Қазақша   Русский

RSS-лента

Сіздердің назарларыңызға Новый ауылдық округінің 2015 жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік – экономикалық дамуы туралы баяндамамды ұсынамын. Бүгінгі кездесуіміздің негізгі мақсаты халықты елде жүргізіліп жатқан реформалардың іске асырылуы мен тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің есепті кезеңдегі әлеуметтік - экономикалық дамуы, оны одан әрі дамыту міндеттерінің негізгі бағыттарынан хабардар ету, тұрғын халықты мемлекеттік басқару процесіне кеңінен тарту болып табылады.

       Ақтөбе қаласына қарасты Новый ауылдық округінің аумағындағы Жаңақоныс пен Құрашасай елді-мекендеріндегі халық саны 11200-ді құрайды. Олардың ішінде, балалар саны - 3380, студенттер - 580, зейнеткерлер - 1061, мүгедектер - 180. Жұмысқа жарамды экономикалық белсенді халық саны 6000 адам болып отыр.

Округ әкімдігіне тиесілі аумақта ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен 15 шаруа қожалығы, 5 жауапкершілігі шектеулі серіктестік,                 1 өндірістік кооператив айналысады. Мал шаруашылығымен айналысатын ауыл шаруашылық құрылымдары мен жеке тұрғындар қолында 2016 жылдың 1 қаңтарына жүргізілген санақ бойынша 1134 бас ірі қара, 4447 бас қой-ешкі, 201 бас жылқы, 50 бас түйе, 25 шошқа, 1486 бас құс бар. Осы түліктердің бәрі есепке алынып, бірдейлендіру жұмыстары жүргізіліп, компьютерлік базаға енгізілді. Ауыл шаруашылық құрылымдары мен жеке тұрғындар       2015-2016 жылдың мал қыстату науқанына қажетті жем-шөп даярлауда         3906 тонна жем- шөп дайындап алды. Жыл басынан бері округ аумағындағы ауыл шаруашылық құрылымдары мен жеке тұрғындар малдарының бруцеллез, туберкулез ауруларына шалдығуын анықтау мақсатында қолдағы бар мал басынан қан алынып тексерілді. Осы тексерулер нәтижесінде шаруа қожалықтарынан 3 бас ірі қара, жеке тұрғындардан 4 бас ірі қара сарып ауруына шалдыққаны анықталып, бес күн ішінде арнайы «Айбек» мал сою пунктіне жеткізіліп, сойылды. Қой-ешкіден 40 бас ауру болып шығып, жойылды. Ауру мал тұрған аулаларға бекітілген жоспар бойынша залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Биылғы жыл егін шаруашылығы үшін қолайсыздау болды, дегенмен көктемде егілген 600 гектар күнбағыстан 126 тонна өнім алынды. Сонымен қатар, «Матай» шаруа қожалығы 30 га жерге көкөніс мен картоп егіп, көкөністен- 80 тонна, картоптан- 41 тонна өнім алса, «Жаңақоныс» шаруа қожалығы 3,5 га жерге көкөніс егіп- 36 тонна өнім алды. Аталған «Жаңақоныс» шаруа қожалығына - 175000 мың теңге, «Матай» шаруа қожалығына - 5 млн 636 мың теңге өсімдік шаруашылығы өнімінің шығымдылығы мен сапасын арттыруға жергілікті бюджеттен субсидия төленді. 2015 жылы округ аумағына қарасты 1500 гектар жерге саяқ шегірткеге қарсы «Құнарлылық» ЖШС-гі күшімен химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді.

         Селода шағын кәсіпкерліктің дамуы да маңызды, себебі тұрғын халықты жұмыспен қамту мәселесін шешеді. Бүгінгі күні екі селода 44 дүкен, 2 кафе, 7 монша мен 4 шаштараз, жиһаз дайындау цехы мен автокөлік жөндеу шеберханасы, тігін цехтары, т.б. барлығы 73 кәсіпкерлік нысан жұмыс жасайды. Тұрғын халықтың кәсіпкерлік жұмыспен айналысуына барлық жағдайлар жасалынып, әрдайым қолдау көрсетіліп отырылады. Осы жүргізілген жұмыстар нәтижесінде үстіміздегі жылы 7 кәсіпкер- сауда үйі, қоғамдық монша, кафе мен 4 азық түлік дүкені сияқты халыққа қызмет көрсететін орындарын ашып, өз істерін бастады.

