік сараптамадан өтуде. Мемлекеттік сараптама қорытындысының оң нәтижесін алғаннан кейін, аталған үйлерде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, жылыту маусымына дейін аяқталады.

Қазіргі уақытта Ақтөбе қаласының негізгі және жақын аумақтарын өртке қарсы қорғауды төрт өрт бөлімдері жүзеге асырады. Дегенмен, қазіргі уақыттағы қала халқының өсуіне байланысты өрт сөндіру кезінде машиналардың шығу радиусы нормаға сәйкес келмейді. Осыған байланысты, тиісті өртке қарсы қорғаумен қамтамасыз ету мақсатында 6 шығуға арналған өрт сөндіру депосы кешенінің құрылысы басталды. Объекті ағымдағы жылы пайдалануға беріледі.

Одан басқа, «Батыс-2» шағын ауданында жүргізушілер мен автокөлік құралдарын тіркеу үшін мамандандырылған ХҚКО-ның құрылысы жүргізілуде. Бұл кешенде тіркеу, емтихан бөлімдері, практикалық емтиханның бірінші кезеңін қабылдау және оқыту үшін арналған автоматтандырылған автодром қарастырылған. Нысан ағымдағы жылы пайдалануға берілетін болады.

Жыл сайын автокөлік құралдарының саны артуда. Егер 2013 жылы тіркелген көлік құралдарының саны 110 мың бірлік болса, қазіргі таңда көлік құралдарының саны 22 мың бірлікке өсті және 132 400 бірлікті құрап отыр.

Қаланың көше-жол желісінің өткізу мүмкіндігін жақсарту мақсатында қаланың жол инфрақұрылымдарын жақсартуға бағытталған бірқатар шаралар қабылдануда.

Қала тұрғындарында Ақтөбе қаласының тек бір көшелер ғана, атап айтатын болсақ негізгі Ә.Молдағұлова және Әбілқайыр хан даңғылдары жылма - жыл жөнделетіні туралы пікір қалыптасқан. Бұл түбірінен дұрыс емес.

Бүгінгі өзімнің есебімде мен осы мәселені арнайы қозғап отырмын. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуын пайдалана отырып, нақты жағдайды тұрғындар назарына жеткізгім келеді.

Назарларыңызға 2005 жылдан 2015 жылға дейінгі жүргізілген жол құрылысының барлық жұмыстарына жүргізілген мониторинг бойынша мәліметті ұсынамын.

2005 жылдан 2012 жылға дейінгі өткен 7 жыл ішінде Ақтөбе қаласында 113 көше жөнделді, оның 35-і екінші дәрежелі көшелер, соның ішінде 10 көшеде ешқашан асфальт жамылғысы болмаған.

Ал, 2012 жылдан бүгінгі күнге дейінгі соңғы 3 жылда жөнделген және биылғы жылы жөндеуге жататын көшелер саны - 109. Оның 69-ы екінші дәрежелі көшелер болса, ал 48- ешқашан асфальт жамылғысы болмаған көшелер.

Мысалы, бүгінгі күні Гуцало, Жармағамбетов, Чапаев, Париж коммунасы, Алтай батыр, Кутуев, Козенков және т.б. көшелерге жөндеу жұмыстары жүріп жатыр және бұның бәрі екінші дәрежелі көшелер.

Одан басқа, соңғы 3 жылда қала бойынша жалпы ұзындығы 25 км тротуар салынды және жөнделді. Бұл дегеніміз салыстырмалы түрде Ақтөбе қаласынан Алға ауданының Маржанбұлақ ауылына (бұрынғы Прогресс) дейінгі ара қашықтық. Ұзындығы 10 км астам арық және су тарту жүйелерін салу жұмыстары жүргізілді.

Негізгі Ә.Молдағұлова мен Әбілқайыр хан даңғылдарының жөндеу жұмыстарына келетін болсақ, әр жылдары бұл даңғылдардың әр бөлігіне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Яғни, жөндеу жүргізу мерзімдеріне бекітілген құрылыс нормалары мен ережелері сақталып отырды. Және тиісті мекемелерге бірнеше рет растау құжаттары тапсырылды.

Сол себепті, біз арнайы толық талдау жүргіздік және жоғарыда келтірілген деректер қаладағы және ауылдық округтердегі жол жұмыстарының нақты көріністерін толық растайды.

