Қазақша   Русский

RSS-лента

ЖОБА

Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы №148 «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін - өзі басқару туралы» Заңының 39-3 бабының 6 тармағына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 18 қазандағы №1106 «Бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізу үлгі қағидаларын бекіту туралы» қаулысына сәйкес, Ақтөбе қалалық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

1. Ақтөбе қаласының ауылдық округтерінде бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізу қағидалары қосымшаға сәйкес бекітілсін.

2. Осы шешім оны алғаш ресми жариялаған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Ақтөбе қалалық мәслихатының                            Ақтөбе қалалық

сессия төрағасы                                                         мәслихатының хатшысы

                                 А. Байсейітов                                                    С. Шынтасова

  

Жобаны ұсынушы:

Қала әкімі аппараты басшысының

міндетін атқарушы                                                                            С. Баекенова

                                                               Ақтөбе қалалық мәслихатының

2014 жылғы «___» « _________»

№ _____ шешіміне

ҚОСЫМША

Ақтөбе қаласының ауылдық округтерінде бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізу қағидалары

1. Жалпы ережелер

1. Осы бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізудің қағидалары «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңының 39-3 бабының 6 тармағына сәйкес әзірленді және Ақтөбе қаласының Қарғалы, Благодар, Сазды, Новый және Қурайлы ауылдық округтері бойынша ауыл, көше, көп пәтерлі тұрғын үй тұрғындарының бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізу тәртібін белгілейді.

2. Ауылдық округтердің аумағындағы ауылдың, көшенің, көп пәтерлі тұрғын үй тұрғындарының бөлек жергілікті қоғамдастық жиындары (бұдан әрі - бөлек жиын) жергілікті қоғамдастықтың жиынына қатысу үшін өкілдерді сайлау мақсатында шақырылады және өткізіледі.

2. Бөлек жиындарды өткізу

3. Ауыл, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындарының бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізуге жол беріледі және онда жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін өкілдер сайланады.

4. Бөлек жиынды ауылдық округ әкімі шақырады және ұйымдастырады.

5. Бөлек жиын өткізу үшін Ақтөбе қаласы әкімінің жергілікті қоғамдастық жиынын өткізуге оң шешімі болуы қажет.

6. Жергілікті қоғамдастық халқы бөлек жиындардың шақырылу уақыты, орны және талқыланатын мәселелері туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе өзге де тәсілдермен олар өткізілетін күнге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірілмей хабардар етіледі.

7. Бөлек жиынды ашар алдында тиісті ауылдың, көшенің, көп пәтерлі тұрғын үйдің қатысып отырған және оған қатысуға құқығы бар тұрғындарын тіркеу жүргізіледі.

8. Ауылдық округ әкімі немесе ол уәкілеттік берген тұлға бөлек жиынның төрағасы болып табылады және бөлек жиынды ашады.

9. Бөлек жиынның хаттамасын рәсімдеу үшін ашық дауыспен хатшы сайланады.

3. Жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін ауыл, көше, көп пәтерлі тұрғын үй тұрғындары өкілдерінің санын айқындау

10. Жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін ауыл, көше, көп пәтерлі тұрғын үй тұрғындары өкілдерінің кандидатураларын бөлек жиынның қатысушылары ұсынады.

11. Жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін ауыл, көше, көп пәтерлі тұрғын үй тұрғындары өкілдерінің саны тең өкілдік ету қағидаты негізінде айқындалады.

12. Жергілікті қоғамдастық жиынына қатысатын ауыл, көше, көп пәтерлі тұрғын үй тұрғындары өкілдерінің саны әр 100 тұрғыннан 1 адам санын құрайды.

13. Дауыс беру ашық түрде әрбір кандидатура бойынша дербес жүргізіледі. Бөлек жиын қатысушыларының ең көп дауыстарына ие болған кандидаттар сайланған болып есептеледі.

14. Бөлек жиында хаттама жүргізіледі, оған төраға мен хатшы қол қояды және оны тиісті ауылдық округ әкімінің аппаратына береді.

15. ҚР-ң азаматын жергілікті қоғамдастық мүшесі деп тануға жергілікті өзін-өзі басқару жүзеге асырылатын әкімшілік-аумақтық бөлініс шекарасының аумағындағы тұрғылықты жері бойынша оны тіркеу фактісі негіз болып табылады.

16. ҚР азаматтарының жергілікті қоғамдастық мүшелігіне кіруінің қандай да бір өзге де шарттарының белгіленуіне жол берілмейді.

17. Жергілікті қоғамдастық жиыны мен жергілікті қоғамдастық жиналысына кәмелетке толмаған адамдардың, сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамдардың, сондай-ақ сот үкімімен бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдардың қатысуға құқығы жоқ.

Бағдарламалар

Баннеры

030000, Қазақстан Республикасы, Ақтөбе қ., Т.Ахтанов к-сі, 50