Сонымен қатар, «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасының екінші бағыты аясында 5 адам жеке кәсіпкерлікпен айналысу мақсатында 13,5 млн.теңге шағын несие алды. Және 4 адам «Даму» акционерлік қоғамының «Несие», «Кәсіпкер» бағдарламалары арқылы мал шаруашылығымен айналысу, қоғамдық монша ашып халыққа қызмет көрсету мақсатында несие алып, кәсіпкерліктерін ашты.

       Білім беру саласы бойынша округтегі екі орта мектепте 1473 бала оқиды. Сапалы білім беріп, бала тәрбиелеу жұмысында 142 мұғалім еңбек етуде. Оның 17-сі жоғары санатты, 43-і бірінші санатты, 44-і екінші санатты білімді ұстаздар. Жаңақоныс ауылында сметалық құны 866 млн. теңгені құрайтын 600 орындық жаңа мектеп ғимараты өткен жылдың 1 қыркүйегінде пайдалануға берілді. Новый орта мектебі 2015-2016 оқу жылынан бастап республикадағы 30 пилоттық мектептің, ал облыс бойынша екі мектептің бірі болып жаңартылған білім беру бағдарламаларын апробациядан өткізу экспериментіне қатысуда. Осыған байланысты, ұстаздар Астана, Алматы қалаларында барлық деңгейдегі мұғалімдердің кәсіби біліктілігі мен шығармашылық ізденістерін жетілдіру курстарынан өтті.

      Эксперимент класстардың материалдық техникалық базасын нығайту мақсатында 23,6 млн. теңге қаражат бөлініп, интербелсенді тақта, ноутбуктер, салқындатқыш, жұмсақ жиһаздар мен сабаққа қажетті көрнекі құралдар алынды. Сонымен қатар, арнайы жабдықталған химия, физика, мультимедиа, 2 информатика кабинеттері, ағаш, металл шеберханалары жұмыс жасайды. Мектеп кітапханасы мен мәжіліс залы заманауи талапқа сай жабдықталған.

      2014- 2015 оқу жылын екі мектептен 65 түлек бітіріп, 53 оқушы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатынасты. Орташа көрсеткіш Новый орта мектебінде-         82,2 пайыз, Құрашасай орта мектебінде - 82,3 пайыз. Құрашасай орта мектебінің 2 бірдей оқушысы «Алтын белгі» иегері атанды.

       Оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру мақсатында екі мектептен аз қамтылған отбасы балаларынан 20 оқушы қала сыртындағы тынығу лагерлеріне жолдама алса, мектеп жанындағы балалар алаңында               200 бала дем алды. Мектептердегі аз қамтылған отбасы балаларынан                       273 бала тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп отыр.

Оқу жылы барысында екі мектепке жалпыға бірдей білім беру қорынан 4 млн теңге бөлініп, осы қаражат аз қамтылған отбасы балаларының тамақтануына, киімдер алып берілуіне және жазғы демалыс лагерлерінде дем алуларына жұмсалды. Және де Новый, Құрашасай орта мектептеріндегі аз қамтылған отбасы балаларына 425 620 теңге көлемінде «Мектепке жол» және қайырымдылық акциясы аясында көмек көрсетілді.  

         Мектепке дейінгі ұйымдарда № 35 «Балбұлақ» бала бақшасында               220 бала, «Малика- 4» жеке бала бақшасында 65 бала тәрбиеленуде.

      Жаңақоныс ауылындағы ескі мектептің 2 бірдей ғимаратын тиімді пайдалану мақсатында жасөспірімдер мен балалар арасында туризммен айналысатын «Қалалық жас туристер стансасы» ММ-сі мен «Балалар шығармашылық үйі» МКҚК жұмыс жасауда. Бұл мекемелерде балалардың жас ерекшеліктеріне қарай би, сурет, домбыра, тігу, спорт, туризм, өлкетану, т.б. үйірмелерге қатысуға мүмкіндіктер бар.

      2015 жылдың мамыр айында Құрашасай ауылындағы әкімдік ғимаратынан тұрғындардың рухани деңгейін көтеру, оқушылар мен студенттерге тақырыптық тапсырмаларын ізденуге мүмкіндігі мол ғаламтор желісіне қосылған 2 компьютер, балалар көркем әдебиеттерімен, энциклопедиялық сөздіктер сияқты 3800 кітап қорымен жабдықталған кітапхана ашылды. Бүгінгі күні 366 тұрақты оқырманы бар.

         Округ аумағындағы екі елді-мекенде жаңадан салынған дәрігерлік амбулаториялар жұмыс жасайды. Барлық қажетті медициналық құралдармен жабдықталған, дәрігер мамандар жеткілікті. Биылғы жылы округ аумағында 301 сәби дүниеге келді.