Қазіргі уақытта үстіміздегі жылы аяқтауды жоспарлап отырған 25 нысанда жұмыстар жүргізіліп жатыр, олар:

- Абай даңғылынан Бейбітшілік даңғылына дейінгі Есет батыр көшесінің автокөлік жолын күрделі жөндеу. Бұл жоба бойынша қазіргі күні жұмыстың 80 пайызы аяқталды.

Бүгінгі күнге дейін Қобда бағытындағы Самара – Шымкент трассасынан қалаға кіре берісте көліктер кептелісі және «Батыс-2» шағын ауданындағы Бәйішев көшесі бойында, Ә.Молдағұлова даңғылдарында үнемі көлік кептелісінен проблема болды. Барлық осы аталған учаскелер әзірленген бір тұжырымдама арқылы түбірінен шешіледі, соған сәйкес белсенді жұмыстар жүргізілуде және бүгінде оң нәтижелерін көріп отырмыз. Бұлар төмендегі учаскелер:

- Ә.Молдағұлова даңғылындағы автомобиль жолын (Сәңкібай батыр даңғылынан Бәйішев көшесіне дейін) кеңейтуді 6 жолаққа дейін қайта жаңғырту;

- Бәйішев көшесінен «Табыс» базарына дейінгі жол 4 жолаққа дейін кеңейтіліп, қайта жаңғыртылуда. «Табыс» базары маңындағы қиылыста бағдаршам орнатылады және реттелетін қиылыс ұйымдастырылады;

- Самара-Шымкент трассасының 723 шақырымынан Сәңкібай батыр даңғылына дейінгі автокөлік жолын күрделі жөндеу. Бұл жерде 4 жолақты жол қозғалысын ұйымдастыра және бөлу жолақтарын орната отырып, жүретін бөлігін кеңейту жұмыстары жүргізіледі;

Бүгінде Ә.Молдағұлова мен Сәңкібай батыр даңғылдарының қиылысында қосымша оңға бұрылыс пен бағдаршам орнатылған толыққанды 6 жолақ ұйымдастырылды. Көріп отырғанымыздай, жолдарды кеңейту нәтижесінде осы қиылыстың өткізу мүмкіндігі бірнеше есе артты және көліктер ағынын жеңілдету үшін «Батыс- 2» шағын ауданында ішкі жолдар салынды. Осылайша, барлық аталған учаскелердегі көлік кептелісінің мерзімі жеткен проблемалары шешіледе.

- К.Нокин және Жанқожа батыр көшелерінің қиылысындағы автокөлік жолын күрделі жөндеу. Жобаға сәйкес оңға бұрылу жолы салынып, қиылыстың жүретін бөлігі 4 жолақтан 6 жолаққа дейін кеңейтілді, бұл көлік құралдары қозғалысын жақсартты;

- Асау-Барақ көшесінен Қонаев көшесіне дейінгі Шернияз көшесіндегі автомобиль жолын күрделі жөндеу;

Жоспар бойынша өткен жылы Қонаев және Асау-Барақ көшелеріндегі автомобиль жолдарын күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Қонаев көшесінде автожолдарды 4 жолаққа дейін кеңейту жұмыстары жүргізілуде.

Ал Асау-Барақ көшесінде асфальт-бетон жамылғысының төменгі қабаты төсеу жұмыстары орындалып, жарықтандырудың болат тіректері мен су тарту жүйелері орнатылды. Тамыз айында аяқталуға тиісті асфальттың үстіңгі қабатын төсеу жұмыстары қалып отыр.

Биылғы жылы «Рауан», «Ақжар- 2» тұрғын массивтерінде автомобиль жолдарының құрылыс жұмыстары аяқталды.

М.Мәметова көшесіндегі автомобиль жолы төсенішінің жағдайы қанағаттанарлықсыз болуына байланысты Әбілқайыр хан даңғылынан «Аида» сауда үйіне дейінгі учаскеде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні жүретін бөлігі 4 жолаққа дейін кеңейтіліп, тұрғын үйлер жағынан тротуар, жарықтандыру орнату және М.Мәметова көшесінен Әбілқайыр хан даңғылына қарай оңға бұрылу жолын салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Көшені тамыз айының басында ашуды жоспарлап отырмыз.