      Округтің елді-мекендері мен мал қыстақтары түгелдей Ақтөбе қаласынан таратылатын барлық телеканалдардан хабарлар көріп отыр. Жаңақоныс, Құрашасай ауылдарында «Байнұр и П» ЖШС-нің 1007 абоненті болса, «Қазақтелеком» АҚ-ның 1196 абоненті телефон байланысы мен интернет желісінің қызметін пайдалануда.

Округ аумағында 1 Ұлы Отан соғысының ардагері, 93 тыл еңбеккерлері, 145 көп балалы аналар мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қамқорлық көмек, жәрдемақыларын уақтылы алып отырады. Биылғы «Ұлы Отан соғысының 70 жылдығы Жеңіс күні» қарсаңында тыл еңбеккерлеріне мерекелік медальдар, ауған соғысының интернационалист жауынгерлерін қоса есептегенде 105 дана азық түлік пакеттері үлестірілді. Және де Ұлы Отан соғысының ардагері Жакупов Қапашқа «Электросетьстрой» ЖШС-і басшысы Көшкенов 100 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық берді.     Сонымен қатар, биылғы жаңа жыл қарсаңында округ әкімдігі атынан бала кезінен мүгедек балалар, жалғыз басты зейнеткерлер мен ауыл қарттарына жаңа жылдық сыйлықтар, Ақтөбе қалалық әлеуметтік көмек орталығының ұйымдастырылуымен ең төменгі зейнетақы алатын 45 зейнеткерге азық- түлік пакеттері таратылды.

       Округ аумағында қоғамдық қауіпсіздік бойынша учаскелік полиция инспекторларының атқарған жұмысы барысында 54 қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп, оның 9-ы ашылған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекс баптарына сәйкес 131 адам әкімшілік жауапкершілікке тарту мақсатында 662 979 теңгеге айыппұл салу туралы қаулы шығарылып, оның 370 634 теңгесі өндірілді. Арнайы профилактикалық емдеу кәсіпорнына               2 маскүнем жіберіліп, оларға сауықтыру шаралары жасалды.

         Соңғы жылдары тұрғын үй салушылар есебінен қарқынды дамып келе жатқан Жаңақоныс ауылының аумағында инженерлік - коммуникациялық инфрақұрылымдарды іске қосу барысында басты проблемалардың бірі ауыз су мәселесі болатын. Сондықтан осы мәселеге көңіл бөлініп,   «Бірлік», А, В кварталдарына ауыз су беруді шешу мақсатында құны 533,8 млн теңгені құрайтын сметалық жобаға сәйкес су құбыры желісін жүргізу жұмыстарын «ЭлитстройсервисАктобе» ЖШС (басшысы Умиров Ю) аяқтап, тамыз айында пайдалануға берді. Және де ауылдың ескі бөлігіндегі су құбырына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге арналған сметалық құны 265 млн.теңгені құрайтын реконструкция жұмыстарын «Интеграл ХХІ» ЖШС (басшысы Жанғозин М.) жасады. Ауылдың Шестихатка бөлігінде орналасқан 11 үйге «Ақбұлақ» АҚ-ы ауыз су құбырын өз қаражаттарына жүргізіп берді.Сонымен қатар өткен жылы «Бірлік» кварталына мердігер мекеме «Жарикесов и К» ЖШС-і сметалық құны 184,7 млн. теңге тұратын электр жарығын жүргізу жұмыстарын жүргізді.

       Терможаңғырту бағдарламасы аясында бөлінген 18,0 млн.теңгеге Жаңақоныс ауылындағы №2 көп қабатты 83 пәтерлі үй тұрғындарына ортақ меншіктегі төбе жамылғысы, жертөледегі ыстық, салқын су, кәріз, жылу құбырлары, электр желілеріне жаңарту жұмыстарын «Техно.С» ЖШС-і (басшысы С.Сүйінтаев) сапалы, әрі уақытында жүргізіп тапсырды.

         Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы негізінде көрсетілген өкілеттіктерді ауылдық округ әкімдіктеріне кезең-кезеңмен беру жоспарланып, дамыту барысы екі кезеңге яғни 2013-2014, 2015-2020 жылдарға арналған болатын. Осы тапсырманың орындалу барысына қысқаша тоқтала кетейін.

Бірінші – ауылдар, аудандық маңызы бар қалалар деңгейлерінде жергілікті қоғамдастықтың жиналыстары мен жиындары арқылы жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуде халықтың рөлін арттыру.

-  Бұл орайда жергілікті қоғамдастықтың жиналыстары барысында ағымдағы мәселелерді талқылауға қатысу үшін жергілікті қоғамдастық жиынының мүшелігіне Жаңақоныс ауылынан 9 адам, Құрашасай ауылынан 4 адам, барлығы 13 адам мүше болып сайланды. Өткен жылы жергілікті өзін-өзі басқаруды қаржылай қолдау мақсатында «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында Новый ауылдық округі әкімдігіне 14,4 млн. теңге қаржы бөлінген болатын. Осы қаржыны жергілікті қоғамдастық жиыны мүшелерінің келісімімен Жаңақоныс ауылында қазіргі заман талабына сай спорт ойын алаңын салуға жұмсауды бірлесіп шешкен болатынбыз. Осы аталмыш спорт алаңының жер актісін алуға және сметалық құжаттарын дайындауға бюджеттен 387,5 мың теңге қаражат жұмсалып, мемлекеттік сатып алу Заңының талаптарына сай спорт ойын алаңын салуға ашық конкурс жарияланды.

         Конкурс қорытындысы бойынша 14,4 млн.теңгеге жоғарыда аталған жұмыстарды атқаруға «Новосел» ЖШС жеңімпаз болып танылып, осы мекемемен келісім шартқа отырдық.Салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін ауыл жастарының спортпен айналысуына мүмкіндік беретін көлемі 18м*30м заманауи үлгідегі жасанды жамылғы төсеніші бар шағын футбол алаңы, волейбол, баскетбол алаңдары мен жүгіру жолдары салынып, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойындарына арналған жабындысы бар столдар орнатылды, электр жарығы жүргізіліп, айналасы қоршалды. Биылғы жылы ағаштар отырғызылып,қосымша спорт және балаларға арналған қондырғылар орнатылатын болады.

             Екінші – басқарудың төменгі деңгейлерінің қаржылық дербестігін кеңейту.

         Осы мақсатта ауыл әкімдеріне жеке кіріс көздерін (ақылы қызмет көрсетуден, ерікті және нысаналы алымдар, жарнамадан, қайырымдылық қорлар мен демеушілердің жарналары, арнайы белгіленген орындардағы сауда үшін алымдар, абаттандыру қағидаларын бұзғаны, инфрақұрылым объектілері мен жасыл желектерге зақым келтіргені, белгіленбеген орындарда сауда жасағаны үшін айыппұлдар және заңнамаға қайшы келмейтін өзге көздер есебінен кірістер) қалыптастыру құқығы берілді.

         Бұған қосымша салықтың 4 түрі ауылдық округ әкімдігінің шотына аударылатын болды. Олар шағын бизнес субъектілерінен түсетін салықтар, жеке тұлғалардың мүлік салығы, автокөлік салығы және жер салығы.

Ауылдағы коммуналдық меншіктің бір бөлігі ( клубтар, кітапханалар, бала бақшалар және т.б) оларды тиімді пайдалану, жергілікті халықтың сұраныстары мен мұқтаждықтарын қанағаттандыру және қосымша кірістер алу мақсатында беру болатын болса, бұл жөнінде ауылдық округ әкімдігінің меншігіне берілетін мүліктер тізімі қалалық әкімдікте айқындалып, өткен жылы Новый, Құрашасай орта мектептері мен № 35 «Балбұлақ» бала бақшасының ғимараттары, көше аралық жолдар басқаруға берілді.

Осы жеке кіріс көздерінен, салықтан, ғимарат жалға беруден түскен қаржы қазынашылық органдарда жергілікті өзін - өзі басқарудың функцияларын іске асыруға бағытталған кірістер мен шығыстар көрсетілетін арнаулы шоттарға жинақталып, жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге жұмсалады. Қазіргі күні осы шотқа барлығы 14 188 741 теңге түсті. Оның 677,7 мың теңгесі - ғимараттарды жалға беруден, 700,1 мың теңгесі - сыртқы жарнамадан түссе, ал 12 810,9 мың теңгесі - салықтың 4 түрі бойынша Ақтөбе қалалық мәслихатының 2015 жылғы 9 қарашадағы №384 шешімінің     6 қосымшасына сәйкес трансферттелініп түсірілді. Осы жинақталған қаражаттың 30,9 мың теңгесі- жасыл желек сатып алуға және 111,1 мың теңге әкімдік жанындағы ардагерлер мен мүгедектер қоғамы кеңсесінің бөлмесін жабдықтауға жұмсалды. 2016 жылдың 1 қаңтарына шоттағы қалдық 14 046,7 мың теңгені құрайды.