«Сельмаш» көпірі ауданындағы көлік кептелісін шешу мақсатында жол өтпесінің жобалау сметалық құжаттары дайындалды, қазіргі күні ЖСҚ мемлекеттік сараптамада қаралуда.

2014 жылы Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 70 жылдығын мерекелеу шеңберінде Кеңес Одағы Батырларының есімдерімен аталған 34 көшеге тексеру жұмыстары жүргізілді.

Нәтижесінде өткен жылы 7 көшеге күрделі жөндеу жүргізілді, олар – Вавилов, Гастелло, Панфилов, Бөкенбаев, Ешпаев, Наумов, Чайкина көшелері.

Үстіміздегі жылы осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Олар Козенков, Смирнов, Гуцало, Кутуев, М.Мәметова көшесінің Әбілқайыр хан даңғылынан «Аида» сауда үйіне дейінгі бөлігі, Дубинин және басқалары. Бірқатар көшелерге ЖСҚ әзірленуде. Жұмыс 2016 жылы жүргізілетін болады.

Жасыл желектерді көгалдандыру және күтіп-ұстау жұмыстарына ерекше көңіл бөлінуде. 2010 жылы қала аумағында Аэропорт ауданы, Бөгенбай батыр көшесі, Абай даңғылы, жоғары Қарғалы трассасы, Хромтауға шығатын жақ, «Болашақ» тұрғын массиві және Тұңғыш Президент саябағы аумағында 30 000-ға жуық көшет отырғызылды. Қазіргі күні барлық аумақтардағы отырғызылған көшеттердің ұласып өсуі бекітілген көрсеткіштерге сәйкес 88 пайыздан жоғары нәтиже көрсетіп отыр. Негізінен ағаштардың жапырақты мынадай сорттары отырғызылды: үйеңкі, қарағай, терек, шегіршін.

Биылғы жылдан бастап суарудың жаңа жүйесі «тамшылап суару» әдісі қолданылуда. Қазіргі күні 2000 көшет қамтылды, қаланың басқа бөліктеріндегі талдарды да осындай әдіспен суаруды ұйымдастыру жоспарлануда.

Бұдан басқа, үстіміздегі жылдың күз мезгілінде 1,5 мың ірі көлемді көшет отырғызу жоспарлануда. Қазіргі күні тендер өткізіліп, мердігер мекеме анықталды, дайындық жұмыстары жүргізілуде.

«Жол қозғалысын автоматтандырылған жүйемен басқару» немесе АСУДД жобасын енгізу жұмыстары аяқталу сатысында. Аталмыш жүйені енгізуде бағдаршам нысандарының жұмысын онлайн тәртібімен реттеуді мүмкін етеді, бұл уақытша параметрлерді қашықтықтан басқаруға және ақауларды уақытылы жоюға мүмкіндік береді.

Жуық арада қаланың проблемалы учаскелерінде жаңа бағдаршам нысандарын орнату жоспарлануда. Некрасов- Ахтанов, Уәлиханов-Ахтанов және кейбір «шақырушы» деп аталатын жаяу жүргіншілердің бағдаршам нысандары сияқтылар. Бұл М.Мәметова көшесінің жаңа гүлзар аумағындағы және Бөкенбай батыр көшесінің «Болашақ» шағын ауданындағы бағдаршамдар.

Сонымен қатар, 7 аялдама павильонын орнату жұмыстары жүргізілуде.

Қаланың санитарлық жағдайын қолдау мақсатында «Таза қала» ҚМК-на биылғы жылы жаңа 10 арнайы техника сатып алынды. Олар 3- жанына тиелетін қоқыс шығарғыш, 2 – өзі түсіргіш, 2 - тиегіш, 2 - бортты газель және 1 бульдозер.

Білім беру саласы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. 2015 жылы бұл саланы қаржыландыру 10,6 млрд. теңгедей құрады.

Соңғы бірнеше жылда қалада жеке балабақшалар желісінің дамуы байқалуда. Егер 2013 жылы 20 жеке балабақша болса, бүгінгі күні олар 30-ға жетті. Мемлекеттік білім беру тапсырысы 30 балабақшада 4871 орынға орналастырылған.