2016 жылдан бастап шотқа салықтың тағы қосымша 2 түрі бойынша түсім түсірілетін болады. Олар:

-         заңды тұлғалардан алынатын, көлік құралдары мен жер салығы.

2016 жылға жоспар бойынша жоғарыда аталған 6 салық түрі бойынша түсім 29 012,0 мың теңге түседі деп күтілуде.

Новый ауылдық округі әкімдігінің 2015 жылға арналған бюджеттік бағдарламасына елді мекендердің санитариясын қамтамасыз ету, абаттандыру мен көгалдандыру және автомобиль жолдарының жұмыс істеуін қамтамасыз ету бағдарламалары кіргізіліп, қаражат бөлініп, игерілді. Атап айтатын болсақ:

-  «Елді мекендердің санитариясын қамтамасыз ету» бағдарламасы бойынша бөлінген 555,0 мың теңге қаражат «Ақжол ЛТД» ЖШС- мен келісім шартқа отырып, Жаңақоныс ауылында № 21 автобус бағытындағы жолдар жиегін кездейсоқ қоқыстардан тазарту жұмыстарына;

-  «Елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру» бағдарламасы бойынша бөлінген 370,0 мың теңге қаражаттың 346,9 мың теңгесі               «Мусин А.Б.» жеке кәсіпкермен келісім шарт негізінде әкімдік ғимараты алдына 92 шаршы метр аумаққа брусчатка төсеуге, қалған 23,1 мың теңгесіне жасыл желекетер сатып алуға;

-  «Аудандық маңызы бар қалаларда, кенттерді, ауылдарда, ауылдық округтерде автомобиль жолдарының жұмыс істеуін қамтамасыз ету» бағдарламасы бойынша бөлінген 490,0 мың теңге қаражат «Мусин А.Б.» жеке кәсіпкермен келісім шарт негізінде қолданыстағы асфальт жамылғысы бар қоғамдық көлік жүретін Алматы көшесінің 160 шаршы метр ауданына шұңқыр жұмыстарына;

-  «Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыру» бағдарламасы бойынша бөлінген 35 858,0 мың теңге қаражат «№35 «Балбұлақ» мектепке дейінгі ұйымы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнындағы балалар тәрбиесіне;

2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңының 10 бабының 1 тармақшасына сәйкес мал шаруашылығы саласында және әлеуметтік- еңбек саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарына сәйкес төмендегідей мемлекеттік қызметтер көрсетіледі:

- «Жеке қосалқы шаруашылықтың бар екендігі туралы анықтама беру» мемлекеттік қызметі 32 адамға көрсетіліп, 35 анықтама берілді;

- «Он сегіз жасқа дейінгі балаларға мемлекеттік жәрдемақы тағайындау» мемлекеттік қызметі 38 отбасына көрсетіліп- 1 319 040 мың теңге жәрдемақы тағайындалды;

- «Жергілікті өкілді органдардың шешімдері бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек тағайындау» мемлекеттік қызметі 10 мұқтаж азаматқа көрсетіліп- 507 000 теңге жәрдемақы тағайындалды.

2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап электронды құжат айналымының бірыңғай жүйесі енгізіліп, жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бірегей нөмірі бар талондар толтырылып, жүйеге енгізіліп, орындалу барысы бақыланып отырылады. Округ әкімдігінде іс-қағаздарын жүргізу, құжат айналымы, өткізілетін шаралар, жиналыстар толық мемлекеттік тілде жүргізіледі. Мемлекеттік мекемелермен хат алмасулардан түскен- 289 хат, жеке тұлғадан түскен- 48 өтініш, заңды тұлғадан- 2 өтініш тіркелді. Шығыс құжаттар саны- 772. Сонымен қатар, ауылдық округ әкімінің 109 өкімі және   2 шешім, «ҚР АШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Ақтөбе қалалық аумақытқ инспекциясы» ММ-сі ұсынысы негізінде Жаңақоныс ауылында жеке ауладан құтыру ауруының белгілері анықталуына байланысты шектеу қою туралы шешім шығарылып, кейін, арнайы толық тексеруден кейін теріс нәтижелі болуына байланысты жоғарыда аталған мекеме ұсынысымен шектеу алынып тасталынды.

Новый ауылдық округінің әкімі                                               Б.Мыңжасар

Бағдарламалар

Баннеры

030000, Қазақстан Республикасы, Ақтөбе қ., Т.Ахтанов к-сі, 50