2015 жылдың бірінші жартыжылдығында екі білім ұйымы пайдалануға берілді. Бұл «Заречный-4» ауданындағы 150 орындық «Нұр-Ай» балабақшасы және «Батыс-2» ықшам ауданындағы 300 орындық «Айлин» жеке балабақшасы. Осылайша, 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 50% құрады. 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 81,7% құрайды. 2014 жылдың басында 76% болды. Мектепке дейінгі тәрбиемен барлығы 20 559 бала қамтылған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3141 балаға артық.

Облыстық физика-математика мектебін 240 орындық балабақша ретінде қайта құру жүргізілуде. Бұл нысанды іске қосу 2015 жылдың екінші жартыжылдығына жоспарланған. Одан басқа, қазіргі кезде тағы үш балабақшаның құрылысы жүргізілуде. Олар «Заречный-1» ауданындағы 150 орындық балабақша, «Нұр Ақтөбе» ауданындағы 320 орындық балабақша және Қарғалы ауданындағы 320 орындық балабақша. Жалпы алғанда ағымдағы жылы 860 орындық төрт мемлекеттік балабақша пайдалануға берілетін болады.

Қазіргі кезде жоспарлы түрде төрт мектептің құрылысы жүргізілуде. Олар:

- Жаңақоныс кентіндегі 600 орындық мектеп;

- Өрлеу кентіндегі 270 орындық мектеп;

- «Нұр Ақтөбе» ықшам ауданындағы 1200 орындық мектеп;

- Кірпішті кентіндегі 320 орындық мектеп.

Сонымен қатар ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында Заречный-3 ауданында 600 орындық орта мектептің құрылысы басталатын болады.

Бұдан басқа, ағымдағы жылы №3 орта мектепке күрделі жөндеу жүргізу үшін 7,8 млн теңге бөлінді.

Қала мектептерінің материалдық-техникалық базасын жабдықтау үшін 90,3 млн. теңге қарастырылған, оның ішінде химия, физика, биология кабинеттерін жабдықтауға 41,5 млн. теңге бөлінді. Бүгінгі күні білім беру сапасының негізгі көрсеткіштерінің бірі, оқушылар білімін сыртқы бақылау – Ұлттық Бірыңғай Тестілеу болып табылады. ҰБТ көрсеткіші бойынша республика қалалары арасында біздің қаламыз төртінші орын алды.

Қоғамды әлеуметтік жаңғыртудың басты бағыттарының бірі жұмыспен қамту бағдарламасын жүзеге асыру және жұмыссыздық деңгейін төмендету болып табылады. Халықты жұмыспен қамту шаралары нәтижесінде ағымдағы жылдың 6 айында 1970 жұмыссыз жұмыспен қамтылған, соның ішінде тұрақты жұмысқа - 1616 адам, қоғамдық жұмыстарға - 354 адам орналастырылды.

Қаланың қәсіпорындарымен және ұйымдарымен ағымдағы жылдың 1 шілдесінде 3659 жаңа жұмыс орындары ашылды.

2015 жылға «Жұмыспен қамту 2020 жол картасын» жүзеге асыру мақсатында бюджеттен 96,8 млн. тг. қарастырылған, соның ішінде ағымдағы жылдың 1 шілдесіне 35,2 млн. теңге игерілді.

2013 жылдан бастап барлығы 25 инфрақұрылымдық жобалар аясында 611 жаңа жұмыс орындары ашылып, соның ішінде жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен 313 адам жұмысқа орналастырылды немесе жоспар бойынша 100%. Ағымдағы жылы 2 объектіге күрделі жөндеу жүргізу кезінде 29 жұмыс орны ашылып, Жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен 15 адам бағытталды немесе жоспар бойынша 100%.

Ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту мақсатындағы Бағдарламаны жүзеге асыру басталғаннан бері 58 ауыл тұрғыны жалпы көлемі 129,3 млн.теңгені құрайтын шағын несиеге қол жеткізді, соның ішінде 24-і әйелдер. Негізгі бағыттары - мал шаруашылығы және қызмет көрсету саласын дамыту (кафе, оқу орталығы, ателье, стоматологиялық кабинет, шаштараз, кондитерлік және т.б.) Ағымдағы жылдың соңына дейін қайта инвестициялау қаражаты есебінен 6 ауылдық жер тұрғынына 18 млн.теңге көлемінде шағын несие беру қарастырылған.

Ағымдағы жылы әлеуметтік жұмыс орындарына жоспардағы 75 адамның орнына 57 адам орналастырылды. Әлеуметтік жұмыс орындарын аяқтаған барлығы 144 адамның 96-ы немесе 67%-ы тұрақты жұмысқа орналастырылды. Жыл басынан бері жастар тәжірибесіне жоспардағы 223 адамның орнына 147 түлек жіберілді.

Жастар тәжірибесін аяқтаған 247 адамның 179-ы немесе 72,4% тұрақты жұмысқа орналастырылды.

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70-жылдығын мерекелеу жылындағы тұрғындарды әлеуметтік қорғау жұмыстары ерекше маңыз алады. Қазіргі таңда, қалада 130 Ұлы Отан соғысының ардагері тұрады. 9 Мамырға Ұлы Жеңіске үлес қосқан 6404 ардагерге біржолғы материалдық көмек көрсетілді. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 155,3 млн. теңге және жергілікті бюджеттен 141,9 млн. теңге төленді.

Жеңістің 70-жылдығын мерекелеу жөніндегі іс-шараларға қала кәсіпкерлері белсенді қатысты. «Ардағым ардагерім» акциясы аясында 77 Ұлы Отан соғысының қатысушыларына демеушілік қаржы есебінен 47,0 млн. теңге сомасына тұрғын үйі жөнделінді, 51 ҰОС қатысушыға 5,1 млн. теңге сомасына материалдық көмек көрсетілді.

Қаламызда спорт инфрақұрылымын әрі қарай дамытуға және материалдық техникалық базасын жақсартуға бағыттылған, бірқатар ұйымдастыру шаралары қабылдануда. Ағымдағы жылдың 11 шілдесінде Қарғалы ауылдық округінде жалпы көлімі 4,5 мың шаршы метрді құрайтын балалар және жасөспірімдер спорт мектебі пайдалануға берілді. Жаңа ғимаратта гимнастикалық снарядтар, күрес және тренажер залы қарастырылған.

Қала және ауылдық округтер аумағында 2011-2015 жылдар аралығында оқу орындарының жанында және көп қабатты тұрғын үйлер аулаларында жасанды жамылғы төселген заманауи стандарттарға сай 67 спорттық алаңдар салынды.

Тұрақты дене шынықтыру және спортпен айналысатын қала тұрғындарының саны – 27,3%-ды құрайды.

Қала әкімдігі мен қалалық ІІБ тарапынан қылмыс және басқа да құқық бұзушылықтың алдын алуға, азаматтардың жеке және мүліктік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады.

Өткен жылдың осындай мезгілімен салыстырғанда қылмыстың ашылуы 18,7%-ға артты.

Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында көшелерде және қоғамдық жерлерде қылмысты болдырмау мақсатында 14 жедел-алдын алу іс-шаралары өткізілді.

Алынған шаралар нәтижесінде қылмыс саны, қоғамдық жерде 3,8%-ға, көшелерде 2,7%-ға азайды.

Одан басқа, қылмысты ашуда және болдырмауда сыртқы бейнебақылау камералары іс жүзінде айтарлықтай тиімділікті көрсетті.

Қазіргі уақытта қала көшелерінде 108 бейнекамера орнатылған, олардан ақпарат қалалық ІІБ-нің Жедел Басқару Орталығына түседі.

Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында сыртқы бақылау камераларының көмегімен барлығы 12 458, соның ішінде жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін құқық бұзушылық анықталды. Камералар көмегімен 59 қылмыс ашылды.

Құрметті депутаттар!

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың белгілеген стратегиялық міндеттерді жүзеге асыру, тек саяси тұрақтылық, ұлттық бірлік, қоғамдағы жоғарғы рух, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы оң өзгерістер жағдайында ғана мүмкін.

Осыған орай, Ақтөбе қаласының тұрақты әлеуметтік – экономикалық дамуы үшін алға қойған мақсаттарымызға атқарушы билік пен жергілікті органдардың бірлескен жұмыстарының арқасында қол жеткізетінімізге толық сенімдімін.

Назарларыңызға рахмет.

Бағдарламалар

Баннеры

030000, Қазақстан Республикасы, Ақтөбе қ., Т.Ахтанов к-сі, 50